Журналист, ұстаз, ғалым, жазушы Әбілфайыз Ыдырысовтың туғанына 90 жыл

18.11.2020

Көрулер: 1473

18.09.2020 ж. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Журналистика факультеті Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұйымдастыруымен журналист, ұстаз, ғалым, жазушы Әбілфайыз Ыдырысовтың туғанына 90 жыл толуына арналған «Бұқаралық ақпарат құралдарын және баспа өнімдерін безендіру өнерінің қазіргі мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік гибрид-онлайн конференция өтті.

Конференция басталмас бұрын сағат 10:00-де Ә.Ыдырысов атындағы оқу-өндірістік дәрісхананы ашу рәсімі болды. Шараға ректор Ғалым Мұтанов, профессордың ұлы, мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ерлан Әбілфайызұлы Ыдырысов пен қызы Құралай Әбілфайызқызы Ыдырысова және Журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубек, шәкірттері Нұртілеу Иманғалиұлы, Ырым Кененбаев, Бауыржан Жақып және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты.

Конференцияны академик, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтанов кіріспе сөзбен ашып, Әбілфайыз Ыдырысов туралы ҚазҰУ Телерадиокешені дайындаған «Ұстаз. Ғалым. Жазушы» атты портреттік деректі фильмнің үзіндісіне кезек берді.

Университеттің Жағдаяттық басқару орталығында ұйымдастырылған конференция аясында журналист, ұстаз, ғалым, жазушы Ә. Ыдырысовқа арналған кітаптардың тұсаукесері де өтті.

Баяндама жасағандардың арасында: Бауыржан Жақып, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ф.ғ.д., профессор; Әсия Бағдаулетқызы, (онлайн), журналист, кинотанушы, Лондондағы Куин Мэри университетінің түлегі, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, Ұлттық аударма бюросының Лондондағы өкілі; Роза Мұқанова (онлайн), жазушы, драматург; Ырым Кененбаев жазушы, баспагер, журналист және басқалары болды.

Конференция соңына қарай Ерлан Ыдырысов факультеттің үздік студенттеріне арнайы шәкіртақы табыстады. Шара соңында студенттер атынан Әзімбек Қойлыбай өз ризашылығын білдірді.