Күш – білімде, білім - кітапта

12.02.2021

Көрулер: 2627

2021 жылдың 12 ақпан күні «Steppe & World» баспасының негізін қалаушы Қадыр Раиса Сайранқызымен ZOOM платформасында онлайн кездесу өтті. Бұл кездесуді әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика факультеті Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы ұйымдастырды.  Кездесуге 2-3 курс студенттері, магистранттар мен оқытушылары қатысты.

 Steppe & World баспасы өз жұмысын 2018 жылы Джулия Дональдсонның «Ақын қоян» ертегісін қазақшаға аударумен бастаған екен. Баспадан келесі аударылып, шыққан кітап та Джулия Дональдсонның «Груффало» ертегісі. Бұл екі кітапты әлемнің барлық балалары тыңдап өскендіктен, қазақ баласы да бұл кітаптармен төл тілінде танысқанын қалап, осы игі бастаманы қолға алған.

Бұл кітаптардан бөлек, баспа Э.Карлдың «Қомағай жұлдызқұрт», «Анна Франктің күнделігі», Х. Элродтың «Таң шапағаты» және Ж.Роулиңнің «Хәрри Поттер» сериялық кітаптарын шығарып үлгерген.

Баспаның ең танымал кітаптарының көшін бастап тұрған Джоан Роулиңның «Хәрри Поттер» сериялық кітаптары екен. Бұл кітаптардың иллюстрациясын жасайтын Ұлыбританиялық Bloomsbury  publishing place және Jonny Duddle иллюстраторлары.

Раиса Қадыр Steppe&World баспа үйінен болашақта басылып шығатын кітаптардың 10% мотивациялық кітаптар болатынын да айтып, алдағы уақытта аударылатын кітаптардың авторлармен таныстырды.

Кездесуде Раиса Сайранқызы кітап аудару, басып шығару, оның өзіндік құнын анықтау, тәжірибелі, сауатты маман табудағы тәжіребиелерімен бөлісіп, қазақ ертегілері мен шет ел ертегілерінің ерекшеліктеріне аз-кем тоқталды. Жыл сайын Германияда өтетін Франкфурт кітап жәрменкесіндегі кітаптар жайлы айтып, қазақ жәрмеңкесімен салыстырды.

Кездесу соңында факультет ұстаздары мен студенттері баспагердің қазақ руханиятын әлем жауһарларымен толықтырудағы өлшеусіз үлесі үшін алғыс айтып, алдағы бастамаларына сәттілік тіледі. 

Назым Турмаганбетова