2.30. Академиялық адалдық ережелері
2.30.1. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқу үрдісінің негізгі қағидасы академиялық адалдық болып табылады.
2.30.2. Академиялық адалдық – бұл университет қоғамдастығының әрбір мүшесінің мінез-құлқын анықтайтын , алдау мен плагиаттан аулақ болу, академиялық стандарттарға шынайы болу, ғылыми зерттеулер мен жарияланымдардағы адалдық пен қағидаттылық сияқты принциптерді қамтитын моральдық-адамгершілік нормалардың, қағидаттар мен құндылықтардың жиынтығы.
2.30.3. Академиялық адалдық – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми-білім беру үрдісіндегі негізгі құндылық.
2.30.4. Академиялық адалдықтың қағидалары мыналар:
- адалдық – бұл білім алушылардың оқу жұмыстарының бағаланатын және бағаланбайтын түрлерін адал, лайықты орындауы;
- автордың және оның құқықтық мирасқорларының құқықтарын қорғауды жүзеге асыру – бөтен сөзді, ойды дұрыс беру және бағаланатын жұмыстарда ақпарат көздерін көрсету арқылы авторлық құқық объектісі болып табылатын туындылардың авторлығын тану және қорғау;
- ашықтық – білім алушылар мен оқытушылар арасындағы айқындылық, өзара сенім, ашық түрде ақпарат пен идея алмасу;
- білім алушылардың құқықтары мен еркіндігін құрметтеу – пікірлер мен идеяларды еркін білдіру құқығы;
- теңдік – әрбір білім алушы академиялық адалдық ережелерін сақтауды және оларды бұзғаны үшін тең жауапкершілікті қамтамасыз етеді.
2.30.5. Академиялық адалдық ережелерін жүзеге асырудың басты мақсаты – ҚазҰУ-дың университеттік қауымдастығында академиялық адалдық мәдениетін нығайту, ҚазҰУ оқытушылары, қызметкерлері және білім алушылары тарапынан академиялық адалдық нормаларын кез келген бұзушылыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыру.
2.30.6. Университет қауымдастығының әрбір мүшесі академиялық адалдық ережелерін мүлтіксіз сақтауға міндетті, сол арқылы академиялық адалдықты бұзушылықты болдырмаудың алдын алады.
2.30.7. Университет қоғамдастығы әділетсіздіктің кез келген көрінісін жоққа шығара отырып және басқа тұлғалардың зияткерлік қызметтің қандай да бір өнімін жасауға қосқан үлесін мойындай отырып, барлық оқытушылар мен білім алушылар үшін академиялық қызметтің барлық түрлерін орындауды міндетті деп таниды.
2.30.8. Негізгі құндылықтардың бірі бола отырып, академиялық адалдық елдің дамуы үшін бәсекеге қабілетті жоғары білікті кадрларды даярлау жөніндегі университет миссиясын табысты іске асыру үшін өте маңызды.
2.30.9. Академиялық адалдық қағидаттарынан кез келген ауытқу тәртіп бұзушылық ретінде емес, университет қызметінің іргелі негіздерін бұзатын теріс қылық ретінде қарастырылады, сондықтан барлық оқытушылар, қызметкерлер және университет әкімшілігінің мүшелері академиялық адалдыққа шынайы берілуді білім алушылардың бойларына дарытуға міндетті.
2.30.10. Университеттің әрбір оқытушысы мен қызметкеріне өзінің күнделікті қызметінде университеттік қоғамдастықтың әрбір мүшесінің бойында өнегелілік, адалдық, ашықтық және құрмет қағидаттарын дарыту үшін жеке моральдық-этикалық және кәсіби жауапкершілік жүктеледі.
2.30.11. Университеттің барлық оқытушылары білім алушыларды академиялық адалдық қағидаттары және академиялық мінез-құлықтың жарамсыз түрлері туралы алдын ала хабардар етуі тиіс.
2.30.12. Әрбір оқытушы өз пәнін оқыту барысында барлық білім алушылардың академиялық адалдық саясатымен танысқандарына көз жеткізуге және мүмкіндігінше білім алушылармен соған сәйкес талқылау ұйымдастыруға міндетті.
2.30.13. Білім алушылар университеттік қауымдастықтың толық құқылы мүшелері және білім беру процесінің басты қатысушылары болып табылады, сондықтан олар өз құқықтары мен міндеттерін білуге міндетті.
2.30.14. Білім алушылар ғылыми зерттеулер мен жарияланымдарға, ұжымдық жұмыстың кез келген түріндегі (емтихан, тест, бақылау жұмысы, курстық, бітіру жұмысы және т. б.) білім бақылауын өткізуге қатысты талаптарды білуге тиіс.
2.30.15. Білім алушылар академиялық адалдық тұрғысынан басқа білім алушыларға жәрдемдесудің және көмек көрсетудің орынды екенін бағалауға тиіс.
2.30.16. Білім алушылар оқу және ғылыми құжаттарды ресімдеуге қойылатын талаптарды білуге міндетті, оның ішінде пайдаланылған дереккөздерді міндетті түрде көрсету керек.
2.30.17. Білім алушылар оқу және ғылыми қызметтің барлық түрлерін орындау кезінде осы ережеде немесе оқытушылар мен ғылыми жетекшілердің нұсқауларында көзделген этикалық нормаларды ұстануға тиіс.
2.30.18. Академиялық адалдықтың кез келген бұзушылығы дереу тіркеліп, ол туралы мәліметтерді уәкілетті тұлғаларға беру керек.
2.30.19. Академиялық адалдықты бұзушылыққа мыналар жатады:
- плагиат – бөтен мәтінді, идеяларды, шынайы авторлықты көрсетпестен өзінің жеке жұмысы ретінде пайдалану (дереккөздерге сілтеме жасамай) немесе орындалған жұмыстың дербестігіне күмән келтіретіндей түрде және көлемде сілтемелері бар шеттен алынған материалдарды пайдалану. Сілтемелерді бұрмалау да плагиаттың түрі ретінде қарастырылады;
- тапсырмаларды өз бетімен орындамау – бөгде тұлғаның немесе тұлғалардың жәрдемдесуін пайдалану, ондай кезде орындалған тапсырманың дербестілігі мен бірегейлігі жоғалады, бұл осы білім алушыдан күтетін оқу нәтижелерінің қалыптасуын бағалауға мүмкіндік бермейді;
- емтихандағы әділетсіздік – емтихан тапсыру кезінде кез келген рұқсат етілмеген көмекші құралдарды пайдалану/беру (электрондық, қағаз немесе кез келген басқа тасымалдағыштардағы ақпарат), білім алушылардың коммуникацияның кез келген нысандарының көмегімен (ауызша, жазбаша, электрондық немесе кез келген басқа түрдегі) ақпаратты бір-біріне пайдалануы/беруі, басқаның жұмысынан көшіру, емтихан нәтижелерін жақсарту мақсатында көмек алу/көрсету, емтихан сұрақтары мен тапсырмаларына рұқсат етілмейтін қолжетімділікті алу/беру, қалаған бағаны алу мақсатында емтихан жұмысы туралы мәліметтерді емтихан комиссиясының мүшелеріне беру және нақты білім алушыда қалыптасқан нақты оқу нәтижелерін объективті бағалауға кедергі жасау мақсатындағы кез келген басқа да әрекеттер;
- жалғандық жасау – басқа адамнан немесе ұйымнан өз жұмысы ретінде алынған не сатып алынған дайын бөтен жұмысты ұсыну, сондай-ақ оның негізінде оқыту нәтижелерін бағалау жүзеге асырылатын материал ретінде өз жұмысын басқа адамға саналы түрде беру. Емтихан кезінде емтиханнан өтетін білім алушының орнына жалған адамның болуы да жалғандық жасау болып саналады;
- басқа пән бойынша баға алу үшін бір оқу пәнін меңгеру барысында орындалған жұмысты қайта пайдалану;
- деректерге фабрикация жасау – оқу немесе ғылыми жұмыста кез келген ақпаратты немесе дәйексөзді пайдалану кезінде бұрмалау, жалған айту яки ойдан шығару. Ойдан шығарылған дереккөздерді, қисынсыз сәйкеспейтін дәйексөздерді, сандық немесе өзге де деректерді қолдан жасауды және т. б. қамтиды;
- басқа тұлғалардың (білім алушылардың немесе оқытушылардың) академиялық қызметіне қасақана қарсы іс-қимыл – басқа адамдардың қажетті ресурстарға немесе дереккөздерге қол жеткізуіне кедергі келтіретін не олардың табысты қызметіне тікелей залал келтіретін іс-әрекеттер. Оған зертханалық эксперименттер мен зерттеулерге орынсыз араласу, жалған ақпарат беру, бірлескен жобаларды қоса алғанда, оқу/жұмыс бойынша әріптестерді саналы түрде жаңылыстыруға әкелу, топтық жұмысқа кедергі жасау, кітапхана ресурстарына қол жеткізуді шектеу, компьютерлік файлдарды өзгерту немесе жою және т. б. жатады;
- пара, сыйлықтар немесе қысым көрсету – білім алушыларға, оқытушыларға және қызметкерлерге осылай ықпал етудің кез келген түрін кез келген академиялық қызметті бағалау нәтижелеріне ықпал ету мақсатында кез келген нысанда пайдалануға тыйым салынады;
- академиялық мінез-құлықтың үйлесімсіз басқа да түрлері – тәртіптілік, адалдық, өнегелілік, ашықтық және құрмет қағидаттарына қайшы келетін және академиялық қызметте алдау, бұрмалау және басқа адамның құқықтарының бұзылуы ретінде бағаланатын мінез-құлықтың кез келген басқа түрлері.
2.30.20. Бұл Ережелер білім алушылар, оқытушылар немесе университет қызметкерлері тарапынан академиялық адалдықтың кез келген бұзушылығына қатысты қолданылады.
2.30.21. Академиялық және академиялық емес мінез-құлық нормаларын бұзу орын алған жағдайда, бір мезгілде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы және қызметкерінің Корпоративтік мәдениет кодексі немесе әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студентінің Ар-намыс кодексі Ережелері мен нормалары қолданылады.
2.30.22. Академиялық адалдық қағидаларын қасақана бұзудан гөрі, ықтиярсыз қате ретінде сараланатын қандай да бір пәнді оқу шеңберінде білім алушылар тарапынан жол берілген академиялық адалдықты бұзуды тіркеген оқытушы білім алушыға тапсырманы қайта тапсыруға немесе осы курс шеңберінде жұмысты қайта орындауға мүмкіндік бере алады. Дегенмен егер бұл пәннің академиялық саясатында жазылса, ол осы тапсырманы немесе жұмысты қанағаттанарлықсыз бағаға бағалауға құқылы.
2.30.23. Жасанды іс болған жағдайда, қанағаттанарлықсыз баға өз жұмысын басқа тұлғаға пән бойынша баға алу үшін ұсынған білім алушыға да қойылуы тиіс.
2.30.24. Кез келген жағдайда білім алушы тарапынан академиялық адалдықты бұзушылықты тіркеген оқытушы факультет деканына этика жөніндегі факультет комиссиясының отырысында қарау үшін тиісті баянат(рапорт) беруге міндетті.
2.30.25. Емтихан кезінде білім алушылардың жіберетін академиялық адалдықтың барлық бұзушылықтары, сондай-ақ қорытынды бақылау өткізу ережелерін бұзуы (емтихан аудиториясына рұқсат етілмеген қосымша құралдарды, сондай-ақ ұялы телефондарды алып кіру, оларды пайдаланбаған жағдайда да) уәкілетті тұлғалар (кезекші оқытушылар, емтихан немесе мониторингтік комиссия мүшелері) тіркейді және әдетте қорытынды бақылау өткізу ережесіне сәйкес пән бойынша қанағаттанарлықсыз қорытынды баға қоюға әкеледі.
2.30.26. Емтихан кезінде академиялық адалдықты қайталап бұзу білім алушыны университеттен шығаруға негіз болып табылады
2.30.27. Білім алушылар жіберетін академиялық адалдықтың барлық бұзушылықтары этика жөніндегі факультет комиссиясының отырыстарында қаралады.
2.30.28. Академиялық адалдық қағидалары мен қорытынды бақылауды өткізу ережелерінің талаптары туралы білім алушының хабардар болмауы тәртіптік жазаның күшін жоюдың негізі ретінде декларациялануы мүмкін емес, өйткені академиялық адалдық қағидаларын білу және оларға шынайы берілу әрбір білім алушының негізгі міндеті болып табылады.
2.30.29. Білім алушы тарапынан академиялық адалдықты бұзудың анықталған фактілері туралы мәліметтер оның транскриптіне енгізіледі және ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан басқа жоғары оқу орнына ауыстырылған жағдайда сол оқу орнына міндетті түрде берілуі тиіс.
2.30.30. Академиялық әділетсіздік және лайықсыз академиялық мінез-құлық көріністеріне тап болған оқытушылар, қызметкерлер және білім алушылар тиісінше факультет басшысының атына бұзушылық фактілерін егжей-тегжейлі баяндай отырып, негізделген өтініш береді.
2.30.31. Факультет деканы өтінішті қарауға және этика бойынша факультеттік комиссияда оқиғаны талқылауды ұйымдастыруға міндетті.
2.30.32. Этика жөніндегі комиссия тәртіп бұзушылықтың ауырлық дәрежесіне байланысты, білім алушыны оқудан шығаруға, оқытушымен немесе қызметкермен еңбек шартын бұзуға дейін қолданылатын тәртіптік жаза түрі туралы негізделген ұсыныс шығаруға уәкілетті.
2.30.33. Факультет басшылығының, университеттің құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері мен басшыларының лайықсыз академиялық тәртібі туралы мәлімдемелерді жетекшілік ететін проректорлар және Этика жөніндегі Жалпыуниверситеттік комиссия қарайды.
2.30.34. Академиялық адалдықтың бұзылуы туралы мәселесі қаралатын кез келген адамның тиісті дәлелдемелер болған жағдайда, оның ішінде куәларды тарта отырып, өзінің бұзушылыққа қатыстылығын дәлелдеуге құқығы бар.
2.30.35. Академиялық адалдықты бұзғаны үшін тәртіптік жаза университет ректорының бұйрығымен ресімделеді.
2.30.36. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың білім алушылары, оқытушылары және қызметкерлері университет қоғамдастығында академиялық адалдықтың бұзылу көріністеріне барынша кедергі жасауға міндетті.
2.30.37. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушылары мен қызметкерлері академиялық адалдықтың бұзылу ықтималдығының туындау жағдайларын азайту мақсатында білім беру процесін жүзеге асыру тетіктерін үнемі жетілдіруге тиіс.
2.30.38. Академиялық адалдықты бұзғаны үшін университеттен шығарылған білім алушылар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ білім алушыларының контингентіне қайта қабылданбайды.
2.30.39. Лайықсыз академиялық мінез-құлқы себебінен еңбек шарты бұзылған оқытушылар мен қызметкерлер университетке қайтадан алынбайды.