«Қазақстан-Заман» газеті Шығыстану факультетінде қонақта

«Қазақстан-Заман» газеті Шығыстану факультетінде қонақта

17 қараша күні Түріктану және Шығыс елдері тарихы кафедрасының ұйымдастыруымен халықаралық қоғамдық-саяси, танымдық «Қазақстан-Заман» газеті ұжымымен кездесу ұйымдастырды. Газет ұжымын «Қазақстан-Заман» ЖШС-нің Бас директоры Ахмет Аляз бастап келді, құрамында Бас редактор Ертай Айғалиұлы, журналистер Шаяхмет Құсайынұлы және Сандуғаш Серікқали бар. Кездесуді факультет деканы, т.ғ.д., профессор Алдабек Нұржамал Әбдіразаққызы ашып, Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастар және екі ел арасындағы байланыстардың күшеюіне «Қазақстан-Заман» газетінің қосып отырған үлесі туралы әңгімеледі. Сөйтіп, студенттерге осы газеттің ұжымын таныстырып, сөз кезегін Ахмет Алязға берді. Ахмет Аляз - ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің түлегі. Қазақшаға судай Ахмет мырза Түркия мен Қазақстан арасындағы тығыз байланыстардың негізгі стратегиясы туралы әңгімелей отырып, өзінің екі елдің президенттерімен кездесіп, сұхбат алғандағы олардың көрегендік саясаттарын ерекше атап өтті. Айрықша, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жүргізіп отырған саясаттың әмбебаптығы, оның жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауы, Елбасымен болған тікелей сұхбат кезіндегі көкейтесті мәселелерді бір саралап өтті. Сөз кезегін алған Ертай Айғалиұлы «Қазақстан-Заман» газеті турасында сөз қозғап, газет ұжымы Қазақстанның түкпір-түкпіріне барып, халықпен кездесу ұйымдастырып жүргендерін, қазақ-түрік байланыстарының барлық саласын оқырманға жеткізіп жүргендіктерін мақтанышпен атап өтті. Ал, ақын Шаяхмет Құсайынұлы жастарға жырдан шашу шашып, бірнеше өлеңін оқыды.

Кездесу кезінде студенттер Қазақстан мен Түркия арасындағы саяси-экономикалық, мәдени-әдеби байланыстар туралы қонақтарға сұрақтартар қойып, тұщымды жауаптар алды. Түріктану және Шығыс елдері тарихы кафедрасының студенттері қонақтарға арналған концерттік бағдарламаларын ұсынып, бір желпіндіріп тастады. Ал қонақтар өз кезегінде талантты студенттерге әкелген сыйларын табыс етті. Кешті қорытындылаған түріктану және Шығыс елдері тарихы кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.д., проф. Авакова Раушан Әмірдінқызы қонақтарға рахмет айтып, кафедрамен газет арасында тығыз байланыс орнайтынын атап өтті.