1.2. ҚазҰУ тарихы
1934 жылғы 15 қаңтар – КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің және БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің қаулысымен педагогикалық институт негізінде құрылған Қазақ мемлекеттік университетінің (ҚазМУ) ресми ашылу күні. Сол жылдың 2 желтоқсанында ҚазМУ-ге белгілі кеңестік партия және мемлекет қайраткері С. М. Кировтың есімі берілді.
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін университеттің маңызды міндеті жаңа жолды таңдау болды. ҚазМУ дамуының бас векторы ретінде әлемдік білім беру жүйесіне біртіндеп ілгерілеуді, мамандарды даярлаудың халықаралық стандарттарына көшуді анықтады. Сол жылы ұлы ойшыл Әбу Наср ибн әл-Фарабидің есімі берілген университет мәртебесі айтарлықтай өзгерді.
1993 жылдың 9 қаңтарында ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің мәртебесі туралы» арнайы қаулысымен университетке автономды мемлекеттік жоғары оқу орны мәртебесі берілді және ол әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті болып өзгертілді.
2000 жылдың 25 шілдесінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен дербес мемлекеттік жоғары оқу орны ретінде «Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының ерекше мәртебесі туралы ереже бекітілді. Ал 2001 жылдың 5 шілдесінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында алғашқы болып ұлттық университет ерекше мәртебесі берілді.
2006 жылы ҚазҰУ сапа саласындағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты атанған мемлекет тарихындағы бірінші жоғары оқу орны болды.
Бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – жаңа білім, озық идеялар мен технологиялар жинақталатын ірі ғылыми-білім беру және инновациялық орталық. Университет үшін басты бағдар Ел Президентінің Жолдауында қойылған міндеттер болып табылады: әлемнің үздік жоғары оқу орындарының рейтингісіне кіру, инновациялық қызметті жүзеге асыру және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізу.
Әлемдік деңгейдегі заманауи университет Орта Азия аймағындағы жоғары білім беру жүйесін дамытудың жетекші ғылыми-әдістемелік, зерттеу орталығы болып табылады.
Университеттердің QS World University Rankings халықаралық рейтингісінде ҚазҰУ әлемнің 800 үздік жоғары оқу орындарының арасында 220-орынды иеленсе, 2018 жылы еліміздің жоғары оқу орындарының ішінде бірінші болып білім беру қызметтерін ұсыну, ғылыми – инновациялық қызмет және академиялық бедел деңгейі бойынша QS STARS – 4 жұлдызға ие болды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ - Біріккен Ұлттар Ұйымының «Академиялық ықпал» (Academic Impact) бағдарламасына қабылданған Қазақстандағы жалғыз университет және 2020 жылға дейін осы бағдарламаның Орталық Азиядағы хабы болып табылады.