Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ) - Қазақстанның жетекші жоғары оқу орны

 Quacquarelli Symonds (QS) беделді рейтинг агенттігі QS World University Rankings 2021 жоғары оқу орындарының жыл сайынғы рейтингісінің нәтижелерін жариялады. Рейтингке Қазақстанның 10 университеті кірді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 165 орынға ие болып, ең үздік нәтижені көрсетті. Университет 2015 жылдан бастап өз көрсеткіштерін жақсартып келеді және биыл алғаш рет рейтинг кестесінде жылына 42 позицияға жоғары көтеріліп, әлемнің үздік 200 жоғары оқу орындарының қатарына қосылды. ЖОО-ның баспасөз хатшысы Дәурен Дүйсебаев атап өткендей, посткеңестік кеңістікте бұл топқа тек екі университет – Ломоносов атындағы ММУ және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кірді. Әлемнің жоғары білім беру тарихында бұрын-соңды болмаған қарқынды динамиканы көрсете отырып, тоғыз жыл ішінде университет 500 орынға алға жылжыды. Әлемдік рейтингте мұндай қысқа мерзім ішіндегі ілгерілеу шетелдік сарапшылардың назарын аударды, және де олар бұл серпінді "феномен" деп атаған. Халықаралық академиялық ортада мұны жоғары оқу орнының қарқынды дамуының жарқын мысалы ретінде белсенді талқылауда, көптеген шетел университеттерінің өкілдері ҚазҰУ-дың оң тәжірибесін алуда.

 QS World University Rankings рейтингісіне әлемнің мыңдаған үздік университеттері кіреді. Рейтингті құру кезінде алты көрсеткіш ескерілді: академиялық бедел, жұмыс берушілер арасындағы бедел, дәйексөз индексі, студенттер мен оқытушылардың арақатынасы, халықаралық қызметкерлердің үлесі және шетелдік студенттердің үлесі. Техника ғылымдарының докторы, профессор және Дүниежүзілік өнер және Ғылым Академиясының (The World Academy of Art and Science) мүшесі, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Мұтанов Ғалымқайыр Мұтанұлының басшылығымен, үздік мамандар тобы жаңа тәсілдерді еңгізу және жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін белсенді жұмыс жасады. Рейтингте білім мен ғылымның жаңа деңгейіне көшуге ықпал ететін ҚазҰУ-дағы кешенді құрылымдық жаңғырту ерекше атап өтілген. Сонымен қатар жетекші шетелдік университеттермен бірге қос диплом бағдарламалары және ағылшын тіліндегі білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда. Осы бағдарламаның арқасында соңғы жылы шетелдік студенттер саны 15 есеге артты. Бұдан бөлек университетте ғылыми-білім беру орталықтары ашылған, нәтижесінде ғылыми жобалар саны 2,5 еседен астам ұлғайды.

 Қазақ ұлттық университетінің әлемдік білім беру-ғылыми кеңістіктегі жоғары деңгейін басқа да халықаралық рейтингтік агенттіктер растайды. ҚазҰУ әлемнің ең экологиялық топ-200 және технологиялық дамыған топ-50 жоғары оқу орындарының қатарына кіреді. Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік палатасының "АА+" жоғары бағасын алып, Қазақстан Университеті Еуропаның жетекші жоғары оқу орындарымен бір қатарда тұр.

 Осылайша Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2020 жылға қарай ең аз дегенде екі қазақстандық ЖОО-ның әлемнің үздік топ-200 университеттерінің қатарына кіруі жөніндегі ҚР білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына енгізілген тапсырмасын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті сәтті орындады да әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігіндегі жоғары деңгейге сәйкестігін растады.

Басылым күні :  28.10.2020