Сұхбат

ТӨРТІНШІ БИЛІК ӨКІЛІ

Белгілі ағылшын публицисті Томас Карлейль журналистерді «төртінші билік өкілі» деп атады. Бұл сөз журналистердің қоғамдағы орнын, ел алдындағы жауапкершілігін айғақтап тұр. Бірақ осы дәрежеге сай болу барлық БАҚ өкілдерінің қолынан келе бермейді. Себебі бұл үшін қоғамдағы түйткілдермен күресіп қана қоймай, халықтың оң бағасын алу парыз.

 

Жақында халық арасында сауалнама алып жүргенімізде көрерменнің «Қарекет» бағдарламасын үзбей көретінін байқадық. Бір қызығы үлкен кісілердің де, жастардың да «Қарекетке» қызығушылығы жоғары. Еске алар болсақ, осыдан жеті жыл бұрын «Айтуға оңай» деген атпен жарыққа шыққан әлеуметтік ток-шоудың жалғасы ретінде «Қарекет» бағдарламасы қалың көрерменге ұсынылды. Бағдарламаның негізгі тірегі - адам тағдыры. Осыдан болар жеті жыл ішінде қаншама адамға көмек көрсетілді, қарапайым халықтың мұң-мұқтажы талқыланып, қарекет жасалды.

 

Сөз басында «журналистке халықтың оң бағасын алу парыз» деп бекер жазбаған едік. Жоғарыда айтқан қос бағдарламаның авторы әрі жүргізушісі Бейсен Құранбек халықтың оң бағасын алып жүрген журналистердің бірі деп ауыз толтыра айта аламыз. Оның өткен жылы «Тұмар» телевизиялық бәйгесінің екі бірдей жүлдесін алғаны да бекер емес. Бұл жүлделер халықтың ыстық ықыласы мен кең пейілінің арқасында деп білеміз. Бүгінде Бейсен Құранбектің журналистика саласында адал қызмет етіп жүргеніне біраз жылдың жүзі болыпты.

 

 

Бейсен аға, журналистика мамандығын таңдауыңыздың сыры неде?

 

Мен жиырма жастан асқанда журналист боламын деп шештім. Шындығын айтқанда спорт журналисті болуды армандадым. Сол кезде мықты журналистерді тәрбиелеп шығаратын оқу орны біздің КазГу, яғни бүгінгі Қазақ Ұлттық университеті болатын. Сондықтан дәл осы оқу орнына түсу мен үшін үлкен бақыт еді. Отыз жыл бұрын ҚазҰУ Қазақстандағы ең мықты, беделді әрі абыройлы университет саналатын. Бірақ мен мектепті бітіргеннен кейін оқуға түсе алмай, әскерге кеттім. Әскерден оралғаннан кейін жиырма үшке аттаған шағымда КазГу-ге қайтсем де түсемін деп, тиянақты дайындалып бардым. Бағыма орай бір барғаннан оқуға қабылдандым. Бүгінгі күні дәл осы оқу орнын бітіргенімді, мықты ұстаздардан тәлім алғанымды мақтан тұтамын.

 

Қандай ұстаздардан тәлім алдыңыз?

 

Мен оқуға түскен жылы Амантай Шәріп ағамыз біздің куратор болды. Бауыржан Омаров, Бауыржан Жақып ағайлардан тәлім алдық, Қожакеевтің алдын көрдік, ол кісінің таяғын да талай жедік. Және де Зейнолла Қабдоловтың дәрістерін тыңдап, сабақтарына қатысқанымды өзім үшін үлкен олжа деп санаймын.

 

Студенттік өмірді сағынатын сәттеріңіз болатын шығар?

 

Мен бірінші курстан бастап жұмыс жасай бастадым. Сол кездегі «Спорт» газетінде журналист болып істедім. Уақытым тығыз еді: сабаққа барамын, содан жұмысқа жүгіремін, кешке таман спорт залда жаттығу жасамйын. Студент болып, кино немесе театрға баратындай, саябақта серуендейтіндей уақытым болмапты. Сондықтан студенттік өмірді сағынамын деп айта алмаймын. Бірақ сол бір жастық шақтың алаңсыз кездері әрдайым есімде.

 

Әр заманның өз өрнегі болады. Сіздің кезде жас студенттер басқа еді. Ал бүгінгі жас буынға көңіліңіз толады ма?

 

Бгінгі күні студенттердің қалай уақыт өткізетінін, қалай оқитындарын көп біле бермеймін. Біздің кезде романтика, еркіндік көбірек еді. Қазір қиындығы, талабы бар деп көп естимін, бірақ талап болған жерде нәтиже де болады. Әр заманың ережесі, қалыптасқан үрдістері бар. Менің өз заманыма ешқандай да өкпем жоқ, қазіргі студенттер де өкпелемейді деп ойлаймын.

 

Биыл өзіңіз түлеп ұшқан Қазақ Ұлттық университетінің 85 жылдығы тойланып жатыр. Қара шаңырақ сіз сияқты түлектерімен мақтанады. Ал сіз КазҰУ-ды бітірмесеңіз бүгінгідей болар ма едіңіз?

 

Әрине, мен Қазақ Ұлттық университетінде оқымасам, сондағы ұстаздарымнан тәлім алмасам, өмір жолындағы, еңбек жолындағы ұстаздарымды кездестірмесем, бүгінгі деңгейге жетпес едім деп ойлаймын. Таңдағам саламда бір кішкентай жетістікке жетсем, ол біріншіден өзім бітірген Қазақ Ұлттық Университетінің, дәріс алған, газетте немесе телевизия саласында маған жол көрсеткен, ақыл-кеңестерін аямаған ұстаздарымның еңбегі. Оларға деген алғысым шексіз!

 

Бейсен Құранбекпен сұхбаттасып отырып, түсінгеніміз - әр жетістіктің артында үлкен еңбек жатыр. «Ақыл, еңбек, терең ой» , - деп Хакім Абай бекер айтпаса керек. «Қызығы мен қиындығы» қатар жүретін журналистика мамандығын таңдағандарға үлкен жауапкершілік артылады. Сол жауапкершілік жүгін сүйреп, халықтың оң бағасын алу үшін еңбектің, тиянақтылықтың, мамандыққа деген сүйіспеншіліктің маңызы зор.

 

 

 

 

 

 

Лаура Қуандыққызы Күзенова, журналист, «Ақ босаға» газеті, ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің 2004-2008 ж.ж. оқыған түлегі:

 

«Үйренерім әлі де көп»

 

Лаура, сіздің қара шаңырақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін таңдауыңызға не себеп болды?

–       Мен мұғалімдер әулетінде дүниеге келгенмін. Атам Жадырасын ұзақ жылдар мектеп ұжымын басқарған, үлкен қызметте болған білімді жан. Әжем Рсалдының да зейнетке шыққанша 12 бала тәрбиелей жүріп, ұстаздықты қатар алып жүргенін көзім көрді. Әкем Қуандық білімді, үнемі газет-журнал жаздырып алып оқып жүретін кісі. Анам Тынымкүл қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Қызылорда облысындағы №118 орта мектебінде көп жылдар директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді. Өз саласының озық ойлы маманы, ортада сыйлы болып, зейнетке шықты. Әпкелерім, ағам мен сіңлім, жеңгем де әулеттің жақсы дәстүрінен алыс кетпей, мұғалім болып, шәкірт тәрбиелеп келеді. Нағашы ағам Әмит Жаңабаев Жазушылар Одағының мүшесі, бірнеше кітаптың авторы, облыстық, республикалық газет-журналдардың тұрақты авторы. Осындай әулеттен шығып, көріп өскен мен де жазудың ауылынан алыс кетпедім. Анам бала күннен кітап, газет-журнал оқуға баулыды. Көркем сөз оқу жарыстарына, пәндік олимпиадаларға қатысып, ғылыми жоба жазып, қорғадым. Жазғандарымды түзеп-күзеп, аудандық «Жалағаш жаршысы», облыстық «Сыр бойы» газеттері жариялап, қуантып қоюшы еді. "Ақмешіт апталығы" газетінің бас редакторы Ә.Бәймен ағаның штаттан тыс куәлігін табыстағанын ұмытқан емеспін. Филолог Алдажар Әбілов ағаның журналистика саласына бағыттап, жол сілтегені де мен үшін құнды естелік. Осылайша, 2004 жылы мектеп бітіріп, Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне грантпен оқуға түсу бақыты бұйырды. Әлбетте, бұл қуанышыма әулетіммен қоса, білім алған мектебімнің ұжымы, туған жерім Қызылорда облысы «Таң» ауылының тұрғындары да шын қуанды.

 

– Студенттік жылдарыңыздағы естеліктермен бөліссеңіз

–       Біздің студент атануымыз бен ҚазҰУ-дың 70 жылдық мерейтойы тұспа-тұс келген еді. Жаңа оқу жылын сол уақыттағы президентіміз Н.Назарбаевты қарсы алумен бастағанымыз естен кетпес, сірә. Ақын, ф.ғ.д, профессор Бауыржан Жақып ағай – декан, Жидегүл Әбдіжәділқызы кураторымыз болып, мемлекеттік грант иегерлері бір топқа жиналдық. Журналистика факульетіне оқуға түсетіндер тегін адам болмаса керек-ті. Көбі екі ауыз сөзді өлеңдетіп жеткізіп, кейбірі кітап шығарып, факультетте тұсаукесерін жасады. Шәкірттерінің талантын таныған ұстаздар бетінен қақпай, белін буып, көтермелеп жүретін-ді. Ұстазымыз Сағатбек Медеубекұлының жетекшілігімен «Жасын» газетін шығарып, шеберлік шыңдадық. Сол ұядан түлеп ұшқан Мұрат Есжан, Қанат Әбілқайыр, Арман Әубәкір, Ұшқын Сайдырахман, Нұрболат Аманжол, Еркін Шәкірұлы, Елдос Өмірзақұлы, Нұрмұхамед Мамырбеков, Қуаныш Нұрданбекұлы, Әйгерім Асқарқызы, Динара Ізтілеу, Мақпал Құрбанқызы, Ақбота Нұрбатырқызы, Құралай Раисова, Аида Хаметжанова сынды группаластарым өз саласының мықтылары бүгінде. Жыл сайын 17-желтоқсанда Алматы қаласында жан-жақтан жиналып, бас қосатын әдемі дәстүріміз бар. Диплом алғанымызға 11 жыл өтсе де, айтылар әңгімеміз сарқылған емес. Достығымызға сызат түспеді, шүкір.

–       Биіктен көрініп жүрген осындай шәкірттердің ұстаздары да осал болмағаны шығар. Үлгі тұтқан ұстазыңыз кім еді?

–       Адамгершілігі мол, журналистік, жазушылық шеберлігіне тәнті болатын ұстаздарымыз көп. Жазушы Кәкен Қамзин ағайды көп студенттер үлгі тұтты. Дәмегүл Баялиева, Клара Қабылғазина, Римма Жақсылықова, Орынтай Ошанова, Гүлмира Сұлтанбаева сынды ізденімпаз апайларыммен сәлеміміз түзу, көрген жерде жағдай сұрап, жақсы ниетте екенімізді білдіріп отырамыз. Ақын Бекжан Әшірбаев, марқұм Асқар Егеубаев ағайлардың әлі күнге мен үшін орны ерекше.

– Журналистика саласына бет бұрып, жұмыс істеп жүргеніңізге биыл 15 жылға жуықтапты. Осы жылдар ішінде өміріңізде қандай оң өзгерістер болды?

–       Бұл салада жүру адамға сауатты жазу мен сауатты сөйлеуді үйретеді. Ұжыммен тіл табысып жұмыс істеу, адаммен дұрыс сөйлесу, мәмілеге келу секілді тамаша қасиеттерді жылдар бойы үйренесің. Бойына асыл қасиеттерді жиған жандармен әріптес, сапарлас, сұқбаттас бола жүріп, көп жақсы қасиеттерін үйрене алдым деп есептеймін. Бүгінде біреуге сіңлі, енді біріне әпке болар жасқа келіп қалыппын.

 

Алғаш еңбек жолымды республикалық отбасылық «Ақ босаға» газетінен бастаған едім. «Дарабоз» ерлер журналына да өз қолтаңбамды қалдырдым. Бірнеше телеарна мен радиодан тәжірибе жинақтап, «Мир» телеарнасында жұмыс істедім. Қазір алғаш мақала жазудың қыр-сырын үйреткен ұжымым «Ақ босаға» газетінде еңбек етемін. Бас редактор Шолпан Ұғыбайқызы мен жауапты хатшы Шалқар Әбілдаева әпкелерімнен әлі күнге үйренерім көп. Қаншама жыл газет шығаруға атсалысып, қолымнан қаламым түспесе де, өзімді журналистпін деуге ұяламын. Өйткені білгенімнен білмейтінімнің көп екенін түсінемін. Күн сайын өзіңді дамытып отыруың – қажеттілік.

– Лаура, үш баланың анасы екенсіз. Бала тәрбиесінде қандай ұстанымыңыз бар?

– Бала тәрбиесін мен өмірлік серігімді таңдаудан бастадым десем жөн болар (жымиып қойды). Жолдасым Ринатпен телеарнада жұмыс істеп жүргенімде танысқанмын. Жақсы әдеттерді бойына жиған, бауырмал, білімді жан. Жақсы жар, жақсы әке болатынына сол кезде-ақ сенген едім. Отбасылық өмірді бірге бастағанымызға биыл 8 жыл толыпты. Екі ұл, бір қыз өсіріп отырған әке мен анамыз. «Бала айтқаныңды емес, көргенін істейді» дейді емес пе. Өзімізді де бала өскен сайын тәрбиелеп жүрміз, жауапкершілігіміздің зор екенін түсінсем, кейде уайымға да беріліп кететінім бар. Балаларымыз бойына сіңіруге тиісті тәрбие мен білімнің біреуі ақсап қалмай, қатар бере білсек деген мақсаттамыз. Жұмысбастылық, оның үстіне Алматының жолы уақытыңды жұтып қоятынын ескерсем, балаларыма арналатын уақытым аздау екенін мойындаймын. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін демалыс күндері отбасылық демалыс жасап, төрт көзіміз түгел серуендеуге тырысамыз.

– Сіздің ойыңызша заманауи қазақ әйелі қандай болуы керек?

–       Қазір білімді, білікті, иманды қазақтың қыз-келіншектерінің көптігі қуантады. Өзі іскер, қоғамдық жұмыстарға атсалыса жүріп, бесік тербетіп, бала тәрбиелеп, күйеуі мен әулетінің көңілін таба білетін, салт-дәстүрін ардақтап, ар-намысын таптатпайтын қыз-келіншектерді нағыз заманауи әйел деп түсінемін.

–       Жас журналистерге, жалпы жастарға қандай кеңес айтасыз?

–       Жұмыс бабына байланысты студент жастармен кездесуде болдым, семинарда жолығып, пікірлес болдық. Олардың білуге құштарлығы, кітап оқуға ынтасын байқадым. Өзіндік ой-пікірлерін тыңдап, қуандым. Білім алуға ұмтылған жастарды жақсы бағалаймын. Ақыл айтудан аулақпын. Журналистің шеберлігі жазумен шыңдалады. Көру, тыңдау, ой түю, қорыту. Алғаш жұмысқа орналасқанымда ардагер журналист Шолпан Ұғыбайқызы: «Ешқашан қызметің мен мамандығыңды алға тартып, жеке басыңның жұмысын бітіруге тырыспа» деген апалық ақылын айтқан еді. Қазір бұл сөз үнемі жадымда тұрады. Біреудің ар-намысына тиіп, жеке басын төмендетіп, рейтинг қуып, танымал болуды мақсат тұтқан емеспін. Әр сөздің салмағы бар, жауап берер сәт туғанда өкініп қалмасақ екен.

 

СПОРТ ЖУРНАЛИСТИКАСЫНЫҢ СЫРБАЗЫ

 

Қазақ Ұлттық Университеті 85 жылдың ішінде қаншама түлекті ұшырды. Қара шаңырақтан ұшып шыққан түлектердің алды елге белгілі қоғам қайраткерлері атанса, енді бірі шет елдерде өз саласының майталмандары атанып жүр. Соның бірі Руслан Меделбек. Рулсан қара шаңырақтың журналистика факульттетінің бакалаврын 2008 жылы, ал 2012 жылдан бастап магистратурасында оқыған. Бүгінгі күні Руслан Прага қаласында тұрады. Артынан ерген іні-қарындастарына қандай ақыл-кеңес берер деп сұхбаттасқан едік.

–Ең алғаш рет шет елге шыққан кезінің есініңізде ме?

–Ең алғаш рет 2011 жылы өз қаражатыммен Париж қаласына бардым. Сол сапарым менің ең алғашқы шетелдегі сапарым болды. Оған дейін Кипрге, Қытайға да бардым, алайда ол менің оқушы кезінде барған сапарым еді. Париж қаласында жиырма күндей болдым. Сол сапардан кейін менің саяхаттауға деген құштарлығым оянды. Кейіннен басқа да мемлекеттерге саяхаттағым келіп, алдыма армандар мен мақсаттар қоя бастадым.

–Сізді шет тілін тез меңгерді дейді. Тіл үйрену құпиясымен бөліссеңіз...

–Шет елде жүрген кезде тілден қиналып қалған кездер де болды. Сондықтан дереу тілді үйренуді бастадым. 2011 жылы Парижден қайтып келгеннен кейін, шәкіртақымның бір бөлігін тіл үйренуге жібердім. Аптасына үш реттен, түске дейінгі курстарға барып жүрдім. Курстарды үзбеуге тырыстым және курста берген тапсырамларды орындап, қосымша тапсырма алып дайындалып жүрдім. Жалпы тілді оқуға екі-үш жыл көлемінде оқыдым. Мен өзімді ағылшын тілін білемін деп айта алмаймын, тек ағылшын тілінде сөйлей аламын деп есептеймін. Мен дәл қазіргі уақытта тек қазақ және ағылшын тілдерін білемін. Себебі қазақ тілі менің туған тілім, ал ағылшын тілінде сөйлей аламын.


 

–Болашақтағы жоспарларыңызбен бөлессеңіз...

– Болашақта журналистика саласы бойынша ары қарай білімімді дамытқым келеді. Жаңа трендтерді, жаңа стандарттарды үйренгім келеді. Болшақта тағы бір тілді үйренгім келеді. Алайда нақты қай тілді үйрегетінімді шешкен жоқпын.

–Әлеуметтік желіңізге бала кезде география мен журналистика саланының бірін таңдауда жүрген кезім деп бір суретті жариялаған екенсіз. Ал қазіргі журналистика саласына келуге кім себепкер болды?

–Журналистика саласына келуіме бала кезден әдеби кітаптарды көп оқуым себеп болған сияқты. Бала кезден кітаптарды таңдауға атам Меделбек көмектесетін еді. Кей түсінбеген кітаптардың мазмұнын, ертегілер айтып беретін. Бала кезден ертегілерге көп құмар болдым. Ертегі кітаптарды жинауға тырысатынмын. Ауылда кімнің үйінде қандай кітаптар бар, сол кітаптармен қатар кітапханадағы кітаптарды алып оқитынмын. Қазір сәл өкінішім бар. Себебі көзімнің көруі нашарлады. Екі аптада бір кітапты бітіріп тастаймынмын. Күнделікті кітап оқу менің бала кезден қалған әдетім. Ата-ана мені газет-журналға жаздыртып, алып беретін. Бастауыш сыныпта «Балдырған», «Ақ желкен» сынды журналдарды оқыдым. Оған дейін «Ұлан» газеті мен «Балдырған» журналдарының ескі сандарының бір жылдық жинағы бар болатын. Анам мектепте сабақ берген еді. Сол анамның қосымша құрал ретінде осы газет-журналдарды пайдаланатын. Кейіннен анам менің оқуға, газет-журналға деген қызығушылығымды байқап қалып, «Ұлан», «Ақ желкен», «Балдырған» және «Жас Алаш» газеттеріне үзбей жазылып тұратын. Балалардың жазған мақалаларын көріп, менің де қызығушылығым оянса керек. 2003 жылы ең алғашқы мақалам «Ұлан» газетіне жарияланды. Осылайша журналистика саласында алғашқы қадам басталды.

 

–Журналистика саласындағы ұстазыңыз кім?

–Менің журналистикадағы ұстазым-Гүлстан Қанатқызы. Гүлстан апай мені спорт журналистикаға алғаш келгенде, маған жол сілтеуші. Маған спорт журналистикасына баруыма көмектесіп, ақыл кеңестерін аямаған Рауан Оқас, ал журналистика саласында Ғалым Боқаш, Рахат Мамырбек және Ермек Тілеген деген ағаларымның үйреткені, айтқандары журналистика саласында пайдаланып жатырмын десем болады.

–Спорт коммендаторы болу қаншалықты киын?

–Мен өзімді спорт коммендаторы деп санамаймын, мен спорт журналистімін деп санаймын. Спорт журналистикасының қиындығы жоқ, алайда сен спортты жақсы көруің керек. Онымен қоса, спортты объективті түрде қарай білу керек және кей спортты спортшылардың деңгейінен кем білмеу керек. Яғни, спортпен айналыспасаң да, ережелері сынды көптеген ақпараттарды білуің керек.

Сұхбаттасқан Алмабек ИБРАЙЫМОВ

 

 

 Журналистика мамандығын таңдауыңызға не себеп болды? Бұл Әке жолын қуу ма әлде өз қалауыңыз ба?                                                                 Менің әкем жазушы әрі журналист. Анам қазақ тілі мен әдебиетінің маманы. Екеуі де Қазақ Ұлттық Университетінің түлегі. Сондықтан олардың тұңғышы ретінде менде өзге таңдаудың болуы мүмкін емес еді. Әкем әрдайым кітап, газет-журнал ақтарып отырады, анам кешке оқушылардың дәптерін тексереді. Үйдегі әңгіме де, қонаққа келетін кісілер де осы мамандықты таңдауыма түрткі болды. Өйткені біздің үйге есімдері елге белгілі ақын-жазушылар көп келетін. Мектепте жүргенде-ақ журналист боламын деп шешім қабылдағанмын. Сол мақсатыма жеттім.                                    Журналистика факультетіне келуіңіз жайлы айта отырып, сол уақытта басыңыздан өткен қызықты оқиғалармен бөліссеңіз. «Балмұздақ» шағыңызды еске алайық.                                                                                    Бізді балмұздақ емес, «самса» деуге болатын шығар. Өйткені сабақтан бос уақытта, Тимирязев көшесінің бойындағы самса сататын дүңгіршекті айналшықтайтынбыз. Мектеп бітіре салып, құжаттарымды тапсырдым. Бірақ түсе алмай қалдым. Бірінші курсты Оразаев атындағы Халықаралық журналистика институтында оқыдым. Екінші курста құжаттарымды көтеріп, ауысқым келетіні туралы өтінішімді алып Ұлттық университетке қайтып келдім ғой. Неге десең бала күнімнен осы еңселі ғимаратта білім алсам деп армандаушы едім. Қызықты оқиға көп болды. Оқуға жаңа түскен кезіміз. Сабаққа келіп үрпиіп отырамыз. Бекжан Әшірбаев ағамыз «Әлем журналистикасының тарихы» деген пәннен дәріс оқиды. Аудиторияға кіріп үнсіз отырады. Біз де үндемейміз. Біраз уақыттан кейін Бекжан аға: Сабақ айту тарихын кім бастар екен деп сұрақ қояды. Бәріміз ду күлеміз. Осындайлар көп болды ғой. Қазір көбі есте жоқ. Үйім Алматыда болса да, достарымды іздеп бесінші жатаханаға жиі баратынмын. Ол кезде көптеген ағайлар мен апайларымыз сол жерде тұрады. Солардың ұлдарын ойнатып, өзіміз де қарық болып қалатынбыз. Сол балалар қазір үлкен жігіттер. Ең бастысы мен осы оқу ғимаратының қабырғасында жүріп, өмірлік серігімді кезіктірдім. Перизатпен журналистика факультетінде танысып, оқу бітірген соң үйлендік. Оның да мамандығы журналист. Қазір екі ұл, бір қызым бар.Студенттік шақ ең қызықты кез демеші сіздің студенттік шағыңызда қандай қызықты сәттер болды? Жаңа орта, жаңа достар енді ғана мектеп бітіріп келген сізге қалай әсер етті? Оқушы мен студент Мирастың ортасы қандай болды?                                                                        Мен қаланың баласымын. Орыс мектебіндегі жалғыз қазақ сыныбында оқығанмын. Мұғалімдеріміздің де, ортамыздың да дені өзге ұлт өкілдері. Орыс, кәріс, шешен, әзірбайжандар көп болды. Қазақ Ұлттық Университетінде мен таза қазақы ортаға түстім. Маған курстастарым да, ұстаздар да керемет әсер етті. Жазуға газет, телеарналарда жұмыс істеуіме осы ортам да өзінің күшті ықпалын тигізді. Курстастарымыз да еліміздің әр түкпірінен келген балалар болатын. Әрбірінің мінезі бір-біріне ұқсамайтын, жеке дара пікірлері бар студенттер еді. Қазір көбі өз саласының биігіне көтерілді. Әлі де еңбек етіп жүр. Сондықтан осындай орта сыйлаған тағдырыма, мені адам қылып қалыптастырған университетіме алғыс айтамын.                                                                                                                Студенттік шақтағы достарыңызбен күні бүгінге дейін араласып тұрасыз ба? Жаныңызға жақын жолдасыңызға айнала алғандары бар ма?                                                                                                                               Әрине. Біздің 2001-2005 жылдар аралығында оқыған курста 18 ұл болды. Бәрімен де байланысты үзген жоқпыз. Жасыратыны жоқ туыс сияқты араласатын достарым бар. Бір-біріміздің қуанышымыздан қалмауға тырысамыз. Оқу бітірген соң Түркістан облысына, Қызылорда облысына көшіп кеткен де курстастарымызға әлі күнге дейін хабарласып, барып тұрамыз. Ұлттық университетте өткізген 4 жыл бізді жақындатып қана қоймай, айырылмайтын дос-бауырға айналдырды.  Еңбек жолыңызды телевизия әлемінен бастапсыз, сол кездегі өміріңізге сапар шексек. Телевизия әлемінің қызығы мен қиындығы туралы айта кетсеңіз.                                                                                                                             Оқу бітірген жылы «Хабар» Агенттігінің жаңалықтар бөліміне жұмысқа орналастым. Ол кезде бәрі қызық. Түсірілімге барамыз, адамдармен араласамыз, сұхбат аламыз. Соның бәрі қызық еді. Кейін редакторларымыз жеңіл-желпі емес, салмақты тақарыптар туралы репортаж жасауға жібере бастады. Қиындау кез сол еді. Өйткені арбаны сындырмай, өгізді өлтірмей обьективті әрі жан-жақты материал дайындау кезінде ойланып-толғанып көп уақыт жоғалтамыз. Бірақ соның бәрі ысылуға, тез ойланып, жылдам шешім қабылдауға шынықтырды. Жаңалықтар шұғыл жасалуы керек. Оны жазып, оқып, монтаждаудың өзінде біраз дүрбелең болады. Кейде сол алқын-жұлқын, әріптестерімізбен жағаласып жаңалық әзірлеп жататын кездерді сағынасың. Телевизия сиқыр ғой. Бір кіріп кетсең шығуың қиын. Арбап алады.                                                                                                                           Сіздің тағы бір ерекше қырыңыз - жазушылық. Неше жасыңыздан бастап жазуға әуестендіңіз? Жазу өнері қанмен дарыған қасиет пе? Шабытты қайдан аласыз? Ең сүйікті жазушыңыз кім?                                Мен сол мектепте оқып жүргенде әкеме еліктеп шығармалар жазып жүретінмін. Бесінші класта жазған «Жетім шал» деп аталатын әңгімем «Қазақ Әдебиеті» газетіне шықты. Қатты қуандым. 3 курста оқып жүргенде «Ит жанарындағы жас» деп аталатын әңгімем «Қазақ әдебиетінде» жарияланғанда жүрегім жарылардай қатты қуандым. Қайта-қайта газетті курстастарыма көрсетемін. Олар да мәз. Аманқос Мектеп-тегі деген мұғаліміміз соны оқыпты. Бір күні арнайы іздеп келді. Қолымды қысты. Емтихан кезінде тіпті «бестік» баға қойып берді. Филология факультентіндегі ұстаздар да оң көзқарас таныта бастады. Бұл жағдайлар маған кәдімгідей қанат бітірді. Өзімді болып-толған керемет жазушы болып кеттім деп есептемеймін. Көңілдің әуенімен жазамын. Шабыт шақырып, шабыт қайдан келеді екен деп тыраштанбаймын. Бір тақырыпты ұзақ уақыт басымда қорытып жүруім мүмкін. Реті келгенде соны қағазға түсіремін. Сүйікті жазушыларымның бірі - Сайын Мұратбеков. Ол кісінің шынайылығы ұнайды.                                                                                                                          Қазір сіз ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісісіз. Бұл қызметке қалай келдіңіз? Қазіргі жұмысыңыз туралы айта кетсеңіз.         Журналистикада 2005 жылдан бері жүрмін. 14 жыл болып қалған екен. Соңғы бір жарым жыл мемлекеттік қызметтемін. Дәурен Әскербекұлы Абаевтың шақыруымен келдім. Сен тілші болып та, репортер болып та жұмыс істеген екенсің. Енді осы саланы да байқап көруге қалай қарайсың деп сұрады. Ақпарат саласы өзімізге бөтен емес болғандықтан бірден келісімімді беріп, Елордаға көшіп келдім. Бұл жердің де өз қызығы мен жауапкершілігі бар. Қызығынан жауапкершілігі басым. Шығармашылық еркіндігіңді, артық ұйқыны ұмытуға тура келді. Алайда жазуды тастап кеткен жоқпын. Оған әрдайым уақыт табылады. Бір үйдің баласындай болып кеткен ұжымның ауызбіршілігі, министіріміздің берген бағыт-бағдары ауыртпалықты аңғартқан жоқ. Жұмысым өзіме ұнайды.                                                

Телевидениенің тұрмыс тіршілігімен таныс болғандықтан мынандай сұрақ қойғым келеді. Қазіргі рейтинктің соңында жүріп қоғамның қызу талқысына түскен "Қалаулым", "Кел келінім" және "Өз ойым" сияқты қазақ менталитетіне жат бағдарламалардың көбеюіне не себеп деп ойлайсыз?                                                                                                                                       Бұл жеке меншік арналардың көбейіп кетуіне байланысты деп ойлаймын. Ондай бағдарламаларды, тақырыптарды көретін адамдардың да саны артып кеткені жасырын емес. Әйтпесе талғампаз көрермен үшін дайындалған телеөнімдер аз емес қой. Қазір «пульт» бар. Кез келген үйде қалалық жерде екі жүзден аса, ауылды жерлерде отыз немесе он бес арна анық көрсетеді. Рейтинг жинау үшін әзірленетін бағдарламалар бұрын да болған. Оған таң қалмаймын. Таң қалатыным таңдауы өз қолында тұрған көрермен сынайтын болса, ұнамаса ол каналдарды көрмей-ақ қойғаны дұрыс қой. Нарық болған соң түрлі бағдарламалар болады. Нашар өнім көбейіп кетті деуге болмайды. Қазақтың менаталитетіне сай бағдардарламалар да сериалдар да көп түсіріліп жатыр. Мысалы былтырдың өзінде 46 отандық телехикая түсірілген екен. Бұл аз емес қой.                                                                                                  Биліктің тарапынан мұндай бағдарламаларды жабуға немесе эфир талаптарына, этикалық талаптарға сәйкестігін тексеретін ұйымдар немесе орталықтар бар ма?                                                                              Қазақстан Конституциясының 20-шы бабының 1-ші тармағында былай делінген: «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады». Осы баптың екінші тармағына сәйкес, әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Сондықтан да біз арналардың шығармашылық еркіндігі мен тақырып таңдаудағы ішкі мәселелеріне араласа алмаймыз. Алайда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде, Ақпарат комитетіне қарасты эфир талаптарына, заңдылығына жауапты басқармалар бар.                                  Сіз үздік деп санайтын 3 журналист кімдер?                                                 Мықты ағаларымыз және мықты апайларымыз көп қой. Үш-ақ адамды атағаным ұят болар. Мен өз замандастарымды айтайын. Айбек Қобдабай және группаластарым Думан Анаш пен Мейіржан Әлібекті атар едім.                        Сөз соңында 85-жылдыққа ізгі тілегіңізді білдірсеңіз. Сонымен қатар, болашақ журналистерге берер кеңесіңіз.                                                               Қазақ Ұлттық Университеті бірнеше буынға білім беріп қана қоймай, көптеген ұрпақты тәрбиелеп шығарды. Осы жерде жүріп өмірлік дос тапқандар көп. Мен сияқты өмірлік серігін тапқандар да жеткілікті. Сондықтан қазақ білімінің қара шаңырағы өркендей берсін, өсе берсін дегім келеді.                                                                                                                            Болашақ әріптестеріме сәттілік тілеймін. Бұл салада шынайы, беріліп жұмыс істеген адамның еңбегі еленбей қоймайды. Сондықтан қазақ журналистикасының көкжиегін кеңейту, елдегі ғана емес халықаралық беделін арттыру да сіздердің қолдарыңызда. Соны естен шығармаңыздар.

                                                   Сұхбаттасқан: Мөлдір АДАМЖАН