Egemen.kz: Жас ғалымдар мен студенттердің «Фараби әлемі» конференциясына 6513 адам қатысты

12.04.2019

Көрулер: 1346

Он күннен бері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 2013 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Халықаралық Фараби оқулары бүгін мәреге жетеді.

Биыл Форум аясында өткен «Фараби әлемі» атты студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясына 6513 адам қатысты. Оның ішінде Германия, Түркия, Үндістан, Жапония, Оңтүстік Корея мен ТМД елдерінен 200-ден аса жас ғалымдардың баяндамалары тыңдалып,  тәжірибелік сағаттар мен дөңгелек үстелдер өткізілді. Факультеттерде конференция аясында 100-ден астам секция жұмыс істеді.

Фараби оқулары аясындағы жас ғалымдар мен студенттердің «Фараби әлемі» халықаралық конференциясы да аяқталды. Бұл шара екі жылдық «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Жастар жылы аясында өткізіліп отыр.

Ауқымды шара шеңберінде студенттердің инновациялық жобаларының көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде жиналғандар ҚазҰУ студенттерінің барлық салада жасалған заманауи инновациялық үлестерін тамашалады.

«Фараби әлемі» конференциясының жабылу салтанатына ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов қатысып, Инжиниринг және ғылыми ауқымды технологиялар кластерінің бас директоры Әмірхан Темірбаев «Жастардың қатысуымен жасалған университеттің инновациялық жобалары» атты актілік дәріс оқыды.

Ал инновациялық жобалар байқауы бойынша бас жүлде физика-техника факультетінің студенттері Темірлан Ибраимов, Сұлтан Үсенхан, Динара Досмұханова, Диас Елубаевқа бұйырып, жеңімпаздар арнаулы диплом мен 150 мың теңгеден ақшалай сыйлыққа ие болды. 

https://egemen.kz/article/187882-zhas-ghalymdar-men-studentterdinh-farabi-alemi-konferentsiyasyna-6513-adam-qatys