ЖАСТЫҚТЫҢ ЖАЛАУЫ, ЖЕЛТОҚСАН АЛАУЫ

08.06.2021

Көрулер: 2088

«Құдай заманалар ауысымында өмір сүруден сақтасын!» дейтін қытайдың көне мақалы бар. Бұрынғы мен бүгінгінің айрығында өмір сүрген қай буынға да ешқашан оңай болмағаны сияқты, біздің буынымызға да ауыспалы кезең кейіпкері болу, тәуелсіздік төңкерістеріне қатысу, нарықтық-экономикалық өзгерістерді қарсы алу және капиталистік қағидалар үстемдік құрған тұрмыс-тіршілікке икемделу оңай болған жоқ.

       1986 жыл. Қазақ республикасына «ұлтшылдық» пен «жершілдік» таңбасының еншіленуі мәскеулік «Правда» газетінде жарық көрген «Шырмауық» деген атышулы мақаладан басталды. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне қара күйе жағылып, оқу орнына студенттердің жең ұшынан жалғасқан жерлестік қағидаларымен қабылданатыны, әр өңірден келген «еңбекші халықтың» ұл-қыздарының білімін саралауда орын алған әділетсіздіктер баяндалды. Барлық аймақтан студенттерді тең қабылдау міндеті күн тәртібіне шығып, бағы жанғандар, әсіресе, мерзімді басылымдарға жарыса жазып, қашықтықтан-ақ өзара достасып үлгергендер оқуға түсті де кетті. 25 студенттен екі топқа бөліндік. Бірінші топ – дайындық курсынан, әскерден келіп қосылған, бірнеше жыл арманының соңынан қуып жүріп оқуға түскен «кәрі-құртаңдар» тобы. Екінші топ – мектеп партасынан келіп аудитория орындығына қонжия қалған жолы болғыштар, тапқышбектердің тауып айтуынша, «сары ауыз балапандар» тобы. Бірінші семестр бітер қарсаңда әр бөлмедегі кішкентай қабырғалық радио «Компартия басшысы Қонаев орнына Колбин тағайындалғаны туралы кезектен тыс ҚазКСР Пленумының шешімін» шұғыл хабарлағанда сары үрпектердің намысын қамшылап, алаңға алып шыққан да сол тіс қаққан естиярлар. Жырлануы бөлек қасиетті де қасіретті тарих... Соғысқа бергісіз дүлей дауыл соқты, Қайрат пен Ләззат сияқты құрбандар болды, Театр институтының студенттері Желтоқсан тарихына көтерілістің қозғаушы күші болып алтын әріппен жазылды. Біздің де арамыздан батырлар өсіп шықты, уақыт оларды өзі даралады. Олар – 11 күн темір тор қақпасына қамалған Нұрымжан Мауытов, 7 күн қамақта жәбірленген Сейсен Ұлықбеков пен Ғазиз Тастаев, 5 күн бойы нардың үстіне пәлтесін төсеп жатып, бес түн көз ілмеген 18 жасар бүлдіршін қыз Гүлмира Сұлтанәлиева. Ерлікке бергісіз әрекетпен ұшы-қиырсыз жиналыстарға «Бәрін бастап алып шыққан - Мен!» деп соңғы нүкте қойған Ормашты қалай батырлар тобына қоспаспыз?! Сергелдеңді 86-шы жылы 17 желтоқсанның алғашқы сағаттарында Орталық алаңға табан тіреп, табандылықпен талап қойған курс шежіресін бірінші хатқа түсіруші - өзім екенімді, Желтоқсан көтерілісін зерттеу комиссиясының төрағасы, Қазақстанның Халық жазушысы, екі ғасырға ортақ ақын Мұхтар Шахановтың «Желтоқсан эпопеясына» қаһарман курс туралы естелік енгізгенімді кішігірім ерлік санаймын.

 


 


 

       Биыл республика жоғары оқу орындарының флагманы – бүгінде әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен үлкен өмір айдынына жолдама алғанымызға 30 жыл толу мерейтойы Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен, Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығымен тұспа-тұс келді. Осынау айтулы салтанаттарға толы кезеңге жетпей, Тәуелсіздіктің алғашқы дестелерін безбендеуге үлгеріп, өмірден ерте кеткен курстастар рухына сағынышты құрметпен тағзым ету – парызымыз. Олар – достарына қорған, орман, құрбан болуға даяр ер де өр мінезі тағдырына әсер етіп, оттай жанып кеткен Ормаш Мырзағалиев, қатал профессор Тауман Амандосовтың сүйікті шәкірті болған Марал Дәуленова, «Жас алаш» пен «Егемен Қазақстан» шеберханаларының шыңдауылы, Алматыдан Астанаға ауыстырылған «Хабар» агенттігі бюросының тілшісі, елшіліктерде консулдық тәжірибе жинақтап, Өзбекстандағы Әндіжан қанды қақтығысы туралы шұғыл репортаждарын қазақстандық редакцияның ғана емес, әлемдік Би-би-си, Рейтер, Си-Эн-Эн телерадиостансалары қорына қосқан Талғат Ілімжанұлы, «Алматы ақшамы» газетінің «Бас редактор репортері» бағанында жедел де өзекті репортаждар жариялап, орыс тілді «Вечерка» көшірмесі болып келген қалалық газеттің қазақша төл бейнесінің қалыптасуына үлес қосқан Ғалым Баймұрзин, «Темірді қызған кезде соқ!» деп алаңға бастап апарып, «Елтүзеров емес, Елбұзаров!» деген айдар тағылғанмен айдарынан жел есіп өткен, абызға бергісіз бітімімен, кесек ой-сойымен жадымызда қалған жайсаң Айдар Елтүзеров, Алматы қалалық әкімдігінде баспасөз хатшысы қызметін атқарған қалалық жігіт Алмас Жолтаев.

         Осы оқиға қарсаңында көптеген Желтоқсан ұйымдарының екпінді біреуі тағайындаған «Желтоқсан қаһарманы» медалі «Жас алаш» газетінің белді қызметкерлері – бұрын «Қазақ энциклопедиясында» ұзақ жылдар қызмет атқарып, Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынұлына тұңғыш тұлғалық энциклопедия басып шығарған энциклопедист-журналист Нұрымжан Мауытов пен «Дат» оппозициялық басылымының іргесін бекіткен тілшілерінің бірі, жасөспірім шағында тырнақалды кітабы жарық көрген лирик ақын Сейсен Ұлықбековтің омырауында жарқырады. Желтоқсанда зардап шеккен, әкімшілік ресми лауазымдарды табысты атқарып, жеке кәсіпкерлік бағытқа бет бұрған Ғазиз бауырымызды, 1992 жылдан ҚР Сыртқы істер министрлігі жүйесінде ТМД, Орталық Азия, Еуразия аумағында елшілік елдестіру миссияларын үздіксіз атқарып келген кәсіби дипломат, Қазақстан Республикасының Беларусь, Өзбекстан, Түрікменстан, Грузия мемлекеттеріндегі елшіліктерінің хатшысы, кеңесшісі Гүлмира Сұлтанәліні әділетті марапаттың кешікпей тауып, мерейлерін үстем ететініне қазірден қол соғамыз.

       Университет бітіргенімізге 30 жыл толған мерейтойдың тәж-тажалды пандемия кезеңіне тап келуі де біздің жолы ауыр, тағдыры талайлы буын екенімізді дәлелдейді. Дүкен сөрелері қаңырап қалған нарықтың ақырған жылдарында талонмен ұзын-сонар кезекке тұрып, жанұяның жоғын өлеңдетіп түгендеп, шынтуайтқа келгенде, Махамбетше «қара қазан, сары бала қамы үшін» «балапан басына, тұрымтай тұсына» тарап кеткен, жұмыссыздық жайлаған, ұры-қары қаулаған қалаларда күні-түні жосылып жүріп жол тапқан, «көппен көрген ұлы той» деп ұлттық теңгеміздің айналымға қосылуына куә болған, шеттерінен үйлі-баранды болып, әке мен ана атанған курстастарымыз қай жаққа бет алса да, көштерін түзу алып жүруге жан салып, тіршілік қарбаласының қалтарыстарына біраз уақыт сіңіп кетті. Бүгінгі айнадан сол асқақ армандар орындалғанын, сол мақсат асулары бағындырылғанын, биіктеген еңселерді, алды немерелер қызығын көріп, шөберелер шаттығына бөленуден дәмелі даладай дархан көңілдерді, таныс та ыстық жүздерден өмірге ризалық іздерін көреміз. Тәуба!

Қазақ телерадиокомпаниясында еңбек кітапшасын ашып, «Шалқар» радиотолқынынан үні саңқылдаған, «Қазақстан мектебі» педагогикалық журналының «Отбасы және балабақша» қосымшасының редакторы болған Гүлнәр Шегебаева Астанаға беттеген көштің ең басында болды. Қазақстан Республикасы Президентінің Аппараты, кейіннен Президент Әкімшілігінде ширек ғасыр маңдай-тер төгіп, патша сарайының мамандар адмиралы болып, 2019 жылдан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесіндегі жауапты шепке ауысты.

«Тіл туралы Заң» әлдеқашан қабылданса да, баптары орындалмай жатса да, мемлекеттік қызметті қазақ тілінде жүргізудің 30 жыл бойы жолға қойылмауына қарамастан, курстастар арасында тәржімешілік талантын танытқан тұлғалар аудармашылар армиясын құрарлық қуатпен мемлекеттік басқару салаларында шоғырланды. Олар: ҚР Парламенті Сенатындағы бөлім меңгерушісінің орынбасары Қарашаш Райымбекова, ҚР Білім және ғылым министрлігіндегі басқарма басшысы Бәтес Әміржанова, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің аудармашысы Ақгүл Үсенова. Астаналық басылымдарда жорға қаламын жүйткітіп, оймақтай ойдан бастап, көлдей мақалалар жазған, «Ақ шағаласы» ауыл-қала аспанында қалықтатып, саз қанатында «Ұрпаққа аманатын» жолдаған «курсымыздың Райкині» Бейбіт Оспановтың Ислам жолына жүгініп, батагөй молдамызға айналарын кім білген?! «Курсымыздың Петросяны» Бауыржан Әлиханов та салиқалы сардарлар сапынан табылып, атынан ат үркитін Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жоғары лауазым атқарған отставкадағы подполковник бұйрығына бізді де бағындырған беделді әскери шенді шенеунігіміз болды. «Милиция – менің қорғаным!» деп тәртіп сақшылары өздерін шынайы сыйлатқан кезеңде Лаура Забихова адуынды ерлер арасынан бір шығып, нәзік те ерке әйел мінезін темірдей тәртіппен қимылдайтын қатқыл болмысқа өзгертіп, шешімділік, кесімділік, табандылық, әділдікті талап ететін мамандықты қалтқысыз меңгеріп, ҚР Ішкі істер министрлігінің зейнеткері, отставкадағы полиция полковнигі болды, бүгінде этнодизайнер һәм тігінші шебер әжей. Он жылдан бері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығында» аудармашы-сарапшы қызметін атқаратын өзім сияқты денсаулық сақтау саласында да білім қоры, жан жылуымен бөлісіп жүрген курстастар баршылық екен. Мәселен, Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының Алмалы аудандық Алғашқы медициналық жедел жәрдем орталығының кадр инспекторы Сұлушаш Молдашева.

«Ұстаздық еткен жалықпас Үйретуден балаға!» деп кеткен Абай Құнанбаев, алғашқы қазақ мұғалімі Ыбырай Алтынсарин аманаттарына адалдық үлгісімен адамзат үшін ежелден ең қастерлі кәсіп - оқытушылық саласына журналистік жігерін жұмсап, шәкірттердің бірнеше буынына ұстаздық, тәлімгерлік етумен келе жатқан курстастар қатарында «Арай» журналының, «Сұхбат» газетінің ашылуына да, жабылуына да куә болған Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Шиен орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Сәуле Қоржымбаева, Қарағанды қаласындағы Жалпы білім беретін орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тілеулес Қабиева бар. Курстарстардың көпшілігі – осы «Ұстаздық дастанын» жазып жүргендер!

«Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз!» депті Абай данамыз ғылымды мадақтап, қараңғылық тұманы сейілмеген заманда оқумен озуға, сана биігіне ұмтылуға үндеп. Ұқсап бақпай-ақ, ғұлама ғалым дәрежесіне көтерілген ғибратты жандар да ортамызда жетерлік. Ғалымдар көшін І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, әдебиеттану ғылымында Ілиястану ілімінің идеяларын жетілдіруші, көптеген оқулықтар мен монографиялар авторы Мұрат Иманғазинов бастайды. Сүйікті ҚазҰУ-дың сүйкімді баласындай таңдалып, ұстаздардың қолдауымен шәкірт тәрбиелеу тізгінін қолға алған қос марқасқамыз бар. ХХІ ғасырдың заманауи технологияларымен жабдықталған «Сана» телестудиясының басқарушысы Молдахан Әбдіреев ғылымға Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығын зерттеп, қазақтың қазіргізамандық абызының ақ батасымен келді. Ал, Нұртаза Қыдырниязов орыстың ойшыл оқымыстыларының қазақ даласын, халқының тұрмыс-тынысы мен өмір-салтын зерттеу еңбектерін түгел оқып тауысты, алғашқы қазақ баспасөзінің қарлығаштарын зерттеді, бүгінгі таңда бейресми мінберден саяси сауатты ойларын өткір айтып жүр. Ғалымдар қатарында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ ақын-жазушыларының өмірі мен мұрасын зерттеуші Сансызбай Мәдиев бар. Тау-қырат арасындағы бір тал қызғалдақтай ғалым қызбен неге марқаймасқа?! Қорқыт Ата атындағы Қызылорда ұлттық университетінің оқытушы-ғалымы Зухра Ермағамбетова Кәкімжан Қазыбаевтай қаламгер тұлғаның қазақ баспасөзіндегі өзіндік сара жолын зерттеді.

         Қазақ ұлттық универитетінің журналистика факультеті берген бес жылдық білімді адал ақтап, бағбан ұстаздар дарытқан білімнің құнар нәрін ой-бойына сіңіріп, қаламын қарудай ұстанып, жастанып, тәжірибе жүзінде паш етіп, журналистика саңлақтарына айналған бір топ курстасымызға бүгінде көзі тірі ұстаздарымыз қалай разылық білдірсе, біз де солай қадірлеп, сүйсінер едік. Олар:

       Жастық байрағынан саяси-демократиялық мінберге айналып кеткен «Жас Алаштан» шыңдалып, «Жас қазақ үнімен» бүгінгі техногенді прогресс заманының өскелең ұрпағын отаншылдық, азаматтық, ұлтжандылық қасиеттерге баулыған, «Айқындағы» қолтаңбасы да айшықты әрі айқын, «Қазақ газеттері» ЖШС Kazgazeta.kz ақпараттық порталының бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты Берік Бейсенұлы;

       Қостанай қаласына жас маман жолдамасымен барып, жастық шақ бесігі, тәуелсіздік бастауы – Алматыға ұшқыр ойлы журналист болып оралған, рухани-оккульттік ілім иірімдеріне бойлаушы, философиялық-психологиялық мақалалар авторы, тележурналист және публицист, Қазақстан Журналистер одағының Кенжеболат Шалабаев атындағы сыйлығының лауреаты Арай Сахариева;

       Қазақстан Ұлтық арнасының «Таңшолпаннан» бастап, «Мәдениетке» дейінгі таңғы ақпаратты-сазды бағдарламаларының, «НТК» телеарнасының тұңғыш жүргізушісі, «КТК» телеарнасының «Күндерек» жаңалықтар жаршысы, Алматы қаласы Оқушылар сарайы жанындағы «Медиа-орталық» жетекшісі және продюсері, журналистік білім ошақтарына «Сөйлеу техникасы» элективтік курсын енгізуші, «TOLOSOZ» риторикалық мектебінің іргесін қалаушы, Қазақстан Журналистер одағының Нәзипа Құлжанова атындағы сыйлығының лауреаты Толқын Сәйдуова;

       Бірқатар республикалық газеттердің батыс өңірлердегі меншікті тілшісі болып, ғаламдық «Азаттық» радиосының репортеріне дейінгі ұзақ жолдан өткен, Халықаралық журналист әйелдер қоры (IWWF) тағайындаған «Журналистикадағы батылдығы үшін» сыйлығының алғашқы қазақстандық иегері, «батыр қыз» Сәния Тойкен;

         Өңірлік журналистика жампоздарының да жалауы жоғары. Көк желекті шағын шаһар Алматы облысының орталығына айналған күннен «Жетісу» газетіндегі мазмұнды жазбаларымен оқырмандар сүйіспеншілігін иеленген, Мәскеудің «Өте құпия!» шрифті мұрағаттарына сапар шеккен «Ілияс ізімен» республикалық ғылыми экспедициясының насихаттаушысы Гүлжан Тұрсын;

         Төбесін күн сүйген, шыңдарын ақ қар басқан Алатау бөктерінен құлаш жайып, жеті өзенді жағалай өрістейтін оңтүстік өңір айнасы – «Жетісу» газетінің көп жылдан бергі жауапты хатшысы, журналистиканың қара қазанында құрыштай қайнап, шарболаттай шыңдалған Гаухар Қостүтінова;

       Жамбыл облысы, Жуалы ауданының «Жаңа өмір - Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің аға тілшісі, «Тәржіма» аударма-баспа орталығының директоры, жергілікті ауқымдағы озық ойды тәрбиелеуші және кеңейтуші Абылайхан Сәрсенов;

       Алматы облысындағы ақындар мен батырлар елі – Ұзынағаш кентінде Серік Сатыпалдиев пен Гүлмира Басшығұлова сияқты газет сөзінен кітап сөзіне дейінгі шежірені талмай түгендеп, әкімді де жүгіндірген, ақынды да толғандырған ойларымен оқшауланып, игілікті де ізгілікті істерге мұрындық болып жүрген майталмандарымыз тұрады.

       Бұл қатарда Желтоқсандық қос қаһарман, «Жас алаштың» бүгінгі рухани мұрагерлері Нұржан Мауытов пен Сейсен Ұлықбеков, Атырау атырабында ой кенін тынымсыз қазып, жұртшылыққа қазына қылып қайтарып жүрген достарымыз Жолдасбек Шөпеғұлов, Гүлсара Қайырова, Меруерт Ахонова және Шымкент қаласындағы Ақпараттық-коммуникациялық орталықтың «Ақпарат» бөлімінің басшысы Ғалиябану Бижанова бар.

       Бұл лекте соңғы он жылы медициналық аударма көкпарына тартылып кеткенмен, қаламын тынысы тоқтағанша тастамауға ант еткен, байырғы шаһар шырағы «Алматы ақшамын» нағыз халықтық басылымға айналдыруға сіңірген еңбегі баршылық, ақындық дүлдүлі Мұхтар Шаханов басқарған «Жалын» әдеби-көркем және қоғамдық-саяси журналында жарық көрген көсемсөздік мақалалар қатарының авторы, жұлдыздар мен қайраткерлер келбетнамасының суреткері, Қазақстан Журналистер одағының Өзбекәлі Жәнібеков атындағы және Ғ.Мүсірепов атындағы еркін әдеби сыйлықтың лауреаты, Республикалық «Қазақтың ақын қыздары» мүшәйрасының жүлдегерлерінің бірі, отандық өнерде музыкалық төңкеріс жасаған «Азия дауысы» фестивалінің жылнамашысы Гүлзира Серғазы – мен де бармын.

       Біз қазақ халқына аңыз болған қаһарлы соғыс және бейбіт күн қаһарманы, Кеңестер Одағының батыры Бауыржан Момышұлының немересі – Ержан Момышұлымен бірге білім алғанымызды, тарлан тұлға туралы кітаптан оқығанымызға қоса, ұрпағының өз аузынан естелік тыңдағанымызды, барша қазақтың Домалақ анасындай ақ жаулықты, уағыз сөзді Зейнеп апамыздан бата алғанымызды шексіз мақтан тұтамыз.

 


 


 

       ХХ ғасыр басында әлемді коммунизм елесі кезген еді, ХХІ ғасыр басында әлемді космополитизм елесі кезіп кетті. Соған қарамастан, біздің ұрпақ буыны ұлтжанды, тіпті асыра айтсақ, ұлтшыл болмысына кіршік түсірмеді.

       Ғаламшарда коронавирус қаңғып жүр, тест және вакцинация амалдарымен адамға, адамзатқа қарсы бағытталған қылмыс ендеп, бұзық ниеттер торуыл құруда. Бірақ, біздің ұрпақ буыны бой тазалығын ғана емес, ой тазалығын сақтайды, салауатты өмір салтын ұстанады, ділі мен діні берік, рухани қуатты қалпынан айнымайды, балаларын да ізгілік ұстанымдарына дағдыландырады, бірлік пен ынтымақ ұғымдарын кешегі күннің ескірген ұрандары санамайды. Шарайнасы шытынап кеткен дүние терезесінің жер тұрғанша тұрмаса да, күн сөнгенше сынбай тұра тұруына барынша үлестерін қосып кетеді, өткеннен арқалаған аманаттарын келешек ұрпақтың озық саналы өкілдеріне артып үлгереді деп сенемін.

       Менің курстастарым – өз туып-өскен ауылдарының, аудандарының, облыстарының құрметті азаматтары, «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін», «Халық алғысы», Тәуелсіздіктің 10, 20, 25 жылдық мерейтойлық медальдарының, «Ақпарат саласының үздігі», «Тіл жанашыры», «Мәдениет қайраткері» т.б. төсбелгілерінің, Елбасының өзі, Премьер-министр, салалық Министрлер, жергілікті әкімдер жолдаған Алғыс хаттардың, тізіліп кете беретін сансыз марапаттардың иегерлері!

       Менің замандастарым – екі ғасырға да ортақ өз дәуірінің қаһармандары!

       30 жылға есеюлеріңмен, достарым! Ұлы сабақтарға толы ұзақ жорықтан мәртебелі мәреге жеңімпаздықпен жетулеріңмен!

                                                                                                   Гүлзира Серғазы