Жас тілшілер форумы
05.05.2021
Көрулер: 2235
- Журналистика – бала арманынан кәсіби мақсатына айналатын жас өрендердің асыға күтетін ерекше шара бар. Жыл сайын сәуірдің соңғы күндері жас тілшілердің басын қосатын, шығармашылық бағын сынайтын кез келеді. Бұл журналисика факультетінде өтетін Жас тілшілер форумы.
- Биылғы шара осымен елу алтыншы рет өзінің миссиясын атқарып, ең үздік шығармашылық жұмыстар «Жас тілшілер» форумында марапатталды. «Журналист болғың келе ме?» республикалық мектеп оқушылары арасында ең үздік шығармашылық жұмыстар байқауына жүзден астам жұмыстар келіп түсті. «Eñ üzdık jas tılşı – 2020» қорытындысы бойынша «Ұлан» газетінің жас тілшісі Айсұлу Съезхан марапатталды. Сондай-ақ Айсұлу жыл соңында «Eñ üzdık jas tılşı – 2021» бас жүлдегерін таңдап, жеңімпазын марапаттайды.
- Форумның ашылуында «Ұлан» балалар мен жасөспірімдер республикалық газетінің Бас редакторы Жадыра Нармаханова "Ұландық" жас тілшілердің тақырып таңдау, материал жазудан бастап, газет шеберханасына дейінгі үрдісті баяндап берді. Балалар мен жасөспірімдердің республикалық «Ақжелкен» журналының Бас редакторы Есей Жеңісұлы
- жас тілшілердің мектебі туралы әңгімелер берді. Жас тілшінің аялаған ұясы, әрине, мектеп. Болашағын журналистикамен байланыстырған талай оқушылардың ыстық мекені Алматы қаласындағы Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернат директоры Роза Сексенова жас тілшілерге сәттілік тіледі.
- Жас тілші неден бастау керек, қандай сұраққа жауап іздеуі керек? Міне, осындай мәселелерді Словакия Ғылым Академиясының Жобалау институты, PhD, профессор Владимир Вацичин мен Колумбия университетінің профессоры Гүлнар Кендірбай сияқты ғылыми медианың көрнекті өкілдері атап өтті.
- «БАҚ Media Group» ЖШС-ның директоры, тележүргізуші Мақсат Толықбай жас өрендерге журналистикадағы адалдық пен принцип туралы сөз қозғады. Ал «Азаттық радиосы» қазақ қызметінің тілшісі, Халықаралық олимпиада комитетінің репортері, "Ұланның" Жас тілшісі Руслан Меделбек халықаралық репортерге қойылар талаптер мен пайдалы кеңестермен бөлісті. Танымал блогер Яков Фёдоров журналист үшін саяхат пен іссапардың қажеттігі, зерттеулер жүргізудің әдістері жайлы тәжірибесін бөлісті. «Qazaq radiosy» дикторы Мұхамед Әли Болатұлы журналист үшін радионың сарқылмас күші мен шығармашылық мүмкіндігін әңгімелеп берді.
- Жарты ғасырлық тарихы бар «Жас тілшілер» форумының шежіресі мол, дәстүрге бай. Алғашқы республикалық «Жас тілшілер» слеті 1975 жылының мамыр айында Орталық Комсомол Комитетінің ұйымдастыруымен өтті. Ол кезде Қазақстан Республикасының Орталық Партия Комитетінің Насихат және үгіт бөлімінің басшысы Қ. Сұлтанов болатын. Бұл шараның бастауына О. Сүлейменов, Ф. Оңғарсынова, Д. Стамбеков, Ш. Смаханұлы сияқты танымал ақын-жазушылар тұрды. Соңғы жиырма жылда «Жас тілшілер» форумы жаңа форматта, заманауи үлгіде өтіп жүр.
- Танымал жас тілшілеріміздің қатарында: Қанат Әуесбай, Руслан Меделбек, Досжан Балабекұлы, Алпамыс Файзолла, Думан Смақов, Ақбота Мұсабек, Айзада Жайыққызы, Жадыра Аққайыр, Ақниет Аманжолқызы, Назерке Сәндібек, Назерке Жайлау, Мейіржан Жылқыбай, Елдос Тоқтарбай, Дана Маратова, Мадина Оқас, Алмабек Ибраимов, Назым Сапарова және т.б. дарынды журналист, медиа мамандар бар.
- «Ұлан» газетіне - алғысым шексіз! Балалар басылымы бізді үлкен өмірге жетеледі, ҚазҰУ-да білім алуымызға себепкер болды. Сондықтан, мен үшін «Ұланның» орны ерекше!- деп жазды жас тілші, бүгінде философия кафедрасының PhD ғалымы Досжан Балабекұлы. «Ұлан» газетінің жас тілшісі Айсұлу Съезхан: «Жас тілшілерге айтарым, әрқашанда ізденіңіздер, оқыңыздар және жазыңыздар», - деп тілегін жеткізді. «Форум жоғары деңгейде өтті. Журналистикаға деген балалық құштарлығым енді кәсіп жолындағы ізденіске ұласты. Ендігі мақсатым, "Үздік жас тілші-2021" байқауында бақ сынап көремін, -дейді жас тілші, Қызылорда облысы Шиелі ауданы №244 Жақаев атындағы орта мектебінің 11-сынып оқушысы Айбек Берікболұлы.
Тарихы тереңде, классикалық дәстүрге берік, жаңашыл идеяларға бекем Жас тілшілер форумының жеңімпаздарының таңдауы журналистика.
Гүлмира Сұлтанбаева