Франциядан шақыртылған «Тоталь» профессорлары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің студенттеріне дәріс оқыды.

11.02.2019

Көрулер: 2459

Әріптестік пен ынтымақтастық аясында 2019 жылдың 4-8 ақпан күндері бакалавриат, магистратура және докторантура мамандықтары бойынша білім алушылар үшін профессор Эрве Оберрейнер (Herve Oberrneiner) «Дарындылық пен көшбасшылықты дамыту» («Developing Talents and Leadership I.W.») тақырыбында дәрістер мен практикалық сабақтар өткізді. Дәріс барысында профессор Эрве Оберрейнер көшбасшылықты дамытуға кіріспе, қабілетті және мансаптық өсуді басқару мәселелерін тілге тиек етті. Жан-жақты қарастырылатын тақырыптар қатарына мыналарды жатқызуға болады: «Introduction to talent management leadership development»; «Career management: how the short, medium and long term intersect»; «Career management: a shared responsibility»; «Recruitment: a coherent policy».

Мұнымен қоса, профессор қысқа мерзімдегі, орта мерзімдегі және ұзақ мерзімдегі мансаптық өсуді басқарудың ерекшеліктерін айқындап өтті. Дәріс сабақтары барысында магистранттармен бірлесе отырып қызметкерлерді қабылдауға байланысты практикалық жұмыстар жүргізілді (тізбекті саясат).

Франциядан (TPA-Total Professeurs Associes) шақыртылған профессордың дәрістері – «Тоталь» компаниясының мұнай-газ саласындағы мамандары тарапынан әзірленіп, кәсіби сараптама мен өмірдегі нақты мысалдарды зерттеу нәтижелерінен алынғандығын айтып өту қажет.

Көшбасшылық қабілеттерді дамытуға қатысты дәрістер мен практикалық сабақтар аяқталғаннан кейін, магистранттар өздерінің жеке мансаптық өсуін басқару мен команда алдында жауапкершілікке ие болуға байланысты теориялық және практикалық құнды мәліметтер ала білді.

Атап айтар бір жайт, Профессор Эрве Оберрейнер Тоталь Профессорлар Ассоциациясының Вице-Президенті бола отырып, халықаралық конференцияларда негізгі баяндамашы ретінде сөз сөйлеп, арнайы шақыртылған профессор ретінде шетелдік вуздарда дәріс оқиды.

«Тоталь» компаниясының бастамасымен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институтының белсенді қолдауымен жүргізілген Эрве Оберрейнер дәрістерінің негізгі мақсаты – студенттердің бойында теориялық білімдері мен практикалық қабілеттерін бекіту болып табылады. Мұнымен қоса, жаһандық азаматтық идеясының дамуына, Қазақстан мен Франция елдері арасындағы ғылым және білім саласындағы байланысқа да аса үлкен мән беріледі.

 

 профессор Г. Сұлтанбаева