Фантаст-жазушы Абдул-Хамид Мархабаев

11.04.2018

Көрулер: 6230

ҚазҰУ-да V «Фараби оқулары» аясында журналистика факультетінің баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұйымдастыруымен филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері «ҚР ЖОО үздік оқытушысы» Абдул-Хамид Мархабаевтың ғылыми және шығармашылық жолына арналған «Мархабаев оқулары» өтті.

Аталмыш шараға филология ғылымдарының докторы, ақын Бауыржан Жақып, журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы, филология және әлем тілдері факультетінің деканы Өмірхан Әбдиманұлы, педогогика ғылымдарының докторы, жазушы Советхан Ғаббасов, ҚазҰУ-дың профессоры Кәкен Қамзин және де Абдул-Хамид Мархабаевтың жары Мағрипа Қосаева пен курстас достары, туыстары қатысты.

Шара барысында Абдул-Хамид Мархабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналып «Өнегелі өмір» сериясымен «Қазақ университеті» баспасынан жарыққа шыққан кітаптың тұсаукесер рәсімі болды. Сонымен қатар белгілі ақын Бауыржан Жақып жазушы туралы өз естеліктерімен бөлісті: «Абдул-Хамид ағамыздың еңбегі туралы таңды таңға ұрып айтуға болады. Қазақстан ұлттық академиялық кітапханасының «аудио-кітапхана» деген қоры бар. Ең көп тыңдалған 10 кітаптың ішінде осы Абдул-Хамид Мархабаевтың «Ғарыштағы қымыз» атты кітабы екен. Бұның өзі жастарымыздың фантастикалық туындыларға деген асқан қызығушылығын білдіреді. Бүгінгі тұсауы кесіліп отырған кітап ағамыздың 80 жылдығына арналған универститетіміздің үлкен сыйы деп білеміз. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеу мен қазақ әдебиетіндегі фантастика жанрының дамуына өлшеусіз үлес қосқан жазушының өнегелі өмірі осы кітап арқылы өскелең ұрпаққа баға жетпес мұра болып қаларына біз сенеміз. Сондай-ақ аталмыш кітап республикамыздың барлық жоғары оқу орындарына тегін таратылады»,­деді. Сонымен қатар баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы мен қайраткер-жазушының отбасы қаламгердің шығармашылығы жөніндегі студенттік туындыларға жарияланған байқаудың жеңімпаздары марапатталып ақшалай сыйлықтар табысталды.

Фантаст-жазушы Абдул-Хамид Мархабаев ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде жарты ғасырға жуық талмай ұстаздық еткен. Шәкірт тәрбиелеумен қатар қазақ әдебиеті мен ғылымында фантастика жанрының, фантастикатану теориясының негізін қалап, осы саланы дамыту мақсатында оқулықтар мен монографиялары ұстаздың ұрпағына қалдырған үлкен мұрасы деп білеміз Атап айтар болсақ, «Арал әуендері», «Балалардың аман қалғанын айт», «Аспанға құлады да кетті», «Тосын ғарышхат» сынды жинақтарымен «Қазақ фантастикасының поэтикасы» атты монографиясы орыс, украин және молдаван тілдеріне аударылған.

Қазақ журналистикасында талай қаламы қарымды шәкірттерді тәрбиелеп, қазақ әдебиетінің фантастика жанрын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан дара да дана тұлға Абдул-Хамид Мархабаевтың өнегелі өмірі ұрпаққа мұра болып, шығармалары оқырман қауымның санасында жатталып, тарихымызда алтын әріптермен сақталып қалары ақиқат.

Баспасөз қызметі