«әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті биология музейіндегі омыртқалы жануарлар коллекциясының каталогы»

13.02.2020

Көрулер: 1962

Ұсынылып отырған Қ.С. Мұсабековтың үш тілді (қазақша, орысша, ағылшынша) «әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті биология музейіндегі омыртқалы жануарлар коллекциясының каталогы», 395 бет - университтің биология музейінің қорындағы омыртқалы жануарларының 70 отрядына, 217 тұқымдасына және 866 жануарлардың түріне жататын 7888 данасының коллекциясын көп жылдар бойы зерделеп жасалған еңбек.

Каталогта музейдің тарихы мен қызметі, коллекцияларды толықтыруға ат салысқан коллектор-ғалымдар туралы және музей қызметкерлері жайында жан-жақты деректер берілген.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Биология музейі 80 жылдан артық халыққа қызмет көрсетіп келеді, осындағы жануарлар дүниесінің бай коллекциясы Республика аумағындағы жоғары оқу орындары арасындағы ең ірі мекемелер санатына жатады. Бұл коллекциялар Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі № 593 Заңының 8 бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 1413 «Зоологиялық коллекциялар жинау мен мемлекеттiк есепке алу Ережелеріне» сәйкес ғылыми, мәдени-ағартушылық, оқу-тәрбиелiк және эстетикалық құндылығы бар жинаққа жатады, қабылданған тәртіп бойынша оған жататындар: жануарлардың өзі, ылғал және құрғақ препараттары, сонымен қатар организмдерінің ылғал және құрғақ күйіндегі бір бөліктері: нақтұлып, тұлып, қаңқасы және оның бөліктері, құстардың жұмыртқалары.

Биология музейінің экспозициялары және қор коллекциялары үлкен ғылыми және оқу-ағартушылық мәнге ие, Қызыл кітапқа тіркелген жануарлар дүниесін қорғауда экологиялық және табиғат қорғау шараларын насихаттауда үлкен қызмет атқарады. Музей коллекцияларының ғылымдағы үлесіне ешкім шүба келтірмейді. Коллекцияның әрбір экспонаты жүйелік, морфологиялық, экологиялық, зоогеографиялық және кадастрлық өте құнды ғылыми ақпараттарға ие. Мұражайдағы омыртқалы жануарлардың көбі Қазақстан аумағында кездесетін аңдар мен құстар, соның ішінде өте құнды эндемикалық түрлермен қатар, сирек және жойылып кету қаупі төнген жануарлар да кездеседі, сондай аңның бірі жер бетінен 70 жыл бұрын жойылып кеткен тұран жолбарысының нақтұлыбы.

Музей қызметкерлері соңғы жылдары коллекция қорындағы жануарларды зерттеп және зерделеп, жүйелік каталогымен электронды мәліметтер базасын дайындап, үлкен жұмыс атқарып анықтағыш жасады. Осы еңбек арқылы көп жылдар бойы жиналған музей коллекциясын ғылыми ортаға қол жетімді етіп, оларды ғылыми және оқу-ағарту мақсатында пайдалануға кеңінен жол ашу.

Авторы Мұсабеков Қылышбай Сәтімбекұлы, б.ғ.к., университет түлегі, 1980-2008 жылдар аралығында ҚР БҒМ зоология институтында лобаранттан аға ғылыми қызметкер дейін қызмет атқарып, уақтысында Москва, Санкт-Петербор, Ташкент, Ашхабат қалаларының ғылыми-зерттеу институттарының, М.В. Ломоносов атындағы ММУ (МГУ), В.И. Ленин атындағы ОМУ (СаГУ, Ташкент) университеттерінің зоологиялық коллекцияларының жұмыс ретімен танысқан ғалым. Музейде 2008 жылдан бері жұмыс жасап келеді.

Жауапты редакторы биология ғылымдарының кандидаты, елімізге белгілі орнитолог Н.Н. Березовиков

Кітап биолог-студенттерге, магистранттар мен PhD және зоолог мамандарға, музей қызметкерлеріне, өлкетанушыларға, табиғат қорғау салысындағы мамандарға арналған.

Кітаптың тұсаукесері 2020 жылдың 27 ақпанында өтеді. Барлықтарыңызды шақырамыз.