«Фараби әлемі» студенттер мен жас ғалымдардың VI халықаралық конференциясының биология және биотехнология факультетінде ашылу рәсімі

09.04.2019

Көрулер: 2098

Құрметті конференцияға қатысушылар!

 

Сіздерді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультетінде «Фараби әлемі» студенттер мен жас ғалымдардың VI Халықаралық конференциясының ашылуында қарсы алуға қуаныштымын.

Бұл әр жыл сайын көктем кезінде Фараби оқулары аясында ұйымдастырылатын студенттік конференция.

Конференцияның мақсаты – студенттердің ғылыми-зерттеушілік және оқу-танымдық қызметін ынталандыру; шығармашылық қабілеттерін ашу, талантты және дарынды студенттерді іріктеу және қолдау; студенттердің интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыруды қолдау; студенттер мен жас ғалымдарды біздің заманымыздың ғылыми мәселелерін шешуге тарту.

Биылғы жылы біз 39 түрлі ұйымнан, соның ішінде әртүрлі қалалардағы университеттерден, ғылыми-зерттеу институттары және орталықтарының студенттері, магистранттары мен жас ғалымдардан 365 тезис қабылдадық

Дәстүр бойынша конференция 4 секциядан тұрады, онда ауызша презентациялармен 82 баяндама тыңдалады.

Сіздерге әрбір секцияның төрағаларын, сондай-ақ біздің конференцияның ашылуына спикер ретінде шақырылған конференцияның қонақтарын таныстырып өткім келеді.

«Биология және биоалуантүрлілікті сақтаудың өзекті мәселелері» секциясының төрайымы – Курманбаева М.С., «Биофизика, физиология және биомедицинаның қазіргі мәселелері» секциясының төрағасы - Тулеуханов С.Т., «Экология, генетика және молекулалық биология мәселелері» секциясының төрағасы - Айташева З. Г., «Қазіргі заманғы биотехнология мәселелері» секциясының төрағасы – Кистаубаева А.С.

Ал енді конференциямыздың қонақтарымен таныстыруға рұқсат етіңіздер:

-         Лотарингия университеті, ENSAIA мемлекеттік агрономия және тамақ өнеркәсібі жоғары мектебінің профессоры (University of Lorraine, France)  - Сирил Фейд.

Сирил Фейд «микроластағыштар мен олардың тағам тізбегіндегі қалдықтары» зерттеу тобының жетекшісі болып табылады. Бүгін ол келесі тақырып бойынша баяндама жасайды: «Chlordecone a paragon of old chlorinated pesticides fate from environment to the Food chain – Human health implications».

Біздің келесі қонағымыз – Түркиядан келген Қарадениз техникалық университетінің профессоры Демирбаг Зихни. Профессор Демирбаг Молекулалық биотехнология кафедрасының меңгерушісі. Ол вирустардың молекулярлық биологиясы саласындағы білікті маман. Бүгін біз «Enhanced insecticidal activity of Chilo iridescent virus expressing an insect specific neurotoxin» тақырыбындағы баяндамасын тыңдаймыз.

Және біздің қонағымыз, медицина ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Муминов Талғат Ашировичті таныстыруға рұқсат етіңіздер. Талғат Аширұлы – фтизиатр-дәрігер, медицина ғылымдарының докторы (1992 ж.), профессор (1994 ж.), ол АГМИ-ды (1976 ж.) бітірді. 1995 жылдан 2008 жылға дейін – С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры болды, 2004-2008 жылдары – ҚР ҰҒА Биология және медицина ғылымдары бөлімін басқарды. Ғылыми зерттеулерінің негізгі бағыттары: туберкулезбен ауыратын науқастардың өкпесінің дәнекер тінінде патологиялық процестердің биохимиялық негіздерін, Mycobacterium tuberculosisтің төзімділігінің кейбір гендік-молекулалық аспектілерін зерттеу.

Бірақ бүгін біз оның «Әл-Фараби, Абай, Шекспир және қазіргі заманғы медицина» тақырыбындағы қызықты баяндамасын тыңдаймыз.

Бүгінгі конференциямыздың қызықты ашылу бағдарламасы осындай.

Енді сөзді баяндамасы үшін профессор Сирилл Фейдке беремін.

Факультет деканы - Б.Қ. Заядан.

@Лебедева Л.П, Баубекова А.С., Мелдебекова А.А.