Қадірменді Әділ Ережепұлы 70 жаста!

06.03.2019

Көрулер: 1971

Сізді 70 жасқа толған мерей тойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Осы таңда адам өмір жолының асқар биігі – жетпістің шыңына шығып отырған сізді, биология және биотехнология факультеті және биотехнология кафедра ұжымы саналы ғұмырын білімді ұрпақ тәрбиелеуге арнаған зиялы азамат ретінде таниды.

Ұзақ жылдар бойы биология және биотехнология факультеті деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін, сонымен қатар, факультеттің және университеттің  магистратурасы бөлімін басқардыңыз. Жоғары кәсіби дәрежеңізді, жұмыстағы жауапкершілігіңізді және басшылық қызметтегі қағидашылдығыңызды, төзімділігіңізді ескере отырып, Сізге 2005-2007 жылдары М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің Жаратылыстану-педагогикалық факультетінің деканы қызметі ұсынылды.

Сіз, 200-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектердің авторысыз. Соңғы жылдары шет ел тілдерінен қазақ тіліне бірнеше оқулықтарды аудардыңыз. Сондай-ақ, ҚР БҒМ-нің магистратура мәселелері бойынша ұйымдастырылған комиссияларының құрамында жұмыс істеп, республика ЖОО-нда  магистратура бөлімдерінің ашылып, олардың дамуына өз үлесіңізді қостыңыз.

Білім беру ісімен қатар, биохимия, өсімдіктер биотехнологиясы, физиологиясы және эмбриологиясы салаларының маманы ретінде соңғы жылдары ҚР БҒМ-нің және Халықаралық жоба ғылыми жобаларға жетекшілік еттіңіз. Сіздің ғалым-ұстаз ретінде жетекшілігіңізбен 3 кандидаттық диссертация, 90-нан астам студенттер магистрлік диссертациялар мен дипломдық жұмыстар қорғады. Сіз өз жұмысына жауапты, оқу үдерісін жақсы ұйымдастырушы маман, биология және биотехнология факультетінің ұжымы мен студенттер қауымы арасында үлкен құрметке иесіз.

Қадірменді Әділ Ережепұлы, Адам өмірінің ең бір асыл кезі, асқар белі – 70 жасқа келіп отырсыз. Бұл жасқа өміріңіз қуатты, көңіліңіз шуақты қалпыңызда жеттіңіз! Осындай қарқыныңыздан қалмаңыз, шабысыңыздан танбаңыз. Елге етер еңбегіңіз, келер ұрпаққа берер тәліміңіз алдағы уақытта жалғасын табады деп сенім білдіреміз.

Биология және биотехнология факультетінің ұжымы Сізге және сіздің шаңырақтарыңызға шаттық, баянды бақыт, зор денсаулық тілей отырып, өмірдің барлық қуанышын қызықтап, кісілік келбетіңізден танбай, несібе-дәулетіңіздің арта беруін тілейміз!

 

@A.Мелдебекова, @M.Нармуратова