Профессор Қайыржан Бекхожиннің академиялық мұрасы ұлықталды

15.05.2021

Көрулер: 2053

   Қайыржан Нұрғожаұлы Бекхожин – қазақ баспасөзінің шежіре беттерінен ерекше орын алатын тұлға. Ұлттық төл баспасөзіміздің тарихын оның есімінсіз алып қарау мүмкін емес. Профессор Қайыржан Бекхожин қазақ журналистикасының тарихи мұрасын зерттеуші ғалым ретінде ХХ ғасырдың 50-60 жылдарынан бастап ғылыми ортада танылды. Ғалымның сонау отызыншы жылдардағы журналистік мұрасы мен қырқыншы жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөлімінің іргетасын қаласқан жылдардағы еңбек жолы, қаламынан туған публицистикалық зерттеулері бүгінгі төл баспасөзіміздің өз алдына ғылым болып қалыптасуына үлкен әсерін тигізді.

   Бүгін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде VIII Бекхожин оқулары аясында «БАСПАСӨЗДІҢ БОЛАШАҒЫ: БОЛЖАМДАР МЕН ПРАКТИКАЛЫҚ ШЕШІМДЕР» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференциясы болып өтті. Конференцияны журналистика факультетінің деканы С. Медеубекұлы кіріспе сөзбен ашты. Кіріспе сөзден соң факультет түлегі, журналист О. Айдарбектің «Ғұмырлық шарайна» атты деректі фильмінің көрсетілімі https://youtu.be/97eza0GVr7w   ұсынылды. Жиында Баспасөз жəне электронды БАҚ кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ғ. Майкотованың «Қайыржан Бекхожин – ұстаз, ғалым, публицист» атты баспасөз зерттеушісінің шығармашылығын тұтас қамтыған баяндамасы тыңдалды.  

    Конференцияда Ахмет Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-түрік университетінің профессоры Құлбек Ергөбек қазақ баспасөзінің майталман тарихшысы жайында жан-жақты сөз қозғады. Сонымен қатар Қайыржан Бекхожиннің жанұя мүшесі, ақын Қалижан Бекхожиннің жары Зайдахан Бекхожина, тарих ғылымдарының докторы, профессор Лайла Ахметова, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Клара Қабылғазина, жазушы-журналист Қайым-Мұнар Табеев, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры Мәншүк Мұқашевалар жарыссөздерге қатысып, Қайыржан Бекхожиннің ғалым ретіндегі азаматтық позициясының қыр-сырын ашуға тырысып, түрлі естеліктерімен бөлісті.

       Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қайрат Сақ қазақ баспасөзі мен көсемсөзі тарихын зерттеушілер еңбегінің өміршеңдік маңызына тоқталып өтті. Ғалым бүгінгі қазақ баспасөзі тарихының рухани құндылығына ерекше мән бере келіп, оны қазіргі студенттерге де тереңдетіп оқытудың қажеттігін ерекше атап өтті. Ал кинотанушы, PhD докторы, Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Кино тарихы мен теориясы кафедрасының доценті Қ. Бекхожиннің жиен немересі  Баубек Нөгербек профессордың шығармашылық мұрасын таныту мақсатында деректі кинолар түсіріп, оны республикалық телеарналар арқылы таратуға өз үлесін қосатынын жеткізді. Сондай-ақ журналистика факультетінің аға оқытушысы Л. Нода ғалым еңбектерінің маңыздылығына тоқталып, Қазақстан баспасөзі тарихының сабақтастық байланыстарын нығайту бағыттарына сараптамалар жасады. Онлайн-конференцияны баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор Г. Сұлтанбаева «Қазақ журналистикасының қара нары» атты ғылыми баяндамасымен қорытындылады. Жиын соңында Қ. Бекхожин оқуларына арналып студенттер арасында жарияланған б а й қ а у қорытындысы бойынша жүлделі орындар тағайындалып, шәкіртақылар берілді.

     Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің 1-курс студенті, «Ең үздік тележоба» номинациясы бойынша А.Маликаждарова «Ғибратқа толы ғұмыр» https://youtu.be/0bVl77ToA8A хабары үшін 1-орынға ие болды. Оған белгілі алаштанушы ғалым,  Қ. Бекхожиннің үздік шәкірті Т. Жұртбайдың атаулы стипендиясы берілді. Сонымен қатар журналистика факультетінің 3-курс студенті Д. Яхьярова мен «Тұран» университетінің 3-курс студенті Б. Тұрысбекова «Ең үздік ғылыми жұмыс» номинациясы бойынша 1-2-орындарға ие болды. Журналистика факультетінің 3-курс студенті А. Аукешева «Журналистика в ХХI веке» атты ғылыми-зерттеу жұмысы үшін 2 орынға лайық деп табылды.

   Ал журналистика факультетінің 101-топ студенттерінен құрылған «Жас толқын» тобы, «Ең үздік радиобағдарлама» номинациясы бойынша «Бекхожин әлемі» https://youtu.be/m5Bc9oUuffo радиохабарын ұсынып, 2-орынды жеңіп алды. «Ең үздік тележоба» номинациясы бойынша «Қазақ баспасөзінің ақиығы» https://youtu.be/WDycgnyfTTU атты телесюжеті үшін 3 курс студенті  Ж. Қуантай, ал «Ең үздік ғылыми жұмыс» номинациясы бойынша М. Матрунина мен А. Кшнякиналар 3-орындарға ие болды.

   Конференцияға Қ. Бекхожиннің туыстары, шәкірттері, журналистика және бұқаралық коммуникация зерттеушілері, журналистика факультетінің оқытушы-профессорлары, БАҚ мамандары, студенттер мен магистранттары және докторанттар қатысты.

 

  Ғалия Майкотова,

  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

  университетінің Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының доцентi,

  филология ғылымдарының кандидаты.