Журналистиканың қара нары – Әбілфайыз Ыдырысов атындағы оқулар өтті

10.04.2021

Көрулер: 1435

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультеті Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұйымдастыруымен көрнекті ғалым, ұстаз, жазушы, публицист, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Әбілфайыз Ыдырысовты еске алуға арналған «Баспа ісі және медиадизайн: қазіргі трендтер, проблемалары және келешегі» деген тақырыпта Ыдырысов оқулары өтті.

Бұл байқауда студенттер мен магистранттар өз жұмыстарын ұсынып, бақ сынады. Байқау негізгі екі бағытта өтті. Бірінші бағыт, баспа ісіне арналса, екінші бағыт дизайн саласына арналды. Жұмыстарға осы екі бағытта әділ-қазы алқасы сайланып, келіп түскен еңбектерді өз санаты бойынша бағалады.

Конференция модераторы, журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубек: «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінде өмір бойы еңбек еткен ұлағатты ұстаз, қарымды қаламгер, замансөзгер, профессор Әбілфайыз Ыдырысов атындағы оқуларын өткізіп отырмыз. Естеріңізде болса, былтыр 19-қыркүйекте Ә.Ыдырысов атындағы аудитория ашылған болатын. Сол конференция аясында Ыдырысов атындағы шәкіртақы тағайындалды. Ұлағатты ұстаздың әулеті бұл шәкіртақыны 10 жыл бойы тұрақты беріп отырмақ. Сондықтан, біз оқу жылы бастала салысымен, студенттер мен магистранттар арасында Ә.Ыдырысов оқуларын 5 аталым бойынша жарияладық. Көптеген жұмыстардың ішінен 20-шақтысы іріктеліп әділқазылар алқасына ұсынылды. Соның ішінен ең үздіктерін анықтап, бүгін марапаттап, шәкіртақысын тапсырып отырмыз», - деді. Сонымен қатар, С.Медеубекұлы ұстаз Әбілфайыз Ыдырысовтың еңбек жолына, әсіресе, Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ғылыми негізін бір жолға салып кеткен ғалым ретіндегі еңбегіне үлкен баға берді. Бұл байқауға құнды, мағыналы жұмыстар келіп түскенін, мұндай байқауға қатысуға деген құлшыныстың өзі ұстазға деген құрмет екенін ыстық ықыласпен атап өтіп, қатысушыларға Әбілфайыз Ыдырысовтың ұлы Ерлан Әбілфайызұлының марапат хатын оқып берді.

Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі Айгүл Әмірғалиқызы, ұстаздық, адамгершілік, қарапайымдылық қырларын еске алып, Әбілфайыз ұстаздың айналасына мейірім шуағын төге білген ізгі жан, ұстаз бен шәкірт арасында керемет құрметті сезіндірген абзал ғалым екендігін үлкен сағынышпен атап өтті. Ұстаздың ізін жалғаған жас буынға Ыдырысовтар әулетінің Әбілфайыз Ыдырысов атындағы жаңа аудиторияны жасақтап бергені үшін алғысын да білдірді.

Кітап ісін, мәдениетін, стандартын зерттеуші, Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының оқытушысы Қоңыр Мұқатаева: «Бүгінгі оқуларға көптеген студенттер қатысты. Бәрінің жұмыстарымен танысып шықтық. Бәрі талпыныпты, ізденіпті, оқыпты. Жаңадан бастау алған Ыдырысов оқуларының келешегі зор деп білемін. Осы оқулармен Әбілфайыз Ыдырысовтың екінші ғұмыры басталды деп түсінемін. Ұстаздың ғылымдағы мұрасын зерттеу басталып жатыр, бұл оқулар жыл сайын жалғасып отыратын дәстүрге айналады деп сенемін» - деп ойын білдірді.

Баспасөз бағыты бойынша әділ-қазылар алқасының мүшесі ретінде Алаш халықаралық сыйлығының лауреаты Нұржан Қуантайұлы сөз алып, Әбілфайыз Ыдырысовтың баспасөз саласындағы газет дизайны сабағынан бергенін еске түсірді. Жол көрсеткен, теория мен қатар тәжірибені қатар алып жүруге септігін тигізген ұстамы мықты ұстаз екенін айтты. Елу жыл бойы қызмет етіп, шәкірт тәрбиелеп жол көрсеткен ұстаздың, ғалымның атын өшірмейтін шәкірттері, сол шәкірттердің атсалысқан еңбегін бағалаудың өзі бір құрмет екеніне тоқталды. Әділ-қазылар талабы бойынша бастан-аяқ пікірін айтқанын, объективті болуға тырысқанын, жұмыстардың артық-кемшілігін ашық айтқанын ескертті. Нұржан Қуантайұлы бұл оқулардың жандана беруіне тілектестік білдірді.

Дизайн бағыты бойынша әділ-қазы мүшесі, Дизайнерлер одағының төрағасы Қамбарбек Көшенов: «16 жұмыс келіп түскен екен, тиісінше саралап, лайық бағасын бердік. Дизайнер одағының атынан осы қатысушыларға ынталандыру дипломдарын қарастырдық. Жастардың байқауларға қатысуы қуантты» деген лебізін білдірді.

«Дизайн өнерінің үздік туындысы» номинациясында 3 орын 3 курс студенті Джумахметов Жігерге, «Үздік ғаламтор жарияланымы» номинациясында 3 орын 3 курс студенті Майдархан Данагүлге, «Үздік мультимедиялық жоба» номинациясында 3 орын 1 курс студенті Мейірбек Баянға, «Үздік ғылыми жұмыс» номинациясында 2 орын 2 курс студенті Жібек Құдайбергеноваға, «Дизайн өнерінің үздік туындысы» номинациясында 2 орын 1 курс магистранты Жумашева Жазираға, «Үздік ғылыми жұмыс» номинациясында 1 орынды 3 курс студенті Дарбаева Даянаға берілді. Жастарды жеңісімен құттықтаймыз!

Сәтті басталған алғашқы Ыдырысов оқулары ары қарай да жалғасын тауып, жыл сайын білікті баспагер, шебер дизайнерлердің басын қосатын үлкен халықаралық байқау боларына сеніміміз мол.

Шынар Әбілда