НҰРБОЛ ЖАУЫНБАЕВ – БАС ЖҮЛДЕ ИЕГЕРІ

15.11.2020

Көрулер: 1729

2020 жыл «Абай жылы» ретінде есте қалғаны анық. Хакімнің мерейтойына еліміздегі жоғары оқу орындары түгел дерлік атсалысып, бірі ғылыми конференция өткізсе, бірі Абай мұраларын ән кештерімен дәріптеді. Осындай бағытта Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде өткен «Өлең-сөздің патшасы» атты республикалық жас ақындар айтысында «баспа ісі» мамандығының студенті Нұрбол Жауынбаев бас жүлде иеленіп, мерейімізді асырды.

Абайдың 175 жылдығына орай өткен додаға еліміздің әр өңіріндегі жоғары оқу орындарынан студент айтыскерлер қатысты. Іріктеудегі он төрт ақынның арасынан төрт ақын ғана іріктеліп, Нұрбол сол көптің емес, төрттің бірі ретінде ақтық мәреге жетті. Финал алды өнер додасында қыз бен жігіт айтысында астарлы әзіл, ұтымды жауаппен озық шыққан шәкіртіміз бас жүлде үшін таласта өзімен түйдей құрдас Жасар деген жас ақынмен сөз қағыстырып, бас жүлдені иеленді. Жасармен айтыста өзінің әл-Фараби атындағы үздік оқу ордасының студенті екенін әдемі әспеттеген Нұрбол Жауынбаев әл-Фараби мен Абай өміріндегі ұқсастықтарды ұтымды көрсетіп, өлеңмен келісті кестелей білді. «Қос ішек домбыраны қолыма алып, қос тұлғаның арасын жалғап келдім» деген Нұрболдың осы секілді тосын ой, тұщымды тіркестерін қазылар да ерекше бағалағандарын айта кетті.

Бас жүлдені ұтып алған Нұрбол Жауынбаев арнайы дипломмен және 300 мың теңгемен марапатталды. Шәкіртті айтулы додаға дайындаған ұстазы, баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының аға оқытушысы Дәрмен Смайыл да оқу орыны басшылығы тарапынан арнайы Алғыс хатқа ие болды.

«Айтыста әуелі керегі ой деп ойлаймын. Сол ойды әдемі сөзбен, шымыр ұйқаспен жеткізе білу ақынның шеберлігіне байланысты. Сондықтан бұл табысым – менің ғана емес, университетімнің де жеңісі. Ал бұл жеңістердің басы ғана деп ойлаймын» дейді болашағынан зор үміт күттіретін жас айтыскер ақын.