Ақын, жазушы Нұржан Қуантайұлы - 50 жаста

22.01.2021

Көрулер: 2068

Қазақ әдебиетіне жаңаша серпін берген жазушы, ақын, ғалым, журналист, ұстаз, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Нұржан Қуантайұлы 50 жасқа толды. Осыған орай, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінде Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұйымдастыруымен "Баспа ісі және әдеби үдеріс: жазушы, редактор, оқырман" атты халықаралық дәрежедегі ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция өтті.

Мерейтойлық шара университет фойесіндегі фотокөрмеден басталып, факультеттің "Адалдық алаңы" атты сөреге Нұржан Қуантайұлының өз кітаптарын ұсынуымен жалғасты.

"Нұржан Қуантайұлы әдебиетке өзінің қолтаңбасымен, өзінің үнімен келген ақын. Сонау 90 жылдардың өзінде ол жарқ ете қалып, бүкіл әдебиет сүйер қауымды елең еткізген болатын. Нұржанның айта берсек, ондай қыры көп. Қазақта сөз бар ғой, «сегіз қырлы, бір сырлы» деген. Шындығында да, сондай талант", – дейді сыншы, халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілікұлы

Қаламгердің мерейтойына орай, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев құттықтау хат жолдады. Сондай-ақ, университет басшылығы Нұржан Қуантайұлына "Ерен еңбегі үшін" төсбелгісін табыс етті. Конференция барысында Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Мәдениет спорт министрлігі атынан Мәлік Отарбаев, Түркиядан Yakup Omeroglu , АҚШ-тың Колумбия университетінен Гүлнар Кендірбай жылы лебіздерін білдірді.

"Бұл жиын "50 жасқа келгенде бір есеп бер", деп ағаларымыз ұсыныс тастаған соң, сол есеп беру жиыны сияқты болды. Бұл кісілер авансымен бізге ықылас білдіріп жатыр. Келешекте осы авансты, аманатты орындау міндеті бар. Сондықтан қалай болса да, бұл 50 жас адамның бір өмір кезеңі", – деді ақын, жазушы Нұржан Қуантайұлы.

Автор студенттік шағында әдеби ортаға "Қара өзек" романымен танылған еді. Бүгінде проза, поэзия жанрында қатар қалам тербеп жүрген Нұржан Қуантайұлы ғылыми-әдеби еңбекпен айналысып қана қоймай, шәкірт тәрбиелеуде.