Оқытушылар мен студенттер Клаудия Мелладоның «Beyond Journalistic Norms» атты жаңа кітабының тұсаукесеріне қатысты

08.10.2020

Көрулер: 1510

8-қазанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің оқытушылары мен студенттері алғаш рет "Beyond Journalistic Norms" атты жаңа кітаптың салтанатты тұсаукесеріне қатысты. Шара онлайн Zoom платформасында өтті. Аталмыш кітаптың авторы чилилік журналистика және коммуникация зерттеушісі, Ponteficia Uneversidad Catholica de Valpaisoin профессоры Claudia Mellado.  Кітап авторы сонымен қатар, 18 ел ғалымдарының басын қосқан "Journalistic Role-Playing" атты жобаның ұйымдастырушысы.  

Конференцияға Вашингтон университетінің медиа және қоғаммен байланыс мектебінің директоры, профессор Сильвио Вайсборд, Тампере университетінің профессоры Карле Тапани; профессор Омар әл-Газзи; Генри Силке; Сергей Давыдов; әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультетінің профессоры, «Journalism Students across the Globe: Professionalization, Identity and Challenges in a Changing Environment» жобасының қатысушысы Галия Ибраева; зерттеуші Адриана Амадо сынды коммуникация саласының білікті мамандары қатысты. 

Шара барысында автор өзінің сүбелі еңбегін және журналистерге арналған жобаларын қатысушыларға таныстырып, кітапты шығаруға ат салысқан білікті мамандармен жұмыс барысында өткізген қызықты жайттарымен бөлісті. Ал тұсаукесердің жақсы өтуіне себепкер болып, басы-қасында жүріп, модератор болған – профессор Амаранта Альфаро. Барлық қатысушылар конференция барысында белсенділік танытып, кітап жайлы пікірін айтып, авторға деген жылы лебізін білдірді.

Кітаптың шыққанына көп уақыт өте қоймаса да, сиясы кеппеген жаңа кітаппен танысып, ол жайлы ойларын бөліскендер де аз болмады.  Бұл жарық көрген оқу құралы журналистерге бағыт-бағдар беретін, жұмыс барысында зор пайдасын тигізетін еңбек болмақ.

 

Мадина Серік, 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 3 курс студенті