ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасы Париждегі ЮНЕСКО штабы бекіткен жаңа логотипке ие болды.

23.05.2020

Көрулер: 1774

Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтер әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасына ресми логотип жолдады.

2020 жылдың 31 қаңтарында Нұрсұлтанда өткен ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша Ұлттық комиссия мәжілісінде Мәдениет және Спорт министрі, Ұлттық комиссияның Төрағасы А.Раимқұлова әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетіндегі ЮНЕСКО кафедрасының атқарған жұмысын жоғары бағалаған еді. Көп уақыт өтпей, 18 наурыз күні КР СІМ ЮНЕСКО Хатшылығы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1996 ж. құрылған ЮНЕСКО, халыкаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының мәртебесі жайындағы келісімнің жарамдығын 2022 жылдың 5 мамырына дейін ұзартқаны туралы ақпаратты хабарлады. Бұл қуанышты хабар тек  ЮНЕСКО кафедрасы үшін ғана емес, журналистика факультеті мен ұлттық университет үшін де үлкен жетістік деп есептейміз.

ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының меңгерушісі, профессор Н.Т. Шыңғысованың ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында кафедра Париждегі ЮНЕСКО штабы бекіткен жаңа логотипке ие болды. «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика және коммуникация жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасының ресми логотиптерін жіберуге қуаныштымыз. ЮНИТВИН / ЮНЕСКО кафедралары бағдарламасы аясындағы ынтымақтастық үшін алғыс айтамыз», - деген мазмұндағы хат арқылы жолданған жаңа логотип кафедра ұжымының нәтижеге бағытталған тиімді еңбегінің жемісі екендігі анық.

ЮНЕСКО-ның «Жоғары білім беру» бөлімінің меңгерушісі П.Уэлс мырза Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтановқа жазған хатында: «кафедра қол жеткізген нәтижелерге орай, оның жұмысына оң баға беріп, ЮНЕСКО кафедрасы ЮНЕСКО-ның коммуникацияны дамытудың халықаралық бағдарламасының (IPDC) саясатын, әлеуетін арттыру құралдары мен басымдықтарын, сондай-ақ 2030 жылға дейінгі бекітілген жоспарына ықпал ету мақсатында ЮНЕСКО-ның журналистика саласындағы Хатшылығымен тығыз байланысты жалғастыратынына сенімдімін» - деп жазды. Журналистика факультеті ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының бұл жетістігі халықаралық деңгейде белсенді қызмет атқарып, тұрақты даму саласындағы міндеттерді өз деңгейінде орындалып отырғандығын көрсетеді.

 

Жалғас Иманалиев аға оқытушы.

ЮНЕСКО, халықаралық журналистика

және қоғамдық медиа кафедрасы