Польшадағы Халықаралық конференцияға қатысып қайтты

15.01.2020

Көрулер: 1530

    Кафедрамыздың бір топ оқытушылары мен магистранттары, студенттері Польшаның Слубице қаласында болған «ХХІ ғасырдағы Еуропа» атты Халықаралық ғылыми конфренцияға қатысып қайтты. Биыл аталған ғылыми басқосу биыл 20-шы рет өткізілді. Конференцияда тұңғыш рет қазақ тілінде секция жұмыс істеді. Слубице қаласында өткен жылы өзінің ғасырлық мерейтойын атап өткен Адам Мицкевич атындағы университеттің филиалы орналасқан. Бұл мерейтойға да кафедра оқытушылары қатысып қайтқан болатын. Осы жылдар ішінде Университет үлкен даму жолынан өтті. Құрылғаннан бері университет елдегі ең танымал және беделді университеттердің біріне айналды. Ол поляк жоғары білімінің танымал көшбасшыларының бірі болып қала береді. Познаньдегі Адам Мицкевич университеті Польша Республикасының білім беру қызметтері нарығында көптеген жылдар бойы жұмыс істеп, елдегі ғана емес, сонымен бірге әлемдегі жетекші оқу орындарымен сәтті бәсекеге түсетін бірегей университеттің беделіне ие болды. Қазір университетте басқа елдерден, оның ішінде Қазақстаннан келген 1000-ға жуық студент білім алуда.

     Конференция барысында шығыс тілдері факультетінің ұжымына ұлы ақын Абай Құнанбайұлының бюсті, саяси ғылымдар және журналистика факультетінің кітапханасына әл-Фараби бабамыздың шығармалары, анықтамалықтар мен зерттеулер, сондай-ақ «екінші ұстаз» бейнесі салынған кілемше табыс етілді. Кафедра өкілдері Берлин қаласында болып, қазақтың ұлы саяси қайраткерлерінің бірі Мұстафа Шоқайдың қабіріне зиярат етті.

 

Жетпісбай Бекболатұлы