Қазақ публицистерінің тағылымдық танымы шеберлік сыныбында

08.02.2020

Көрулер: 2105

Жақында журналистика факультетінде «Публицистің шығармашылық шеберханасы» пәнінің аясында филология ғылымдарының кандидаты, доцент Римма Жақсылықбаева 3-курс студенттерімен біріге отырып, «Қазақ журналистикасының ақмылтық майталмандары» тақырыбында шеберлік сыныбын өткізді. Ерекше әсерге толы дәрісте төрт топтың студенттері жеке публицистер шығармашылығына қатысты қойылымдар қойып, сол арқылы қазақ журналистерінің публицистикалық еңбектері мен редакторлық шеберліктерін, азаматтық болмысын көрсете білді.

1-топ студенттері Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» мен «Махаббат жыры» романдарынан көрініс қойып, студент пен ұстаз арасындағы қызықты оқиғаны, студенттердің емтиханға дайындығын, жазушының жарына деген адал махаббатын әдемі бейнелеп көрсетті. 70-ші жылғы ретро-стильде киінген топ қыздары сол кездерге бір керемет саяхат жасағандай күй кештірді. 2-топ студенттері Оралхан Бөкейдің «Құм мінезі», «Тортай мінер ақ боз ат», «Қар қызы» шығармаларын бір-бірімен ұштастыра отырып, Оралхан өміріндегі ақ пен қараны көрсете білді. «Жанталас» деп аталған топ қойылымы философиялық мәнге ие ерекшелігімен дараланды. Осы топ студенттері Алланың нұры жауып тұрған жұма күні Оралхан Бөкейдің зиратына барып құран бағыштап қайтқаны туралы видеожазбаларын да сәтті ұсына білді. 3-топ студенттері ақын Мұхтар Шаханов шығармашылығындағы желтоқсан ызғарын, еліне деген махаббатын тамаша қойылым көрсетіп, соңында, Тәуелсіздікті аяз ата ала дорбасымен әкеліп берген жоқ, қаншама жастардың қайсарлығымен келгендігі тілге тиек етілді. 4-топ студенттері сыншы Сағат Әшімбаев шығармашылығын жеке өмірімен байланыстыра отырып, бейнелеп көрсетті. Бір оқу орнында оқып, бірге жүрген досы, өмірлік жары Шәрбану Бейсеновамен отау құрған сәтін тамашалағанда сол кезеңдегі тойдың ортасында жүргендей болдық.

Жалпы, «Публицистің шығармашылық шеберханасы» пәнінен көп тәжірибе жинап, публицист-қаламгерлер шығармаларын жан-жақты талдауға, салыстырып, пікір білдіруге дағдыландық. Осы дәріс арқылы мұрағатта сарғайған газеттерден беймәлім мәліметтердің қыр-сырын ашып, Әзілхан Нұршайықов, Сапар Байжанов, Камал Смайылов, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Олжас Сүлейменов, Оралхан Бөкеев, Сағат Әшімбаев, Мұхтар Шаханов, Сауытбек Абдрахманов, Жанболат Аупбаев сынды журналистер шығармашылығының көптеген шеберлік қырларына үңілдік.