Оқушыларға арналған журналистика курсы

28.02.2020

Көрулер: 1790

Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы оқушыларға арналған үшкүндік журналистика курсын өткізді. Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын республикалық  мектеп-интернат оқушыларына Журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы ұйымдастырған курс бірнеше саланы қамтыды. Алғашқы дәріс PhD докторы Әлімжанова Әйкерім «Мультимедиа технологиялары» тақырыбына арнады. Еркін форматта өткен кездесу барысында оқушылар өзекті сұрақтарға жауап алып, SMM мамандырының артықшылықтары, сайт-порталдардың қоғамдық мән-маңызы туралы біршама ақпарат алды. Шеберлікке баулу дәрістерін кафедра профессоры Клара Қабылғазина  «Радиожурналистика негіздері», доцент Жидегүл Әбдіжәділқызы «Тележурналистика негіздері» тақырыбын жалғастырды. Оқушылар көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, пайымды жауап алды. Мұндай кездесулер білім ордасының оқушылары үшін таптырмас мүмкіндік Өйткені, кездесу бейреси форматта, емен-жарық әңгімеге арқау болып, мамандық төңірегіндегі маңызды тақырыптар қозғалды.

Курстың соңғы күндері кафедраның PhD докторы Ақынбекова Алтын «Радиожурналистің тікелей эфир жүргізудегі шеберлігі» дәрісін, «Серпер», «Шабыт» сыйлықтарының лауреаты, аға оқытушы  Бауыржан Әліқожа «Сұхбат алудың әдіс-тәсілдері» тақырыптарына шеберлік сыныбын өткізді. Аға буын мен кейінгі толқын жастардың арасындағы тығыз байланысқа құрылған кездесу көптің көңілінен шығып, ерекше әсер қалдырды. Мектептің 10, 11 сынып оқушылары сала мамандарына көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойысып, тұшымды жауап алысты.