Іскерлік журналистикадағы жаңалық

15.10.2019

Көрулер: 1746

14 қазанда журналистика факультетінің үлкен залында Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының «Ұлттық рух ұясы» апталықтарының аясында факультет түлегі, «Кaspi Bank» АҚ баспасөз хатшысы Ербол Азанбектің студенттерге шеберлік сыныбы болып, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығынан 2019 жылы жарық көрген «Іскерлік журналистика» - көмекші құралының таныстырылымы болып өтті. Ол болашақ журналистер мен журналистика факультеттерінің оқытушыларына, медиа өкілдеріне, көпшілік оқырманға арналған.
Іскерлік салада жазып жүрген практик мамандардың мақалаларынан тұратын кітапта экономика, қаржы, бизнес тақырыбында жазуға арналған кеңестер, ақпараттар мен мультимедиа құралдары қамтылған.
Әсия Акишеваның «Іскерлік журналистикаға кіріспе: «Үңгір» дәуірінен смартфон заманына дейін», Алибек Аллияров пен Ербол Азанбектің «Іскерлік журналистиканың үштағаны : экономика, қаржы, бизнес», «Шолпан Айтенованың «Бюджет туралы қалай жеңіл және қызықты жазуға болады», Ербол Азанбектің «Іскерлік бағытта жазатын журналист нені біліу керек?», Есенгүл Кәпқызының «Іскерлік журналистикадағы этика, стандарт және фактчекинг», Дінмұхамед Зиядиннің «Іскерлік БАҚ және әлеуметтік желі: әуре ме, әлеует пе?», Асхат Еркімбайдың «Іскерлік тақырыптағы датаны мультимедиаландыру жолдары» атты мақалаларынан тұратын кітаптың әр бөлімінің өзіндік сапалық салмағы бар.
Олег Хе, Мира Халина, Гүлзат Нүрмолдақызы, Айнұр Каргалинова жазған «Қазақстандық журналистер тәжірибесінен» атты мақаланың да өзіндік ерекшелігі мен оқырмандарға берер пайдасы мол.
Сонымен бірге осы кітапта ұлттық банк сайты, қор биржасы сайтындағы деректер мен іскерлік журналиске керек маңызды ақпараттарға да орын берілген.
Авторы: Г.С. Өзбекова