«Қазақ баспа ісі: өткені мен бүгіні»

13.11.2019

Көрулер: 2403

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 85 жылдығына орай, журналистика факультеті баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұйымдастыруымен, «Ұлттық рух ұясы» атты рухани апталықтың аясында Т. Қожакеев атындағы №230 мәжіліс залында «Қазақ баспа ісі: өткені мен бүгіні» атты алқасөз отырысы өтті.

Алқасөз барысында алғашқы қазақ баспасы саналатын «Қазмембастың» құрылғанына келер жылы 100 жыл толуына байланысты келелі мәселелер талқыланды. 1920 жылы 3 қарашада Қазақ АССР-і Орталық атқару комитетінің «Қазақ мемлекеттік баспасын құру туралы» декреті қабылданған болатын. Алғашқы қазақ баспасы құрылған бұл аса маңызды құндылыққа биыл – 99 жыл. Осыған орай, еліміздің белгілі баспагерлері мен қаламгерлері айтулы күнді атап өту мәселелерін көтеріп, бүгінгі қазақ баспа ісінің жай-күйін сараптады.
Қазақстан баспа ісі, кітап шығару мен тарату, елімізде кітаптану ғылымын өрістетіп, кітап оқуды дамыту, электронды кітап жүйесін ілгерілету, авторлардың қаламақы мәселелерін шешу, т.б. көптеген көкейкесті мәселелер күн тәртібіне шығарылды.

Алқасөзге «Қазығұрт» баспасының директоры Т.Көпбаев, «Алматы кітап» баспасының вице-президенті А.Сужикова, «Қазақ энциклопедиясы» баспасының директоры Ж.Тойбаева, «Қазақстан» баспасының директоры       Ә.Садырова, «Экономика», «Атамұра», «Мектеп» баспаларының өкілдері мен «Кітап палатасының» қызметкерлері қатысты.

Алқасөзде сөз алған «Қазығұрт» баспасының директоры Темірғали Көпбаев баспа ісіндегі өзекті мәселелерге тоқталса, Қазақстандағы баспалардың көшбасшысы – «Алматы кітап» баспасының вице-президенті Алмира Сужикова өз баспаларының іс-тәжірибесімен бөлісіп, нарыққа шығудың жолдарын баяндап берді. «Редактор – баспаның жаны» деген ұстанымдағы «Атамұра» баспасының жетекші редакторы Райхан Райбаева университет қабырғасында білімді редакторлар, сауатты корректорлар дайындалса деген пікірін білдірді. Бұдан кейінде жарыссөзге шыққандар баспа ісіндегі мәселелерге жан-жақты тоқталып, біраз ұсыныстар айтты. Алқасөз соңында арнайы қарар қабылданды.

«Ұлттық рух ұясы» апталығы аясында белгілі ақын-жазушылармен кездесулер өткізілді. Олардың бірінде студенттер мен оқытушылар ҚР мемлекеттік сыйлығының, халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, ақын Гүлнар Салықбаймен кездесті. Шара барысында ақынның сиясы кеппеген жаңа өлеңдерін журналистика факультетінің студенттері жатқа оқып, ән шырқады. Поэзия, қазақ әдебиеті, әлем әдебиеті төңірегінде толғамды пікірлер айтылып, ақынға сұрақтар қойылды. Қазақтың ұлттық құндылықтары, ұлттық рух пен тамыры терең қазақ тарихының соны дүниелері хақында келелі сөз, кенеулі ой айтылды.