Жұмабек Кенжалин атындағы аудитория ашылды

13.11.2019

Көрулер: 100

Қарымды қаламгер, білгір журналист, еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында ұзақ жылдар басшылық жасаған оқу ордамыздың ұстазы Жұмабек Кенжалинның есімі болашақ журналистерге кеңінен танымал. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен журналистика факультетінің құрылғанына 85 жыл толуына орай «Жұмабек Кенжалин–Журналист. Ғалым. Ұстаз. Қайраткер» атты алқасөз осы тақырыпқа арналды.

«Түлектеріміз – біздің мақтанышымыз» атты студенттердің оқу-демалыс алаңында «Ұлт ұстаздарын ұрпағы ұмытпайды» атты портрет көрмесі таныстырылып, Жұмабек Кенжалин атындағы «Баспасөз және жаңа медиа» оқу-шығармашылық зертханасының салтанатты ашылуымен жалғасты. Зертхана–заманауи техникамен жабдықталған танымдық аудиториялардың бірі, Жұмабек Кенжалинның дүниеге келген шағы мен өмірінің соңына дейінгі ізгі жолынан, құнды кітаптарынан, асыл мұрасынан, «Қазақ әдебиеті», «Ақиқат», «Ана тілі» журнал-газеттерінде атқарған қызметінен хабар беріп қана қоймай, келешек журналистердің тәжірибе жинақтап, ақпарат алмасуына зор мүмкіндік береді. Жиынды университет ректоры Ғалым Мұтанов, кіріспе сөзбен ашты. Алқасөз жұмысына Жұмабек Кенжалинмен әр жылдары қызметтес болған қоғам және мемлекет қайраткерлері, ұстаздары – Ләтипа Мұратбекқызы, Тұрымтай Тұрлыбайқызы, Қожаберген Керімбекұлы, Сарбас Ақтаев, Дәмегүл Сердәліқызы, қарымды қаламгерлер – Сәбит Досанов, Раушанбек Әбсаттаров, Сауытбек Абдрахманов, зайыбы Әлима Әбдірахманқызы мен ұлдары Дастан мен Жандос, курстастары, сыйлас достары, шәкірттері, белгілі журналистер қатысты. Зертхананың ашылу салтанатында ардагер журналист Сарбас Ақтаев лента қиып, журналистика саласының майталмандары мен қызметтес достары Жұмабек Кенжалиннің өмірінен сыр шертіп, игі істері мен адамгершілік болмысын еске алды.

Жұмабек Кенжалин журналистика саласындағы алғашқы жолын «Егемен Қазақстан» газетінде қарапайым тілші болып, редакторлыққа дейінгі жолды жүріп өтті. 1986-1988 жылдары «Зерде» («Білім және еңбек») журналында жауапты хатшы, бас редактордың міндетін атқарушы, 1994-1996 жылдары «Халық кеңесі» газетінің бас редакторы, 1996 жылы «Ақиқат» журналының бас редакторы, 1997-1999 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарды. Өмірінің соңына дейін ақпарат саласында еңбек етіп, 2009-2017 жылдары «Қазақ газеттері» серіктестігін басқарды, серіктестік құрамындағы 6 басылымның үзбей шығып тұруы мен дамуына зор күш-жігерін салды. Газет немесе журнал редакциясының штаттық құрылымын сақтау, «Қазпошта» акционерлік қоғамына қарасты ұжымдардың тарап кетуін болдырмау, полиграфиялық кәсіпорындардың жүйесін ұлғайту сынды мақсаттарды ұстанып, газет-журналдың таралымын арттырды. «Желкілдеп өскен құрақтай», «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз», «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз», «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері», «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа», «Қалам қанаты», «Елжандылық мұраты және баспасөз беделі» атты кітаптардың авторы.

Жұмабек Кенжалин атындағы зертхана білікті журналистер даярлап шығаруда үлкен рөл атқаратыны сөзсіз. Жас журналистерге үлгі боларлық ұлтжанды дара тұлға Жұмабек ағаның қалдырған мол мұрасын игеріп, ізгі жолын жалғастыратын журналистер мен ұрпақтары барда «Бүгінгінің Сәкені» ешқашан да өлмейтініне көз жетті.