Жүйріктер сынға түсті

16.04.2019

Көрулер: 2252

Журналистика тарихының жаңа парағы бүгін тағы бір айтулы оқиғамен толықты. Павлодар қаласы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде журналистика бойынша XI студенттік пән олимпиадасы өтуде.

Олимпиада журналистика мамандығында білім алып жүрген   2-4 курс студенттеріне арналды. Екі турдан құралған жарыста еліміздің 17 өңірі бақ сынасуда. «Ұлы Даланың ұлағаты». Аталмыш тіркестер олимпиаданың басты тақырыбы ретінде таңдалды. Әр команда бес минут ішінде осы тақырып аясында өз университетін таныстырды. Сондай-ақ жеребе арқылы алынған тақырыптарға сәйкес эссе жазылып, «Қазақ журналистикасының тарихы», «Жаңа медиа және интернет журналистика», «Телерадиожурналистика» бойынша тест сұрақтары берілді. 

Республикалық пән олимпиадасының мақсаты-төртінші билік иесі, болашақ журналистердің танымын кеңейтіп, шеберлігін арттыру. Журналистік қабілет-қарымды айқындап, отандық БАҚ-ты әлемдік деңгейге көтеру. Пәндік олимпиада алғаш рет әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан бастау алған. Ұйымдастырушылар пәндік олипиаданың қатысушылары жыл өткен сайын көбейіп келе жатқандығын айтады.  

«Пәндік олимпиадаға бірінші рет қатысып отырмын. «Ұлы дала ұлағаты» атты тақырып біздің тарихи танымымызды кеңейтіп, патриоттық сезімімізді оятады. Көптеген достар тауып, өзімізді кәсіби журналист ретінде сезіне бастадық», – дейді ҚазҰУ-дың 3-курс студенті Аружан Қаратаева.

Республикалық пән олимпиадасының жеңімпаздары командалық есепте анықталады. Жеңімпаздар ҚР Білім және ғылым минситрінің және С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ректорының дипломдарымен марапатталады.