«Журналист болғың келе ме?» байқауы өз мәресіне жетті

19.04.2019

Көрулер: 598

«Қызыға жаз, қыза жаз, қызықтыра жаз! Ойланып жаз, ойлы жаз, ой сала жаз, ойландыра жаз! Ызамен жаз, кекпен жаз, кектендіре жаз!» деп Ғабит Мүсірепов өсиет еткендей, халқымен жаны бір екенін ешқашан естен шығармай, тәуелсіз халқының жетістіктерін де, жетістікке жетсе де мұңы таусылмайтын жұртының шерін де сараптай тыңдап, мәселені байыппен шешер асыл сөздің көшін өрлетер асыл перзенті болуға ұмтылған жас тілшілерге арналған «Журналист болғың келе ме?» байқауының шешуші кезеңі аяқталды.

Ең үздік шығармалар, эсселер, фото, аудио, видеоматериалдар мен графикалық туындыларға жарияланған байқаудың қорытындысы бойынша ең үздік жұмыстардың жеңімпаздарын дипломдармен марапаттау рәсіміне Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі сатирик, республикалық «Аннұр сапа» баспасының бас редакторы, «Алтын қалам» сыйлығының лауреаты Ермахан Шайхыұлы, Республикалық «Жас Өркен» Жеке шаруашылығы серіктестігі Бас редакторының орынбасары, журналист Жұлдыз Әбділда, мектеп оқушылары мен ұстаздар қауымына арналған «Martebe.kz» интернет порталының Бас редакторы Берікбол Төлеген қатысты.

Форумды Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі Сұлтанбаева Гүлмира Серікбайқызы кіріспе сөзбен ашып, байқауға қатысушыларға сәт-сапар тіледі.

Дәстүрлі XIX «Жас тілшілер» форумына белсенді қатысып, «Журналист болғың келе ме?» «Ғылыми шығармалар – 2019» байқауының ең үздік жұмысымен танылған I-дәрежелі дипломдарды Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Тасшағыл ауылының 11- сынып оқушысы Еңсеп Шұғыла, Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Сарыбұлақ аулының 10 сынып оқушысы Жұмахан Нұрлыхан, Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр кентінің 11-сынып оқушысы Мамбетова Жансая, Алматы қаласы, 172 мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Кажыгумарова Толғанай, Алматы қаласы, 148 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Ахметова Ақбота, Иманалы Назерке т.б. иеленді.    

Сондай-ақ IІ-дәрежелі дипломдармен Қапшағай қаласындағы «Орта мектеп-гимназиясының» 10 сынып оқушысы Наурызбекова Назым, Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Әлкей Марғұлан атындағы мектептің 11 сынып оқушысы Алданыш Шолпан, Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, Әли Мүсілімұлы атындағы №101 мектеп-лицейдің 10 «Б» сынып оқушысы Тілесхан Аружан, Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Ақбастау ауылының Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінің 10 сынып оқушысы Тұрысбек Айғаным, Алматы облысы, Қаскелең қаласы, Абай атындағы орта мектеп-гиназиясының 10 сынып оқушысы Съезхан Айсұлу марапатталды.

Форумға қатысушылар ең үздік видеожобасымен танылған I-дәрежелі диплом иегері Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Жаңа тұрмыс ауылы, N53 Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Маликаждарова Алтынайдың «Егер мен журналист болсам!», «Аяласаң, табиғатты аяла!» видеосюжеттерін тамашалады. Ең үздік видеожобалармен танылған І-дәрежелі диплом иегерлерін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика фаультетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Жидегүл Әбдіжәділқызы марапаттап, сөз сөйледі.

Байқауға қатысушы, жеңімпаз оқушылардың бірі Еңсеп Шұғыла өз шығармасында: «Журналист болғым келеді... Сан қилы, қатпарлы ойларымның түйіні, менің албырт жүрегімнің қалауы – осы мамандық. Әр адамның өмірлік ұстанымы, аласармас арманы болады. Армандаудан кем де емеспіз, бірақ мен ең бастысы журналист боламын деген арманымды шындыққа айналдыруды мақсат тұттым. «Ызалы жүрек, долы қол, Улы сия, ащы тіл», – деп хакім Абай айтқандай, шындықты шағып тұрып айтар менің рухы берік жаным жазуға құштар, ал құштар жаным соны қалайды», – деп өзінің мамандыққа деген кіршіксіз арман-мақсатын жеткізеді.

Ал Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаскелең қаласындағы В.Г.Белинский атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Сейтханова Салтанат: «Қазіргі таңда ел аузына ілініп, халыққа танымал болған журналистерді көргенде жаным рахаттанады. Олардың жеткен табыстарына қуанамын. Атақ, даңқ алмай-ақ, халық есімін құрметпен атайтын адам болу қандай бақыт!

Үлкен лауазым иесі болмай-ақ, шырылдап жүріп ізгілікке, жақсылыққа жету жолында қызмет етудің қуанышы қандай!? Сондықтан да өз қолыммен біреуге бақыт сыйлап, біреуді шаттандыруды нәсіп етсе, менен мықты, менен шешен адам болмас еді деп есептеймін. «Тілші болу – тіл өнеріндегі қасиетті шыңды, шешендікті бағындыру», – деген қанатты сөзді өмірлік кредо етіп алып, бар күш-жігерімді осы жолға арнаймын. Алдағы сындардан сүріндірмес қос қанатым – білімім мен қуат-күшімді осы жолға бағыттаймын», – деген толғаныстары жас тілшінің асқақ армандарын қанаттандыра түскендей болды.

Шара барысында еліміздің барлық аймақтарынан келген мектеп оқушылары «Ұлан», «Дружные ребята» редакцияларында қонақта болып, «Қазақфильм» киностудиясына саяхат жасады.

Мәдени бағдарлама бойынша форумға қатысушылар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қалашығына пресс-тур жасап, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы мен «Әл-Фараби кітапханасымен» танысты. Сондай-ақ Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас продюсері, РТРК «Қазақстан» телеарнасы, «Айтуға оңай» бағдарламасының шеф-редакторы қызметтерін атқарған білікті журналист Неля Рушановамен кездесті. Қазақ радиосының тікелей эфирдегі «Тәулік тынысы» бағдарламасының жүргізушісі, «Хабар» редакциясы ақпарат қызметінің бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарған, қазіргі таңда университеттегі «Әл-Фараби» арнасының «Көзбе-көз» тележобасы мен «Сөзбе-сөз» радиожобасының авторы, студенттерге арналған «Telezerthana.kz» ютубканалының құрылтайшысы, журналистика саласының танымал дәріскері Жидегүл Әбдіжәділқызының шеберлік сыныптарына қатысты.

Форум соңында барлық марапат иелеріне Әл-Фараби төсбелгісі мен университеттің арнайы сыйлықтары табыс етілді. Журналистика факультетінің 4 курс студенті Амангелді Бибарыс пен жас әншілер Дәуір Сағындықов, Серік Ерландар қазақ әндерінен шашу шашып, музыкалық сәлемдерін жолдады.

 

Ғалия Майкотова,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

Журналистика факультетінің доценті,

филология ғылымдарының кандидаты