Тағлымы мол Қожакеев оқулары

04.04.2019

Көрулер: 2140

4 сәуір 2019 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ң 85-жылдығына орай студенттер мен жас ғалымдардың «Әл-Фараби әлемі» халықаралық конференциясы күндерінде «Жас ғалымдар» атты VII Қожакеев оқулары аясында ғылыми форум өтті.

Журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы қазақ сатирасын зерттеу ісінің негізін қалаған көрнекті ғалым, ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірбек Қожакеевтің дәстүрлі оқулары аясындағы жас ғалымдар және студенттер ғылыми форумында студенттік үздік жұмыстарға байқау жарияланды. Байқаудың мақсаты қазақ журналистикасына сүбелі еңбегі сіңген Темірбек Қожакеевтің шығармашылығын тереңінен зерттеп, журналистік зерттеу жүргізу болатын.

«Ең үздік ғылыми жоба», « Ең үздік публицистика», «Ең үздік сатиралық туынды», «Ең үздік мультимедиалық жоба» номинациялары бойынша елуге жуық жұмыстар келіп түсті. Еркін Жаппасұлы, Ермахан Шайхы, Қанат Ескендір,      Бейбіт Сарыбай,          Бекжан Әшірбаев, Нұржан Қуантайұлы, Жанарбек Әшімжан, Сәкен Сыбанбай, Досымбек Өтеғалиев сияқты журналистика мен сатира саласының көрнекті өкілдері   әділқазылар құрамында байқау жұмыстарын бағалап, ең үздіктеріне жоғары бағасын берді.

Журналистика факультетінің 3 курс студенті Сәмет Назымның «Темірбек Қожакеевтің сатира туралы зерттеулері мен ғылыми тұжырымдары: бүгінгі ұлттық Бұқаралық ақпарат құралдарымен үндестігі» тақырыбында зерттеуі ең үздік ғылыми жұмыс деп танылды. 2 курс студенті Шуйинишова Нұрсұлудың «Қазақ журналистикасының тарланы - Қожакеев», Сарымбекова Шырынның «Сәуле - ғұмыр», 2 курс студенті Русланқызы Дананың «Биіктік – тек даралардың тұрағы», 1 курс студенті Оқас Мадинаның «Қожакеев және бүгінгі ұрпақ», 3 курс студенті Ибрайымов Алмабектің «Қожакеев...», 2 курс студенті Ортай Жанеркенің «Қазақ аруы болу оңай»   журналистік, сатираалық және мультимедиалық жұмыстары үздік деп танылды.  

Байқау жеңімпаздарына қазақ журналистикасы дамуына үлес қосқан көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірбек Қожакеұлы Қожакеев атындағы арнайы шәкіртақы тағайындалды.

 

 

Гүлмира Сұлтанбаева