Алматыда ЖОО-лардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүйесі әзірленді

10.06.2018

Көрулер: 5650

Алматыда ЖОО-лардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүйесі әзірленді 

Алматылық жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі «SANALY URPAQ» жобалау офисі эксперименттік режимде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүйесін сынақтан өткізді. Ол республикадағы жетекші университеттің жалпы 16 мыңнан астам студенттері мен оқытушыларын қамтыды.

Мониторинг әдіснамасы «Оқытушы студенттердің көзімен», «Оқытушы әріптестердің көзімен», «Студенттердің қанағаттануын бағалау», «Университет түлектердің көзімен», «Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі» сияқты жаппай және іріктелген сұрақ-жауаптарға негізделген сауалнамалар сериясын қамтиды. Олар жоо-дағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жай-күйін және тиімділігін бағалаудың бірыңғай жүйесін құрайды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Сыбайлас жемқорлықтан тыс университет» атты жобасының аясында жеті жыл бойы қалыптастырылған практикалық әзірлемелері оған негіз болды. Аталмыш жобаны жүзеге асыру университеттің барлық салаларында жемқорлыққа қарсы технологиялар кешенін енгізуді және олардың тиімділігін үнемі бағалауды қамтамасыз етті.

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мониторингі жүйесі студенттер мен оқытушылар тұрғысынан сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексін анықтауға мүмкіндік береді. Ол оқытушылардың корпоративтік мәдениет нормалары мен кәсіби құндылықтарды ұстануы, білім беру және оқу-тәрбие үдерісінің ашықтығы, оқу жетістіктерін бағалаудың объективтілігі және академиялық шынайылық, көрсетілетін қызмет сапасы деңгейімен қанағаттану дәрежесі және жоо ортасында жосықсыз практикалардың таралуы сияқты маңызды параметрлер бойынша бағалауды қамтиды.

Ауқымды зерттеулердің қорытындысы бойынша факультеттер мен кафедралардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы рейтингісі жасалды, оның нәтижелері ҚазҰУ Ғылыми кеңесінің отырысында кеңінен талқыланды. «SANALY URPAQ» жобалау офисінің басшысы Қайыржан Тоқушев атап өткендей, мұндай әлеуметтік зерттеулер барлық жоғары оқу орындарында жүргізілуі тиіс, өйткені бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес бойынша нақты шараларды уақытылы қалыптастыруға көмектеседі. Жобалау офисі мониторинг жүйесі мен оны өткізу тәжірибесін Алматыдағы барлық ЖОО-ларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарды зерттеу және пайдалану үшін ұсынатын болады. 

«SANALY URPAQ» жобалық офисі ағымдағы жылдың көктемінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті негізінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен ашылған. Агенттіктің төрағасы Алик Шпекбаев, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Ғалым Мұтанов білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тетіктерін енгізу туралы үш жақты келісімге қол қойды.