«Саналы ұрпақ – жарқын болашақ»

18.05.2018

Көрулер: 10821

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі, Алматы қаласы әкімдігі және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бастамасымен елімізде алғаш рет «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» атты республикалық форум өтті.

ҚазҰУ ректоры ««Бүгінгі «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» форумы барлығымыз үшін өте маңызды. Себебі жемқорлықпен күрес –қоғамдағы ең күрделі мәселелердің бірі. Сондықтан да бүгінгі Форум жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру мәселелеріне арналып отыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жемқорлықты ұлтымыздың қауіпсіздігіне төнген басты қатер деп атап, бүкіл қазақстандық қоғамды онымен күресуде бар күш-жігерімізді біріктіруге шақырды. Осыған орай, Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап-ақ әлемдік стандарттарға сәйкес институттар мен механизмдер құра отырып, мақсатты түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясатын іске асырып келе жатқанын атап өтуіміз қажет.

Бүгінгі таңдағы, қоғамдық сананы жаңғырту жағдайында, біздің азаматтарымыздың сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоғары саналылығын қалыптастыру қоғамда бірінші орынға қойылып отыр. Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасында ұлттың дамуына кедергі жасайтын өткеннің элементтерінен бас тарту қажеттігін атап көрсеткен болатын. Сыбайлас жемқорлық – бұл адамның бәсекеге қабілетті болуына және сананың ашықтығын дамыту мен прагматизмге кедергі жасайтын қоғамның әлеуметтік дерті. Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену мақсатына қол жеткізу үшін,  біз барлық күш-жігерімізді аямай,  мемлекет пен ұлттың дамуына кедергі келтірер әлеуметтік кесел ретіндегі жемқорлықты жоюымыз қажет», - деді ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов.

Өз кезегінде Алматы әкімі Бауыржан Байбек мемлекеттік органдардың ашықтығы, есеп беруі, тазалығы барысында және олардың азаматтық қоғаммен белсенді ынтымақтастығы жағдайында ғана жемқорлыққа қарсы шаралардың тиімділігі артатынын атап өтті.

«Қазіргі кезде елімізде жемқорлыққа қарсы іс- қимылдың барлық құқықтық құралдары жасалған. Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Жемқорлыққа қарсы стратегиясы бекітілген, «Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қоғамдық кеңес туралы», «Ақпараттың қолжетімділігі туралы» маңызды заңдар қабылданған. Біздің ортақ міндетіміз – жемқорлықты мүлдем қабылдамайтын ашық ойлауды, құқықтық және қаржылық мәдениетті қалыптастыру, тұрмыстық жемқорлықты жою. Мемлекеттік органдарға келген әрбір жан кейде келеңсіздікке тап болады. Мұндай жайсыз жағдай білім, денсаулық сақтау мекемелері немесе құқық қорғау органдарында кездесуі мүмкін. Сондықтан биыл әкімдіктің барынша өзекті 10 қызметі «paper-free» қағидасы бойынша электронды форматқа көшіріледі»,- деді Бауыржан Байбек.

Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев өз сөзінде елімізде жемқорлық деңгейінің төмендеуіне қарамастан, білім жүйесінде жемқорлық қаупінің айтарлықтай белең алғандығын айтты. Білім және ғылым гранттарын бөлу, бюджет қаржысын игеру, басшы құрамды іріктеу, білім беру ұйымдары қызметкерлерінің категориясы мен жүктемесін анықтау мәселелері ашық жүргізілмейді, жемқорлық қаупін анықтау жүйесі мен сараптама жасау жоқтың қасы, жемқорлыққа жол берген қызметкерлері үшін басшылар жеке жауапкершілікке тартылмайды.

«Бүгінгі күні еліміздің түбегейлі жаңаруы жағдайында адами капиталды дамыту міндеті алдыңғы орынға шығуда, өйткені ол Қазақстанның әлемнің бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына енуінде маңызды шарт болып табылды. Мемлекет басшысының қолдауы арқасында соңғы 15 жыл ішінде білім саласына жұмсалған қаржы 10 есе артты. Осы жылдар ішінде Қазақстан халықаралық білім кеңістігіне батыл ене түсті. Дегенмен, білім саласы жемқорлық қаупінің белең алуына тым бейім. Біз жемқорлықты жою шаралары көпшіліктің, соның ішінде білім саласындағы адамдардың қолдауына ие болады деген сенімдеміз», - деді ол.

Сондай-ақ Алматы әкімі Бауыржан Байбек пен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев білім саласындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың еліміздегі алғашқы «Саналы ұрпақ» атты офистік жобасымен танысты.

ҚазҰУ базасында ашылған офис жемқорлыққа қарсы іс- қимыл бойынша арнайы әдістемелер мен бағдарламалар шығаруды жоспарлаған. Бұлардан өзге, қазіргі кезде ЖОО-ның, колледждер мен мектептердің рейтингін анықтайтын, сонымен қатар академиялық шынайылығын белгілейтін, benchmark жүйелер қолға алынуда, оқу орнының әр типі үшін жемқорлыққа қарсы механизмдер енгізілуде. Жоба аясында оқу орнының әр категориясы үшін оқытушылар қызметін бағалайтын жүйе жасалатын болады.

Шара соңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі, Алматы қаласы әкімдігі мен ҚазҰУ арасында үшжақты меморандумға қол қойылды.