ӨЗ БОСТАНДЫҒЫ АУА СИЯҚТЫ

10.01.2017

Көрулер: 4875

ӨЗ БОСТАНДЫҒЫ АУА СИЯҚТЫ… немесе ауасыз өмір жоқ, бірақ, ауамен бірге вирустар, микробтар, ыс-түтін, жағымсыз иіс жүретіні туралы

МусатаевСейілбек Мұсатаев,
әл-Фараби атындағы 
ҚазҰУ Саясаттану және саяси 
технологиялар кафедрасының 
профессоры, саяси ғылымдарының докторы

Адамзатты ертеден ойландырып-толғандырып келе жатқан мәселелердің бірі – бостандық. Орта ғасырларда белең алған діни догмалар мен қатаң иеархиялық қоғамдық құрылыс дағдарысқа ұшырап, Қайта өрлеу дәуірі басталған кезеңде бостандық ұғымы туралы сан-түрлі идеялар мен тұжырымдамалар туындады. ХVII-XVIII ғасырларда жеке тұлғаны саяси және әлеуметтік-экономикалық шектеулерден босату қоғамдық өмірдегі басты бағытқа айналды.

Эрих Фромм  айтқандай,  бостандық сол кезеңдегі адами дамудың мақсаты болды. Ұлы Француз төңкерісі нәтижесінде 1789 жылы қабылданған «Адам мен азамат құқықтарының декларациясында» адам бостандығы «Азаматтың басқаларға зиян келтірмейтін барлық іс-әрекет жасау мүмкіндігін білдіреді. Әр адамның табиғи құқықтарын жүзеге асыруы қоғамның өзге мүшелерінің дәл осындай құқықтарын жүзеге асыруын қамтамасыз ететін ережелермен ғана шектеледі. Мұндай шектеуші ережелер тек қана заңмен анықталады» деп тұжырымдалды.Бостандықтың кеңінен таралуы өз кезегінде өнердің, ғылым мен техниканың қарыштап дамуына игі ықпал етті. Экономикалық қатынастар жанданды, адамдар саяси өмірге белсенді қатыса бастады. 
Либерализм идеологиясы (liber– еркін) адамдардың табиғи құқықтарын қам­та­масыз етуді, саяси құқықтары мен бостандықтарын сақтауды, барлық аза­мат­тардың заң алдындағы теңдігін, еркін нарықтық экономиканы, үкіметтің халық ал­дындағы жауапкершілігін, биліктің ашық­­­тығы мен мөлдірлігін паш етті. Адам бос­­тандығы қамтамасыз етіле бастаған Қайта өрлеу дәуіріндегі прогресті діни наным-сенім мен саяси-экономикалық шектеулер бостандықты бұғаулап келген оған дейінгі тарихи кезеңдердегі тоқыраумен са­лыстыруға келмейді. Инквизиция соты­ның үкімімен талай еркін ойлы адамдар «еретик», «бақсы» деген желеумен отқа өртеліп кеткені тарихтан белгілі. Ал, Ренессанс пен Ағартушылық дәуірлерінде шығармашылық ой еркін­дігі, адам құқығы мен бостандығы қамтамасыз етілуі адамзат дамуын жаңа деңгейге көтерді, бүкіл қоғам өмірі жан-жақты өркендеді. Экономикалық бостандықтар кәсіпкерлікті дамытып, капиталистік қатынастар жанданды. Сөз бостандығының арқасында қоғамда жариялылық орнады, демократия дамыды, азаматтық қоғам күшейді. Яғни, бостандық – қоғам дамуына игі ықпал еткен құндылықтардың ішінде ерекше орын алады. Алайда, сан ғасырлар бойы ғұлама ойшылдар: «Бостандық тек игі­лікке қана қызмет ете ме?», «Абсолютті бостандық бола ма?» деген сұрақтарға жауап іздеумен келеді. Неміс ойшылы Иммануил Кант бостандық пен құқықтық тәртіп бір-бірімен ажырамас тығыз байланысты, яғни, адам еркін болса, онда ол өзге адамға емес, баршаға ортақ міндетті заңға ғана бағынуы тиіс деп көрсетті. Джон Локк та «Басқару туралы екі трактат» еңбегінде адамның бостандығы тек заңмен ғана шектелетінін, заң бұзушылардың жазалануына кепілдік берілетінін атап көрсетеді. Түйіндеп айтсақ, бостандық – конституциямен немесе өзге де заңнамалық актілермен бекітілген адамның белгілі бір мінез-құлқының жү­зеге асу мүмкіндігі (мысалы, өмір сүру, еркін кәсіпкерлік, шығармашылық бос­тан­­дықтары, сөз бостандығы, ар-ож­дан бостандығы т.б.) деген тұжырым жалпы ­танылған. Яғни, әр адамның бос­тандығының шекарасы бар, «Бір адамның бостандығы басқа адамның бос­тандығы басталған жерде аяқталады» деген қағида қалыптасқан.

Қоғам дамуындағы сөз бостандығының орны мен рөлі
Адам өмірінде сөздің орны мен атқа­ратын қызметі, сөздің құдіреті мен қасиеті, сөздің құндылығы мен маңызы шексіз. Христиан дінінің қасиетті кітабы, Иоанның Інжілі (Евангелие) «Бастапқыда сөз болды…» деген жолмен басталады. Адам баласы барлық діни кітаптардың Құдай тарапынан Пайғамбарларға аян болғанына, ғайыптан көктен түскен қасиетті сөздерден құ­растырылғанына иман келтіріп сенеді. Ұлы Абай айтқандай:
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас. 
Қазақ халқында: «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Өнер алды қызыл тіл», «Бас кес­пек болса да, тіл кеспек жоқ» деген аталы сөздердің болуы тегін емес.Бұл тұрғыда сөз қадірін терең түсінген Абай атамыз тағы да:
Білімдіден шыққан сөз
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге
Көкірегінде болсын көз – деп жырлауы­ның мәні терең.
Яғни,  сөз – киелі ұғым. Сондықтан да, дала философиясына қанық қазақ халқы қашанда сөзге тоқтай білген. Сөз құдіретіне хан да, қараша да бас иген. «Дат, тақсыр!» деп, өлім жазасына ұшырап, екі дүниенің ортасында, жаны қиылудың алдында тұрған адамның өзінде соңғы сөзін айтып қалу құқығы болған. От ауызды, орақ тілді, сөзге шешен билеріміз көсем сөз арқылы талай дау-жанжалды әділ шешіп, жау­ласқандарды  бітістірген,  араздасқанды тату­ластырып, айыптыларға үкім кескен. Біле білсек, қазір бізге батыс елдерінен енген демократиялық құндылық сияқ­ты көрініп жүрген сөз бостандығы тегінде далалық демократияның басты құндылығы еді.
Сөз – бостандықпен ажырамас бірлікте бола отырып, сөздің иесіне орасан зор жауапкершілік жүктейді. Бұл тұрғыда «Басқа бәле тілден», «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі», «Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді», «Отыз тістен шыққан сөз, отыз руға тарайды», «Адамның өзі жетпеген жерге сөзі жетеді» деген мақалдары арқылы дана халқымыз сөздің жауапкершілігі ауыр екенін ескерткендей. Тарихи даму барысында адамзат «бостандық» пен «сөз» ұғымдарының бір-бірінен ажырамас бірлікте жүретінін, демократиялық-құқықты мемлекет құрудағы құндылығын жете түсініп, «сөз бостандығы» деген тіркеспен бейнеленетін дербес ұғымды қалыптастырды. Прогрессивті зиялы қауым сөз бен сөз бостандығын ерекше қастерлей білді.  
Сөз бостандығы демократиялық құ­қықты мемлекеттің ажырамас белгісі, демократия теоретиктерінің ортақ пікірі – еркін әрі ашық дискуссия, пікірлердің плю­рализмі бірнеше балама даму жол­дарының ішінен ең оңтайлысын таң­­дауға мүмкіндік береді, саяси қа­те­ліктерге жол бермеу үшін аса қажет. Сон­дықтан, халық билігін жүзеге асыруда сөз бостандығының алатын орны ерекше, атқаратын рөлі де өте зор. Демократия жағдайындағы сөз бостандығының ауқымы да кең: әр азаматтың заң аясында ақпаратты еркін алуы мен таратуынан бас­тап, тәуелсіз баспасөздің болуы, шынайы оппозицияның қызмет етуі, азаматтық қоғам институттарының белсенді әрекет етуі, халық өкілдерінен құралған заң шығарушы биліктің сапасы мен біліктілігі, ресми ұстаныммен қатар балама бағыттардың үнемі ескерілуі, азшылық пен көпшілік арасындағы теңдік т.б. өзекті мәселелерді қамтиды. Алайда, сөз бостандығы заң ауқымында жүрсе ғана жасампаздық сипатқа ие болады. Әйтпесе, «Тау мен тасты су бұзар, адамзатты сөз бұзар» дегеннің кері келері сөзсіз. 
Демократия тағдыры білімді азамат­тардың шынайы әрі қажетті ақпаратқа еркін қол жеткізуіне тікелей байланысты, сонда ғана саяси қатысу белсенді жүреді. Цензураның болмауы, пікір әр-алуандығының қамтамасыз етілуі, азаматтар мен олардың биліктегі өкілдерінің арасында ақпарат алмасудың еркін жүруі өкілетті демократия үшін ауадай қажет. Халықтың сенімінен шыға алмаған билікті сынау, қателіктерін ашық көрсету, ел үшін маңызды мәселелерді қоғамдық талқылау сөз бостандығы жағдайында ғана мүмкін болмақ. Бұл – мемлекеттік басқаруға ілігіп алып, өздерінің білік­сіз, жемқор, мансапқор, жағымпаз қа­сиет­терін жасыруға тырысқан арамза чиновниктердің, авторитаризм, дес­потия, тирания сияқты жеке-дара би­леп-төстеуге құмар билеушілердің іс-әре­кеттеріне тосқауыл қоюдың заңды жолдарының бірі. Шығыс Еуропадағы социалистік лагерь елдеріндегі тоталитаризмге қарсы халық толқулары сөз бостандығының арқасында жүзеге асты. Сол сияқты, коммунистік партияның тоталитарлы билігі үстемдік құрған КСРО-ның күйреуіне ықпал еткен процестердің бірі жариялылық екені даусыз. Қайта құрумен қатар жүрген жариялылықтың ар­қасында «қызыл террордан» зәрезап бол­ған кеңестік халық қоғам өміріне сын көзбен қарай бастады, тарихтағы «ақтаңдақ» мен қанды саяси қылмыстардың құпиясы ашылды, демократия лебі есіп, «кемелденген коммунизмге» бет алған социалистік құрылыстың кемшіліктерін салыстырып байқады. Желтоқсан көтерілісінен бастау алған протестік көңіл күй бүкілодақтық ауқымдағы антикоммунистік қозғалысқа ұласты, бостандық үшін күрес басталды. Көп ұзамай бұрынғы одақтас елдер бірінен кейін бірі егемендіктерін жариялап, тәуелсіз мемлекеттерге айналып шыға келді.  
Бостандық пен теңдікке қол жеткізген халық өзін-өзі еркін басқаруы үшін сөз бостандығы болуы аса қажет. Әрбір азамат мемлекеттік басқаруды жақсартуға, қоғамды жаңғыртуға игі ықпал ететін өзінің ойларын ештемеден қауіптенбей ашық айтуы, ауызша және жазбаша түрде өзге қоғам мүшелерімен бөлісуі, наразылықтарын еркін білдіруі өз кезегінде плюрализмге арқау болады, идеологиялық әр-алуандылық та сол кезде қалыптасады. Қазақстан Конституциясында бұл айтылған мәселелердің барлығына кепілдік беретін қағидалар заңды бекітілген. Ата заңымыз бойынша Ұлы Дала елінде цензураға жол жоқ, сөз бен шығармашылық еркiндiгiне кепiлдiк берiлген. Алайда, Қазақстанның конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астам­шылықты, сондай-ақ, қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды наси­хаттауға немесе үгiттеуге ешқашан жол берiлмейдi. Сөз бостандығы – заң ауқы­мында жүзеге асатын бостандықтың ерекше түрі.

Жариялылық пен құпиялылық арасындағы сөз бостандығы

Сөз бостандығынсыз демократиялық басқаруды да, азаматтық қоғамды да, құқық­тық мемлекетті де көзге елестету мүмкін емес. Әркім өзінің ойын ашық айтып, бір-біріне қарама-қайшы көзқарастар қатар өмір сүруі, түрлі идеялардың диалог құруы, пікірталас арқылы консенсусқа қол жеткізу, идеологиялық плюрализм болуы, жариялылық т.б. сөз бостандығы арқылы қол жеткізілетін құндылықтар.Жариялылық пен сөз бостандығының басты қозғаушы күші – зиялы қауым, интеллектуалдық элита болып табылады. Зиялы қауым батыл, бостандық пен әділеттілікке жаны құмар, ашық-жарқын болған сайын сөз бостандығы да жоғары болмақ. Зиялы қауым жасық, жағымпаз, рухы төмен болса, сәйкесінше ондай қоғамдағы сөз бостандығы да нашарлайды. Тұрмыс сананы билеген қазіргі нарық заманы зиялы қауым өкілдерінің әл-ауқатымен бірге рухын да аздырған ба қалай, бүгінгі ақыл-ой элитасында қайта құру мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағыдай қарқын байқалмайды.
Жетпіс жылдан астам цензурамен тұн­шығып, құпиялық құрыстырып кел­­ген қоғамдық пікір бейне бір шөлір­кеген жандай, сөз бостандығымен аптыға сусындауға кірісті. Бастапқыда бос­тандықтан басы айналған бұқара масайып, эйфорияға бой алдырды. Тыйым салынған тақырыптар жаппай талқы­ланатын күйге жетті, тылсым сырлар мен қыл­мыстардың құпиясы ақтарылды. Сөз бостандығы мен жариялы­лықтың арқасында қазақ халқы да талай жоғалтқанын тауып, өшкенін жандырды. «Халық жауы» ретінде жазықсыз жазаланған зиялы қауым өкілдері, ардақты Алаш қайраткерлері ақталды. Ұжымдастыру мен ашаршылық жылдарындағы солақай саясаттың зардаптарын танып-білді. Бұдан билеуші элита сабақ алуы тиіс: бүгінгі іс-әрекетке күндердің күні ұрпақ алдында, ар мен заң алдында жауап беруге тура келеді. Кез-келген құпияның ашылатын сәті, әр жұмбақтың өз жауабы болады. Бастапқыда демократиялық даму жолына түскен посткеңестік халық үшін жариялылық пен сөз бостандығы енді тоқтамайтын, қарқыны күшті қар көшкіні сияқты көрінген еді. Алайда, тәуелсіздіктің эйфориясы басылмай жатып, құпиялылық дерті қоғамды қайта дендеді. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» деп жайдан-жай айтылмаса керек. Кеңестік дәуірден қалған мол байлықты, ірі кәсіпорындар мен кен орындарын жекешелендіру басталғанда құпиялық қайта жанданды. Содан бері бюджет қазынасын талан-таражға салып тонау, жемқорлық, ел байлығын шетелдерге жасырын алып қашу тоқтамай жүріп келеді. Отандық экономиканы дамытуға арналған қаржы-қаражаттың көп көлемде шетелдерге, салықтан ада «оффшорлық» аймақтарға астыртын ауып кетуі, яғни, «капиталдың сыртқа қашуы» Қазақстанның ғана емес, әлемдегі көптеген елдердің бас ау­руына айналды. Сондықтан, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев шетел асып қолды болған миллиардтаған АҚШ долларын құрайтын қаржы-қаражатты отаны­мызға қайтаруға жаңа Жолдауында барынша көңіл бөліп отыр. Бұл үшін заңсыз жинақталған мал-мүлікті жария ету мер­зімдері 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды. Мүлік пен ақшаны заңды айналымға қайтару үшін қосымша ынталандырулар қабылданды. Құпиялылық пен сот қудалауынан қорғауға кепілдік беріледі. Президент Үкіметке жария ету жағдайларына тағы бір рет талдау жасауды және қажет болған жағдайда, оған қатысушыларға кепілдікті күшейтуді тапсырып, мүлікті жария етуге қатысу жөнінде әлі де ойланып жүргендердің барлығын осы мүмкіндікті пайдаланып қалуға шақырды. 2017 жылдың 1 қаңтарынан кірістер мен шығыстарды жаппай декларациялау, яғни, жариялау күшіне енеді. Одан кейін, олар қайда болса да, олардың шығу төркіні мен салық салынуын анықтау үшін, соның ішінде Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының көмегімен, есепшоттар мен активтерді анықтау бойынша шаралар қабылданатын болады. Табыстарды жариялау құқықты мемлекет құру, еркін бәсекелестікке негізделген экономиканы дамыту үшін аса қажет. Әзірше, Қазақстанда қандай жолмен табыс тапқаның маңызды емес, бастысы – ақшаң болса болғаны, сатылмайтын ешнәрсе қалмады. – «Ақшаны қайдан алдың?», – «Табыс­ты қалай таптың?» – деп сұрап жатқан ешкім жоқ. Еліміздегі жемқорлықтың дамуы, қылмыстық жолмен табыс табу, «көлеңкелі экономиканың» қанат жаюы т.б. келеңсіз көріністердің көбеюіне табысты жариялаудың болмауы өзіндік ықпал етсе, енді бұл кемшілік алдағы жылдары шешімін таппақ. Бұл айтылғандардан байқап отырғанымыздай, сөз бостанды­ғының, жариялылықтың экономикалық әсері де орасан зор. 
Билік пен байлыққа қол жеткізген «жай­саң жандар» көптің көзіне көп түсе бергісі келмейді, өздерінің өмірін, табысы мен тамыр-таныстығын құпиялықта ұстауға тырысып бағады. Олар туралы ақпарат таратқан бұқаралық ақпарат құралдарын «ар-намысыма нұқсан келтірді» деп сотқа шағымданып, миллиондаған теңге ақшалай айыппұл төлету әдетке айнала бастағандай. «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау ха­лық­аралық қорының статистикасы бойын­ша, 2014 жылғы қыркүйек пен 2015 жылғы тамыз аралығында қазақ­стандық БАҚ-пен журналистерге сөз бостандығына қатысты отыздан астам  арыз-шағымдар жасалған екен. Барлығы 889 млн. 700 мың теңге моральдық шы­ғынды өтеу үкімі шығарылған екен /www.adilsoz.kz/politcor/show/id/166/. Бұдан қандай қорытынды жасауға болады? Не журналистердің құқықтық сауаттылығы төмен, не арызқой, пайдакүнем адамдар көбеюде. Болмаса көзге көрінбейтін, құпия мүдделі тарап тапсырыс бергіш. Заңнамада «ғайбат айту» – дәледенбеген өсек-аяң тарату арқылы адамның абыройына, ар-намысына, іскерлік репутациясына нұқсан келтіру деп анықталады. Бірақ, қандай да бір БАҚ-қа немесе журналистке ғайбат айтты деп айып салмас бұрын, егер ол мәселе мемлекеттік не қоғамдық маңызға ие болса, онда ол ақпарат өсек-аяң ба, әлде, оның астарында шындық жатыр ма деп, арнайы органдар тиянақты тергеу жүргізгені дұрыс. Өйткені, «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны», «От жанбай, түтін жоқ» екені баршаға аян. Ал, адамның жеке өміріне қатысты құпия болса – мәселе басқа. Қазақстан Конституциясының 18-ші бабы бойынша әркiмнiң жеке өмiрiне қол сұғылмауына, өзiнiң және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар. Сондай-ақ, әркiм өзiнiң жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерiнiң, почта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығы сақ­талуына құқығы бар.
Жоғарыда айтылғандарды түйіндесек, сөз бостандығы – пышақтың жүзімен жүр­генмен бірдей, жариялылық пен құ­пиялықтың арасындағы нәзік құнды­лық. Сөз бостандығына барлық азаматтар ұмтылғаны дұрыс, бірақ сол бос­тандықтың шекараларынан шығып кетпеу керек. Көшеде жол жүру ереже­сін сақтау сияқты, сөз бостандығын сақ­таудың да ережелері қатаң сақталуы тиіс.

Сөз бостандығы: бал ма, әлде, у ма?

Сөз бостандығы демократиямен ажырамай бірге жүретін құндылық екені жалпы мойындалған факт. Бірақ, осы бір балдай тәтті «сөз бостандығы» деген ұғымды арамза пиғылда қолданушылар да көп екенін ұмытпағанымыз жөн. Кеңестік дәуірде ақпараттық вакуум туындап, ше­телдік  ақпарат көздерін шектеу, кеңестік ақпараттық кеңістіктің оқшаулануы орын алғаны мәлім. КСРО ыдыраған кезде «темір шымылдық» та айқара ашылды. Бұрынғы кеңестік адамдар өмірінде естіп-көрмеген ақпа­раттың сан атасына шырмалды. Сөз бостандығымен бірге еркіні бар, бұрын тыйым салынғаны бар, «қосалқы ақпараттың» неше түрі қоса таралды. Қайсы бірін айтасыз, зорлық-зомбылық, жеңіл жүріс, анайылық, адас­тырушы діни ілімдер, пайдакүнемдік пен эгоизмді насихаттайтын ақпарат те­ңізі өзінің иірімімен тұңғиыққа тартты. Қапелімде, посткеңестік халық мұндай ақпарат теңізінде жүзуге даяр болмай шықты, ағысқа қарсы жүзуге дәрмен де, білім мен біліктілік те жетіспеді. Халық есін жинағанша, ақпарат ағынымен ыға жүзіп, батыстық құндылықтармен суарылған ашық теңізге шығып кетті. Өзіміздің өткен тарихымыз, дәстүріміз, тіліміз, діліміз бен дініміз ғаламдану мұхитында қалқыған шағын қайықтың кейпіне түсті.
Сөз бостандығын сақтау, адамның құ­қықтары мен бостандықтарын қорғау, демо­­­кратиялық құндылықтарды тарату нео­­колониализмнің астыртын қару­ла­рына айналғаны да жасырын емес. Им­периалистік елдер осындай желеулермен өздеріне «ыңғайсыз» елдердің ішкі істеріне қол сұғуды әдетке айналдырды. Түрлі-түсті төңкерістер технологиясы да сөз бостандығына негізделген. Сөз бостандығын бетперде етіп, еркін БАҚ, интернет пен әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, кез-келген елдің ішінде саяси тұрақсыздық туындатуға болатынына әлемдік қауымдастықтың көзі жетті. 
Ар-ождан бостандығы мен сөз бос­тандығының симбиозын экстремистер мен террористер, арам пиғылды миссионерлер өздерінің арам мақсаттарына пайдаланып, бостандықты адамзатқа қарсы апиын-у ретінде қолдануда. ИГИЛ (ДАИШ)  қазіргі әлемдегі ең бай әрі күшті халықаралық террористік ұйымға айналуына ықпал еткен басты факторлардың бірі – адамдардың  сана-сезіміне бұқа­ралық ақпараттық құралдары арқылы шебер ықпал ете білуі болды. Сөз бос­тандығын дамытуға арналған ақпараттық арналар мен әлеуметтік желілер арқылы террористер мен экстремистер өздерінің арамза идеяларын насихаттап, дүниежүзіне ылаң салып отыр. Сөз бостандығын империялық пиғылдағы саясаткерлер де, сепаратист опасыздар да өз мақсаттарына сай пайдаланып қалуда. Ресейдің ақпараттық экспансиясы мен үстемдігін сезінген кейбір «кемеңгерлер» өздерімен көршілес елдердің тәуелсіздігі мен тұтастығына көз алартып, тіл тигізіп, бейбіт халықтар арасына от жағып, шағыстыруға құмар. Осылайша, сөз бостандығы заманауи ақпараттық соғыстың қаруына айналып шыға келді. Абайламасақ, бостандық пен бодандықтың арасы бір тұтам ба, қалай? Салыстырып айтсақ, сөз бостандығы ауа сияқты: ауасыз өмір жоқ, бірақ, ауамен бірге вирустар, микробтар, ыс-түтін, жағымсыз иіс т.б. бірге жұтылып кететіні сияқты, сөз бостандығымен бірге толып жатқан у-заһар ақпараттардың таралу қаупі де жоғары. Сондықтан, сөз бостандығы ақпараттық қауіпсіздікпен қатар жүруі тиіс. Демократиялық ел болып, егемендігімізді нығайтамыз десек, біз осы қағиданы үнемі есімізден шығармауымыз қажет.