Тағылымға толы кездесу

25.11.2016

Көрулер: 4939

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінде Бостандық ауданының прокуроры Бауыржан Жұмақановпен кездесу өтті. Бір кездері осы оқу орнын тәмамдаған жас прокурор жастармен бірден тіл табысып кетті. Бауыржан Жұмақановпен кездесу «Мегаполис жағдайындағы дін атын жамылған экстремизмнің алдын алу»  конференциясына келуі барысында өтті.

Прокурор мемлекеттің бүкіл әлеуметтік-экономикалық жүйесін тұрақсыздандырып отырған ең зиянды фактор ретінде сыбайлас жемқорлық жайына баса назар аударды. Аудан прокуроры келтірген мысалдар болашақ заңгерлердің қызығушылығын тудырды. Жастарға үндеуінде ол Дантенің «Тозақтың 9 сыны» еңбегінде жетік түсіндірілген жемқорлықты жамандықпен теңеді. Дантенің сюжеті бойынша парақорлар тозақтың сегізінші қақпасын мекен етсе керек.  Осы қақпаға дін қызметшілері мен  шіркеу қызметін саудалаушылар кіреді екен.

Сондай-ақ,  прокурор Владимир Маяковскийдің «Что такое хорошо, и что такое плохо» өлеңін мысалға алып, жемқорлықтың екі жағын қарастырып кетті. Ол ақынның жеткізу тәсіліндегі парақорлықты құрт ауруына балап, түсіндіріп берді.  Оның айтуынша, ауру бас кезінде  аса білінбейді, уақытында анықталған жағдайда тез жазылады.  Керісінше, егер оны жіберіп алсаңыз, аздап біліне бастайды, бірақ, емделуі оңайға соқпасы анық.

Сөз соңында Бауыржан Жұмақанов студенттерге оқуда  жетістіктерге жетуін тілеп, аталмыш мазмұндағы кездесулерге қуана келетінін атап өтті, себебі, осындай шаралар арқылы жастардың арман-тілектерін, оларды алаңдататын тақырыптар мен қызығушылықтары жайлы біле алады.