«МЕЙКАТОН» халықаралық жобасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің командасы есту қабілеті нашар азаматтарға арналған екі бірдей құрылғы жасады.

09.04.2018

Көрулер: 3026

Шараның мақсаты - мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмектесу үшін бағасы қолжетімді әрі пайдалы өнім жасау, сонымен қатар, бұл пайдалы өнімді жаппай өндіруге мүмкіндік туғызу. Мейкатонның ерекшелігі сол, прототиптерді жасау барысында инженерлерге мүмкіндігі шектеулі адамдар өздері көмектесіп, бұл құралдар олардың күнделікті тірлігін жақсарту үшін жасалады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің командасы есту қабілеті нашар азаматтарға арналған екі бірдей құрылғы жасады.

«Біз «Ақылды білезік» және «Ақылды қолғап» жасадық. Білезік «хелпер», ал қолғап «глов си плюс» деп аталады. Бірлесіп жұмыс істеген мүмкіндігі шектеулі жан ести алмайды және сөйлей алмайды. Ол көптеген қиындыққа тап болыпты. Мәселен, есік қоңырауын, көліктердің дыбыстарын естімейді. Оған қоса, физикалық тұрғыдан дәрігерді де шақыра алмайды. Білезікке көмек шақыратын басқыш орнаттық. Мәселен, ол полиция қызметкерін шақырғысы келсе, туыстары, әлеуметтік қызметерге де автоматты түрде шақырту түседі», - дейді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторанты Асқар Әскеров.

Инженерлер «Ақылды қолғап» туралы да кеңінен әңгімеледі.

«Бұл - әлемдегі ең арзан прототип. Оның құны 19 АҚШ доллары 67 цент немесе теңгеге шаққанда 6 220 теңге. Ең бастысы, бұл құрылғы кез келген адам үшін қолжетімді. Біздің қолғаптарды есту қабілеті нашар азаматтармен қатар, сөйлеу қабілеті бұзылған мүгедектер те қолдана алады. Біздің программистер ымдау тілін жеткізетін бағдарламалық код әзірледі. Біздің пайымдауымызша, бағдарлама екі мыңға жуық ишарат белгілерін жеткізе алады», - дейді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранты Данабай Тұрғынбаев.

Шараны ұйымдастырушы Сәния Арапованың айтуынша, бұған дейін өткен марафондарда өнертапқыштар қозғалыс аппараты зақымданған азаматтарға арналған өнімдер жасаса, бүгінгі күні есту қабілеті бұзылған адамдардың да мәселелерін шеше бастады.