XXXVII қалалар Турнирінің күздік айналымы

23.10.2016

Көрулер: 4687

Қалалар турнирі – математика пәнінен оқушыларға арналған, 1980 жылдан бері өткізіліп келе жатқан халықаралық олимпиада. Турнирдің ерекшелігі – қатысушыларды спорттық жетістіктерге емес, математикалық есептермен тереңірек жұмыс істеуге бағыттайды, яғни, зерттеулік жұмысқа қажетті қасиеттерді дамытады. Қалалар турнирі – жазбаша түрде өтетін индивидуалды жарыс. Бұл турнирдің есептері 8-9 сыныптарға (төмен нұсқа) және 10-11 сыныптарға (жоғары нұсқа) арналған. Жоғары нұсқаға кез келген  оқушы, ал төмен нұсқаға – 9 сыныпқа дейінгі кез-келген оқушы қатыса алады. Үш үздік көрсеткіш есептеледі.

     Алматы қаласы қалалар Турнирінің ұйымдастырушы комитеті болып әл-Фараби атындағы ҚазҰУ механика-математика факультетінің «Innovation» білім және ғылыми-зерттеу орталығы тағайындалды. Үлкен жұмысты «әл-Фараби» олимпиадаға дайындау орталығының жаттықтырушы және оқытушылар құрамы атқарды: олимпиадалық есептер мемлекеттік тілге аударылды, іс-шараларды өткізуде нақты жұмыстар ұйымдастырылды, қатысушылардың жұмыстары тексерілді, нәтижелері сайтта жарияланды, ал үздік жұмыстар қайта тексеруден өту үшін Мәскеу қаласына жіберілді.

     Олимпиада алдында оқушыларға былтырғы оқу жылының қалалар Турнирінің халықаралық дипломдары, геометрия пәнінен III Ирандық олимпиада қатысушыларының дипломдары мен сертификаттары табысталды. Бұл олимпиадалар бұрын Механика-математика факультетінің қабырғасында да өткізілген еді.

     Алматы қаласындағы Күздік айналымның күрделі нұсқасына Базалық нұсқаға қатысқан 300 оқушылардан іріктелген 100 оқушы қатысты. 8-9 сыныптар қатысушылары арасында «Tamos Education» физика-математика мектебінің, ФМБ НИМ, 165 лицейдің оқушылары ерекше көзге түсті. 10-11 сыныптар арасында үздік нәтиже көрсеткен – 134 лицейдің, РФММ, ҚТЛ оқушылары.

     Қалалар Турнирін ұйымдастыруда негізгі қозғаушы күш – математиктердің, студенттердің, оқытушылардың энтузиазмі болып табылады. Олардың барлығына үлкен алғыс білдіреміз!