Тұрақты даму мақсатында халықаралық журналистиканы оқыту моделдері

07.04.2021

Көрулер: 2080

7 сәуір күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде «Тұрақты даму мақсатында халықаралық журналистиканы оқыту моделдері” (МТIJ) атты дәстүрлі V Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Журналистика және коммуникация жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасы Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының қолдауымен халықаралық журналистиканың өзекті мәселелерін талқылауға арналған жиынды бесінші рет өткізді. Аталмыш конференция бүгінде академиялық орта мен практик мамандардың, халықаралық ұйымдар өкілдерінің маңызды пікірталас, тәжірибе алмасу алаңына айналды. Конференция жұмысына АҚШ, Ресей, Қырғызстан, Украина елдерінен танымал ғалымдар қатысып, тұрақты даму мақсатындағы журналистік білім беру, онлайн білім берудегі түйткілді мәселелер мен COVID-19 пандемиясы кезіндегі қашықтан оқытудың өзекті мәселелерін талқылады. Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының коммуникация және ақпарат бөлімінің маманы Сергей Карпов, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің Қазақстандағы өкілі  – Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық бюросының басшысы Властимил Самек құттықтау сөз сөйлеп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Огайо университетінің профессоры Джатин Сривастава, Адам Мицкевич университетінің профессоры Радослав Фидлер, Кастамону университетінің профессоры Хаджи Ахмет Шимшек, Акдениз университетінің профессоры Суат Колукирик (Түркия), М.В. Ломоносов атындағы ММУ журналистика факультетінің доценті Малыгина Лидия, мәдениеттану саласындағы философия докторы, Халықаралық кадрлар академиясының философия профессоры Надежда Лебедева (Украина), Колумбия университетінің жанындағы Жер институты, MDP профессоры Рафис Абазов (Нью-Иорк, АҚШ) т.б. өз баяндамаларында білім берудегі цифрландырудың жаңа форматына, COVID-19 пандемиясы кезіндегі медиа алгоритмдерге талдау жасап, кәсіби құзіретті журналист мамандарын даярлаудағы мүмкіндіктерге тоқталды. Шетелдік ғалымдар қашықтан білім берудегі өз оқу орындарының тәжірибесімен бөлісті. Конференция жұмысы халықаралық ұйым өкілдерінің шеберлік сыныптарына жалғасты.