Шеберлік сағаты

09.12.2020

Көрулер: 1818

9 желтоқсан күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінде «Қоғаммен байланыс» мамандығының 3-курс студенттерінің қатысуымен «Заманауи кәсіпкерге керек маркетинг» тақырыбында танымал кәсіпкер, маркетолог Жексенов Азамат мырзамен шеберлік сағаты өтті. Шеберлік сағатын ф.ғ.к. Иманалиев Жалғас мырза өткізді. Шеберлік сағатында Азамат мырза бизнестің бағыттары, бизнесмен болудың құпиялары, жетістікке жетелейтін факторлар мен қиындықтар туралы ақпаратпен бөлісті. Қытай және Корея елдерінде білім алып,бизнес бастауға қатысты іскерлік тәжірибе жинақтаған Азамат мырза студенттерге жоғарыда аталған шет мемлекеттердің тыныс-тіршілігін, білімі мен экономикасын таныстыра отырып, көп деректермен бөлісті.

Жиынның соңында студенттер көкейтесті сұрақтарын қойып, маркетологпен сырлы сұхбат құра білді. Сұхбат барысында "Тіл білудің маңыздылығы", «Кітап оқығанның пайдасы», "Бизнес бастауға не керек?", "Бизнес бастағысы келетін адамдарың бойында қандай қасиеттер болуы керек?", "Мақсатқа жетудің дұрыс әдістері" тақырыбында сөз қозғалды. Шеберлік сағатының соңында Азамат мырза шәкірттерге жүрекжарды тілегін айтып, осындай керемет шеберлік сағатын ұйымдастырған Иманалиев Жалғас мырзаға алғысын айтты. 30 минутта студенттердің бизнес жайлы көзқарасы мен білімін толықтыра білген шеберлік сағаты өз мақсатына жетті деп есептейміз.