Мұхиттар арқылы ғылыми «онлайн-таңғы ас»

23.10.2020

Көрулер: 1674

2020- жылдың 8-ші қазанында PhD докторанттары Бахтияр Нурумов, Гүлнұр Беркенова және журналистика факультетінің студенті Мадина Серiк Pontificia Universidad Católica de Valparaíso, Chile университеті, журналистика мектебінің профессоры Клаудия Мелладо ұйымдастырған «онлайн-таңғы асқа» қатысты. Аталмыш кездесу«Beyond Journalistic Norms: Role Performance and News in Comparative Perspective» атты кітаптың тұсаукесеріне арналған болатын.

Онлайн-талқылау әлемнің түпкір-түпкірінен жүзден аса ғалымдардың басын біріктірді.Олар – жай тыңдаушылар ғана емес,олар – жақын әріптес-ғалымдар, Мелладоны олармен көптеген ғылыми жобалар байланыстырады. Солардың біріне, «Journalism Students across the Globe: Professionalization, Identity and Challenges in a Changing Environment» (2014-2018)-ке, журналистика факультетінің профессоры Ибраева Ғалия Жүнісқызы қатысқан болатын. Профессор Клаудия Мелладо баршаға ойлаған жобаның іске асқаны үшін және үздіксіз еңбектері үшін алғысын білдірді.

«Beyond Journalistic Norms: Role Performance and News in Comparative Perspective» атты кітап үш бөлімнен тұрады. Олар: «Кәсіби рөлдер және журналистік қызмет», «Журналистік рөлдің жаңалықтардағы көрінісі», «Журналистік рөлді түсіндіру» деп аталады. Кітапта әлемнің 18 елінің: Европа, Азия, Солтүстік және Латын Америка ғалымдарының журналистік мәдениет, өз жұмыстарын атқару кезінде журналистердің тап болып отыратын проблемалары туралы еңбектері жинақталған. Зерттеуде жаңалықтар контентіндегі журналистің кәсіби рөлінің көрінісі берілген. Зерттеу жұмысы журналистердің жүздеген сауалнамалары мен терең сұхабаттарына негізделген. Аталмыш кітаптың әлемдік практикалық журналистиканың және жалпы гуманитарлық ғылымның дамуына үлкен үлес қосатыны – сөзсіз.

Журналистика факультетінің жас ғалымдары мұндай жоғары деңгейдегі ғылыми кездесуден шабыт алып, құрметті профессор Клаудия Мелладомен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің студенттері үшін сұхбат жөнінде келісті. Сондай-ақ, келешектегі елдік ғылыми жобаларға ендігі кезекте Қазақстаннан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің докторанттары да қосылады деген үміт білдірілді.

 

әл-Фараби ат.ҚазҰУ профессоры

      Ғалия Ибраева