Мұтанов Ғалымқайыр Мұтанұлы


Қазақстан Республикасы ұлттық ғылым академиясының академигі

Әлемдік Өнер және Ғылым Академиясының (The World Academy of Art and Science) мүшесі, т.ғ.д.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры

Қабылдау тел.: +7 (727) 377-33-20, +7 (727) 221-11-20

E-mail: info@kaznu.kz

1979 жылы Қазақ политехникалық институтын «Автоматика және телемеханика» мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын Рудный индустриалды институтында ассистент болып бастады. Мәскеу болат және қорыту институтында екі жылдық ғылыми тағлымдамадан өтті. Аспирантура мен докторантураны Мәскеу мемлекеттік тау-кен университетінде бітірді. Ол 36 жасында ТМД бойынша техника ғылымдарының ең жас докторы атанды.

1995 жылы Солтүстік-Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры қызметіне тағайындалды. Ғалымқайыр Мұтанов басқарған 7 жыл ішінде СҚМУ еліміздегі үздік университетке айналды. 2002 жылы Қазақстан Республикасы білім және ғылым бірінші вице-министрі болып тағайындалды. Осы қызметті атқару барысында отандық білім және ғылым саласын жаңғыртуға үлкен үлесін қосты. 2003 жылы Ғ. Мұтанов Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры қызметіне тағайындалды. Дәл сол кезде ол ЖОО-ларды инновациялық бағытқа айналдырған «Университет-Технопарк» инновациялық жоғары оқу орыны моделін жүзеге асырды.

2010 жылы Ғ. Мұтанов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры қызметіне тағайындалды. Ғылыми зерттеулердің нәтижелерін қолданысқа енгізу және нәтижеге бағытталған инновациялық басқару әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлемдік деңгейдегі ғылыми-зерттеу университетіне айналуына септігін тигізуде. ҚазҰУ Орта Азия университеттері арасында үздік атанды, дамыған елдердің 10-топ ЖОО-лары қатарына енді. 2011 жылдан университет «QS WUR» халықаралық рейтингінде 650-орыннан 400 сатыға көтеріліп, 220 орынды иеленді. Рейтингтік агенттіктер бұны ҚазҰУ-дың феномені деп атайды. 220-топ қатарына ТМД-дан тек екі университет: Ломоносов атындағы ММУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғана енген. ҚазҰУ Түркі әлемінің ең үздік білім ордасы атанды. Британдық «Times Higher Education» (THE) агенттігінің зерттеу мәліметтері бойынша, ҚазҰУ Орта Азия университеттері арасында брінші болып «THE World University Rankings-2019» 1000 үздік әлем университеттері қатарына енген. Сондай-ақ университет БҰҰ-ның жоғары сеніміне еніп, тұрақты даму бойынша БҰҰ «Академиялық ықпал» бағдарламасының бас хабына айналды. Университеттің белсенді жұмысының нәтижесі ретінде 2018 жылдың мамыр айында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Пан Ги Мун атындағы Тұрақты Даму Институты ашылды.

Ғ. Мұтанов оннан аса халықаралық академияның мүшесі, оннан аса үздік ЖОО-ның құрметті профессоры. Сонымен бірге 500-ден аса ғылыми жарияланымның, оның ішінде 20-дан аса монографияның, әлеуметтік-экономикалық, техникалық үдерістер мен жүйелерді басқару саласы бойынша оқу құралдарының авторы. Ол 65-тен аса, оның ішінде шетелдік (АҚШ) патенттер мен өнертабыстың иегері. Оның жетекшілігімен төрт докторлық, отыздан аса кандидаттық және үш PhD диссертациялық жұмыстар қорғалды. Технологиялық үдерістермен басқару теориясын, жағдаяттық басқару, тәуекелді басқару, әлеуметтік-экономикалық жүйелер мен үдерістерді моделдеу әрі оларды басқару, т.б. теорияларын дамытуда Ғ.Мұтановтың үлесі зор.

2014 жылы бүкіл әлемге танымал «Шпрингер» баспасы оның «Mathematical Methods and Models in Economic planning, Management and Budgeting» («Экономикалық жоспарлау, басқару және қаржыландырудағы математикалық әдістер және үлгілер») кітабын басып шығарды. Кітапті экономика саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Джон Нэш жоғары бағалады.

Ғ. Мұтанов – Әлемдік Өнер және Ғылым академиясының (The World Academy of Art and Science) мүшесі; Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі; Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубының вице-президенті; Қазақстан Жоғары Мектебі Ұлттық Академиясының президенті; ҚР Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның (ЖҒТК), Халықаралық Эконометрикалық қоғамдастықтың (International Econometric Society), Корольдік Экономикалық қауымдастықтың (Royal Economic Society) мүшесі.

Профессор Ғ.Мұтановтың білім және ғылым саласына сіңірген еңбегі 3-ші дәрежелі «Барыс» ордені, ҚР «Парасат» ордені, «ҚР еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» және ҚР үздік өнертапқышы сияқты жоғары ұлттық наградалармен марапатталған.

Ғылым мен білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін: Академиялық Пальма Бұтағы Кавалері орденімен (Франция), Сіңірген еңбегі үшін кавалер кресті орденімен (Польша), ТМД Орденімен (Мәскеу), Корея Песпубликасы Президентінің Алтын медалі және басқа да шетелдік мемлекеттік жоғары наградалармен марапатталған. Профессор Ғ.Мұтановтың ғылымға сіңірген еңбегі үшін Халықаралық ғылым академиясы жоғары мектебінің «білім және ғылым саласында жеткен жетістіктері үшін» атаулы алтын медалі, математика саласында ИСЕСКО сыйлығының Алтын медалі (Білім беру, Ғылым және Мәдениет бойынша Ислам Ұйымы), М.Кюри алтын медалі (Польша) және т.б. табыс етілген.

Ғ.Мұтанов – ҚР спортының еңбек сіңірген қайраткері, КСРО-ның дзюдо күресінен спорт шебері. Сонымен қатар ол поэзияға да шығармашылық қызығушылық танытады. Ғ.Мұтановтың поэтикалық жинақтары әлемнің түрлі тілдеріне аударылған және беделді халықаралық әдеби сыйлықтар мен наградалар иеленген, олардың арасында Э.Хемингуэй атындағы, Н. Гоголь, Махтумкул, М. Қашқари, Ж. Баласағұн аттарындағы және т.б. сыйлықтар бар.

www.kaznu.kz