Шығыс мұражайы
2014 жылдың 16 мамырында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының ұйымдастыруымен университеттің серпінді жобаларды жүзеге асыру бағдарламасы аясында Шығыс Мұражайының ашылу салтанаты өтті. «Шығыс Мұражайының» ашылу салтанатына құрметті қонақтар ретінде Алматыдағы ҚХР-ның Бас консулының орынбасары Дин Шанлин мырза, жобаның бас демеушісі, «Маңғыстаумұнайгаз» басқармасының төрағасы Сунь Синьюн, Алматыдағы Түркияның Бас консулы Супхи Атан, Алматыдағы Үндістанның Бас консулы Навин Капур, Мысыр мәдени орталығының директоры Ашраф Дервиш, Түркі халықтарының мәдени қорының директоры Ахмет ДағДұран мырза, Орта Азия тарихи-дипломатиялық қоғамның төрағасы С.Н. Нарысов және басқалар қатысты.
Шығыс Мұражайында ежелгі өркениет ошағы болып табылатын Қытай, Мысыр, Үндістанмен қатар Жапония, Корея, Иран, Түркия секілді Шығыс елдерінің тарихын, мәдениетін және салт-дәстүрін паш ететін құнды жәдігерлер жинақталған.
Шығыс Мұражайының ашылуына, құнды экспонаттардың жинақталуына шығыстану факультетінің профессор-оқытушылар құрамы, жұмыс берушілері мен түлектері зор үлес қосты. Шығыстанушы-мамандар даярлауда аталмыш мұражайдың орны ерекше болмақ, мұражай әлеуетін оқу-тәрбие үдерісінде білім беру ресурсы ретінде тиімді пайдалануға болады.