Білім

Білім беру қызметі

Қазіргі әлемде әлемдік деңгейдегі зерттеу университеттерінің, көшбасшы университеттердің елдің жоғары білім беру жүйесін дамыту, оның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін және білімге негізделген экономикаға көшуін қамтамасыз ету үшін маңызы өте зор. Әлемнің танымал білім беру мекемелерімен ынтымақтастықты дамыту мақсатында, ҚазҰУ-ды 2020 жылға дейін дамыту стратегиясына сәйкес, оқу үдерісі мен оқу бағдарламалары (бакалавриат–магистратура–докторантура PhD) толықтай жаңашаланды.  

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың берген бағытына сәйкес, 2012-2013 оқу жылы инновациялық білім беру бағдарламалары әзірленіп, білім беру жүйесіне инновациялық серпіліс жасалынды. Білімді, білікті, дағдыларды бұрынғыдай механикалық түрде беру емес, ақпараттық-зияткерлік ресурстарды өз бетінше тауып, талдап және пайдалана білетін, инновациялық идеялардың қуат көзі болатын, жедел өзгеріп отыратын әлем жағдайында дамитын және өзін-өзі ашып көрсете алатын болашақ маман тұлғасын қалыптастыру басымдылық болып табылады. Жаңа оқу жоспарын қалыптастыру мақсатында білім берудегі мемлекеттік ортақ стандарттарға, Назарбаев-университетіне және әлемнің танымал білім беру универстеттеріне: Cambridge, Oxford, Edinburg, University College London (UCL), Heidelberg Universität, Munchen Universität, Sorbonne, Strasbourg, Massachusetts Institute of Technology (MIT), Harvard, Stanford, Yale және басқаларына толықтай талдау жасалды. Жасалған талдауға сәйкес, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ техникалық, әлеуметтік-гуманитарлық бағыттары бойынша оқу жоспарының жаңа жобасын әзірледі. Жаңа оқу жоспары жұмыс берушінің қатаң талаптарын ескере отырып әзірленген болатын. Бұл бағдарламалардың кредит мөлшері (~90%) кәсіби пәндер блогына арналған. Олар STEM (STEM – Science, Technology, Engineering, Mathematic) модулінен тұрады. Жеке білім беру траекториясына элективті модуль 25% кредиттен келеді. Ол кәсіби дайындықты нығайтуға мүмкіндік береді. Элективті пәндер тізімі еңбек нарығының талаптары мен ғылымның даму үрдісіне сәйкес әзірленген. Элективті пәндер каталогы білім берудің барлық сатысында қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қалыптастырылған. Мамандықтар бойынша оқу жоспарларына қайта құрылымдау жасалды: бакалавриат пәндері келесі циклдар бойынша біріктірілді:

-   ортақ пәндер (ОП)

-   гуманитарлық пәндер (ГП)

-   кәсіби пәндер (КП).

Әр мамандық бойынша құжаттар әзірленді. Кәсіби блоктағы элективті пәндер үлесі 60 % ұлғайды. Сонымен, 6 педагогикалық мамандықтарды даярлау 2013-2014 оқу жылында аяқталды.

Әлемдік экономиканың интеграциялық үрдістеріндегі жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуде білім сапасы аса маңызды рөл атқаратынын ескере келіп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қолға алған «классикалық университеттен зерттеу университетіне көшу» жобасында білім-ғылымды, инновациялық өндіріс пен бизнесті кіріктіру және магистратура мен докторантура PhD білім алушылар санының өсуі көзделген. ҚазҰУ Қазақстан Республикасы бойынша магистранттар мен докторанттардың саны жағынан көшбасшы.