Кафедраның тарихы

«Есептеу ғылымдары және статистика» кафедрасы ҚазҰУ-де болған құрылымдық өзгерістерге байланысты бұрынғы «Математикалық талдау», «Геометрия, алгебра және математикалық логика», сондай-ақ «Ықтималдықтар теориясы және математикалық статистика» кафедралары негізінде 2020 оқу жылынан бастап жаңадан ірілендірілген, ғылыми-зерттеу университетіне сәйкес кафедра ретінде құрылды. Кафедра құрылған күннен бастап кафедра меңгерушісі болып PhD., доцент Тұрар Олжас Нұрқонысұлы қызмет атқаруда. Қазіргі таңда кафедраның оқытушы-профессорлар құрамын ҚР ҰҒА үш академигі, бес физика-математика ғылымдарының докторы, он жеті физика-математика ғылымдарының кандидаты, үш PhD доктор құрайды.

Математикалық талдау кафедрасы 1936 жылы құрылған, ол - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі (1934) ең алғашқы кафедралардың бірі. Кафедраның негізін қалаушы Ленинградтан шақырылған Ибадулла Ақбергенов (1936) - физика-математика ғылымдарының кандидаттығы ғылыми дәрежесіне қол жеткізген тұңғыш қазақ баласы. Ол математиканың функционалдық анализ және есептеу математикасы секілді осы заманғы бөлімдерінде өзіндік өрнек қалдыру бақытын еншілеген азғантай ғана ұлы ғалымдар санатындағы кісі, ғылыми жетекшісі экономикадан Нобель сыйлығын қанжығасына байлаған ұлағатты ұстаз Л.В Канторовичтің ғылымда ойып алар орны бар ізбасары. Математикалық талдау кафедрасын қалыптастырып, өркендетуге және әрі қарай дамыта түсуге белгілі математик-ғалымдар өз үлестерін қосты. Олардың қатарында кафедрада әр жылдары түрлі қызмет атқарған И.П.Натансон, К.П.Персидский, Н.И.Ахиезер, М.Я.Выгодский, С.Г.Михлин, М.С.Липшиц, О.А.Жәутіков, Т.И.Аманов, Д. Үмбетжанов, В.Х.Харасахал, А.А.Жеңсікбаев, М.Өтелбаев, Н.Қ.Блиев, Т.Ш.Кәлменов, Н.Т.Темірғалиев, Р.Ойнаров, А.Тұнғатаров, Ж.Тоқыбетов секілді танымал ғалымдар, білікті ұстаздар, оқулықтардың авторларын ерекше атап өтуге болады.

Геометрия, алгебра және математикалық логика кафедрасы 1995 жылы геометрия кафедрасы мен алгебра және математикалық логика кафедраларының негізінде құрылды. Бұған дейін университетте аталған кафедралардың ғылыми және педагогикалық бағытында жұмыс істеген келесідей кафедралар болған: Математика кафедрасы (1934-1938), Жоғарғы геометрия кафедрасы (1938-1986), Жоғарғы алгебра кафедрасы (1938-1972), Математикалық логика кафедрасы (1968-1972), Алгебра және математикалық логика кафедрасы (1972-1986), Алгебра және геометрия кафедрасы (1986-1988), Геометрия және математика әдістерінің методикасы кафедрасы (1988-1993), Геометрия кафедрасы (1993-1995), Алгебра және математикалық логика кафедрасы (1988-1995). Кафедралардың профессор-оқытушыларының штаттық кестесі сол кезде Алматы қаласына Совет Одағының түрлі жетекші ғылыми орталықтарынан шақырылған белгілі профессорлардан, доценттерден және Абай атындағы педагогикалық институттың оқытушыларынан құрылды. 1935-1936 оқу жылынан бастап геометрия пәндерін Москва мемлекеттік университетін бітірген доцент Л.И. Бабушкин жүргізді. Жоғарғы геометрия кафедрасының құрылымына және оқу үрдісіне сол кезде 20-ғасырдың атақты математигі А.Д. Александровтың (1912-1999), сол сияқты Б.Н. Саморуков, В.Ф. Рогаченко, Б.М. Уразбаев, М.Я. Выгодский, Ф.Д. Крамар, А.А. Фридман, Е.И. Ким, А.Д. Александров, А.З. Закарин, В.В. Стрельцов, Д.Ш. Юсупов, С.А. Аяпбергенов, Э.И. Хмелевский, В.М. Амербаев, М.Г. Перетятькин және А.И. Омаров, С.Бадаев секілді ғалым-оқытушылардың еңбектері сіңді.

Ықтималдықтар теориясы және математикалық статистика кафедрасы 1989 ж «Функционалдық анализ және ықтималдықтар теориясы» деген атпен ұйымдастырылған. Кафедраның алғашқы меңгерушісі - Қазақ ССР Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, ҚР ҰҒА корреспондент - мүшесі (қазір ҚР ҰҒА академигі), физика - математика ғылымдарының докторы, профессор Т.Ш. Кальменов (1989-1991 ж.). Одан кейінгі жылдары кафедра мңгерушілері болып А.А.Беделбаев (1991-1992), профессор Н.Т.Темірғалиев (1992-1997), ҚР ҰҒА академигі, профессор М.Өтелбаев (1997-2000), ҚР ҰҒА академигі, профессор Н.Қ.Блиев (2000-2005) және доцент Н.Ақанбай (2005-2011) қызмет атқарды. Кафедраның оқу-әдістемелік және педагогикалық қызметтерінің негізгі бағыттарының түбегейлі өзгеруіне байланысты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кеңесінің 26.05.2009 ж. шешімімен кафедраның аты «Ықтималдықтар теориясы және математикалық статистика» болып өзгертілді.

«Есептеу ғылымдары және статистика» кафедрасы бүгінгі күні механика-математика факультетінің әртүрлі мамандықтары бойынша бакалаврлар, магистрлер және математика бағыты бойынша философия докторларын (PhD) дайындайды.

 

Ибадулла Акбергенов

Садуакас Бокаев