Жаңалықтар

Авакова Раушангүл Амирдинқызының 60-жылдық мерейтойы құрметіне ұйымдастырылған Халықаралық ғылыми конференция

26.04.2023

Күллі түркі жұртына қашанда құшағы айқара ашық көне Ыстамбұл бұл күндері бауырлас қазақтың тағы бір дара қызын ыстық ықыласпен қабылдап, түркі әлеміне жасаған еңбегі үшін ерекше ілтипат көрсетіп жатыр. Қазақстандық көрнекті ғалым, лингвистиканың барлық саласындағы салыстырмалы, салғастырмалы зерттеулердің жетекші маманы, кәсіби түркітанушыларды даярлау ісін жолға қойып келе жатқан маман - Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология факультеті «Түркітану және тіл теориясы» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Авакова Раушангүл Амирдинқызының 60-жылдық мерейтойы құрметіне ұйымдастырылған Халықаралық ғылыми конференция Стамбул университетінде 24 сәуірде салтанатты түрде ашылып, 28 сәуірге дейін өз жұмысын жалғастырмақ.
Стамбул университетіне қарасты Фараби Еуразия ғылыми зерттеулер орталығы мен Әл-Фараби Қазақ Ұлттық университеті бірлестікте өткізіп жатқан іс-шара "ТҮРКІ ФРАЗЕОЛОГИЯСЫ: ЗЕРТТЕЛУІ, ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ МЕТОДОЛОГИЯСЫ ЖӘНЕ БОЛАШАҒЫ" тақырыбының аясындағы түрлі мәселелерді ғылыми аудиторияға ұсынып, осы бағытта өнімді еңбек еткен Раушан Әмірдинқызының жеке көзқарастары мен ой-тұжырымдарын тыңдады.
Салтанатты жиын мыңжылдық тарихы бар қарт университеттің жоғарғы лауазымдарды табыстайтын арнаулы залында ашылып, халықаралық деңгейдегі барлық қабылдау протоколының шарттарына сай өткізілді. Атап айтсақ, ғалымның мерейтойын құттықтау нотасын тапсыру үшін Стамбул университетінің ректоры Махмут Ак мырза алғашқы болып сөз бастап, Түркия мәдениет департаментінің басшысы, Фараби ҒЗО жетекшісі, Стамбул университеті Филология факультетінің деканы ғалымның түркі дүниесіне қосқан үлесі туралы ыстық лебіздерін білдіріп, мерейтойға сый-сияпат жасады. Әл-Фараби ҚазҰУ ректорының марапат хатын Филология факультеті деканы Жолдасбекова Баян Өмірбековна табыстап, отандық бірқатар түркітанушы мамандар мен ғалымның шәкірттері құттықтау сөз арнады.
Конференцияның екінші бөлімінде Қазақстандық аймақтық Жоғарғы оқу орындары - Тараз мемлекеттік Ұлттық университеті, Атырау мемлекеттік Ұлттық университеті, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, Шымкент университетінен арнайы құттықтау ноталарын алып келген өкілдерге сөз берілді. Осы тұста профессор Раушан Авакова дайындаған шәкірт мамандардың аталған оқу орындарында ұстаздық етіп, ғалым мектебінен алған тәжірибесін республика кқлемінде жалғастырып жатқандығын атап өткен орынды.
Конференцияның үшінші бөлімі жинаққа енетін ғылыми баяндамалармен танысып, жас түркітанушы ғалымдарға профессор тарапынан кәсіби кеңес беріліп, ғылым жолында сәттілік тілеуімен аяқталды.
Осылайша Раушан Амирдинқызының 60-жылдық мерейтойына арналған іс-шара Османлылар елінде әлі де жалғасын таппақ. Алда Түркия Ғылыми-зерттеу орталығының қазақстандық ғалым әріптесінің шығармашылығына арналған жиыны жоспарланған.
Раушан Амирдинқызын ғылыми орта, зияткер көпшілік негізінен фразеолог, түркітанушы ретінде өте жақсы таниды. Бүгінгі отандық лингвистикалық ортада тіл мәселелерінің әртүрлі тақырыптарымен кешенді түрде айналысатын шәкірттерінен тұратын өз мектебі бар, шығармашыл кәсіби мамандардан жасақталған жұмыс тобы бар, ғылыми-зерттеу дәрісханасы бар ғалым.
Раушан Амирдинқызы Аваковаға жоғары кәсіби дайындығын, ғылыми дәрежесін, жұмыстағы жауапкершілігін және басшылық қызметтегі қағидашылдығын, дипломатиялық сауаттылығын ескере отырып, басшылық тарапынан ғалымға әр жылдарда маңызды тапсырмалар ұсынылды. Ғалым 2005-2007 жж. Халықаралық жоғарғы оқу орындарының келісімі бойынша Мәскеу лингвистикалық университетінде «Қазақ тілі орталығына» жетекшілік етіп, университет профессоры ретінде Мәскеу студенттеріне қазақ тілінен сабақ берді. Мәскеулік орыс ұлтынан тұратын студенттерін ұлы Абайдың тілінде сөйлете алды.
Сонымен қатар, профессор Р.А.Авакова Қазақстан Республикасының Ресейдегі елшілігімен бірлестікте бірқатар дипломатиялық мәдени-ағартушылық іс-шаралардың көшбасшысы болды. Сол тұстағы еңбектері Ресей, ТМД, Қазақстандық БАҚ

   порталдарындағы көптегент сұхбаттарымен есте қалды. Р.А.Авакова ММЛУ-ға «Сіңірген еңбегі үшін» (2018) деген төсбелгімен марапатталды. 2007 жылы ғалым «ҚР Үздік оқытушысы» грантының жеңімпазы атанды.
2008-2013 жж. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да тұңғыш рет түркітану кафедрасын ашып, үлкен ұжымға жетекшілік етті, кафедра меңгерушісі болды. Түркітану саласындағы алғашқы кәсіби біліктілігі бар мамандарды оқытып шығарды.
Авакова Раушан Амирдинқызы тәуелсіздік алғаннан кейінгі Халықаралық «Болашак» стипендиясының иегері болу үлесін де бөлісті. 2013-2014 ж.ж. АҚШ-тағы Висконсин-Мадисон университетінде ғылыми тағлымдамадан өтті. Осы тұста ерекше атап өтер мәселе – ғалым өзі тағылымдамадан өте жүріп, теңіздің арғы жағында тұңғыш рет қазақ тіліндегі Халықаралық конференция ұйымдастырып, Америка құрлығындағы ғылыми элитаға қазақ тіліндегі баяндамаларды тыңдатты.
Бүгінгі таңда ғалым «Түркітану және тіл теориясы» кафедрасының меңгерушісі ретінде мыңдаған тіл теоретиктері мен түркітанушыларға кәсіби біліктілік беріп, әлемдік нарықта бәсекеге лайықты маман етіп шығару жолында аянбай еңбек етуде. Авакова Раушангүл Амирдинқызы 500-ден аса ғылыми еңбектердің авторы, атап көрсетсек: 5 – монография, 4 – оқулық; 7 – оқу құралы , 3 – оқу–әдістемелік нұсқау, 2 – сөздік, 30 – аса жалпы тіл білімі, түркітану мамандықтары пәні бойынша фундаменталды типтік бағдарламалардың авторы. Ғалымның жетекшілігімен 13 ғылым кандидаттары 10.02.02 – қазақ тілі; 10.02.19 – тіл теориясы; 10.02.20 – салыстырмалы-тарихи, типологиялық және салғастырмалы тіл білімі мамандықтары бойынша, 2 – PhD докторы дайындалды. Авакова Раушангүл Амирдинқызы мемлекеттік іргелі 5 ғылыми-зерттеу жобалардың жетекшісі болды.
Жалпы тіл білімі және түркітану мәселелері, лингвистикалық мәдениеттану; этнолингвистика, қазақ және түркі тілдері фразеологиясы, сонымен қатар лексикогорафия теориясы, қазақ тілін екінші тіл және шет тілі ретінде оқыту және т.б. тіл білімінің көкейкесті мәселелерімен айналысуда ғалым қазақстандық ғылыми мектебінің дамуына жағдай жасап келеді.
Тәуелсіздіктің туы желбіреп, азат елдің азаматтары өзінің даңғыл жолымен, өз тарихымен, өзінің ұлттық кодымен жаңа дәуірдің шымылдығын сыпырып, өзгеше салтанатпен болашақты бетке алып дамып келеді. Әзірге отыз жылдық жас толқын тәжірибесі бар еліміздің бағыт-бағдары айқындалып қалды. Осы жолда Авакова Раушангүл Амирдинқызы сынды табиғатынан ғалым бітімді тұлғалар елдің ғылыми потенциалын көтеретін, интеллектуалдық мектебін қалыптастыратын алдыңғы қатар көшбасшылар болмақ.

Ары қарай оқу >>

ҚазҰУ ғалымдарының Түркияға ғылыми іс-сапары

26.04.2023

Түбі бір түркі әлемін жақындастыра мақсатында қазіргі таңда барша түрк елдерінде түрлі іс-шаралар атқарылып келеді. Әсіресе, біздің елдегі соңғы жалдардағы түркі халықтарының бірлігін нығайтып, қатынасын жаңғыртып, рөлін айшықтау жолындағы атқарып келе жатқан қызметі зор. Соның ішіндегі түркітану ғылым саласының еліміздегі дамуы мен өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген ғалымдарымыз да бар. Осындай ғалым

Түркітанушы ғалымдарымыздың бірі әрі бірегейі, осы мамандық бойынша кадр дайындауға өзіндік ерекше үлесін қосқан ғалымымыз Авакова Раушан Амирдинқызының үлесі жоғары. Ол кісінің ғылыми жаңалықтары ғана емес, осы саладағы ұйымдастырушылық жұмыстарда белсенділік танытып жүргендгін ерекше атауға болады.

Жақында еліміздің тіл біліміне және түркітанудың барлық салаларына молынан еңбек сіңірген, салыстырмалы, салғастырмалы зерттеулердің жетекші маманы, кәсіби лингвист мамандарын оқыту ісінің тәжірибелі үздік ұстазы, белді филолог-қайраткеріміз, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология факультеті «Түркітану және тіл теориясы» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Авакова Раушангүл Амирдинқызының 60-жылдық мерейтойына орай Стамбул университетіне қарасты Фараби еуразиялық зерттеулерді ұйымдастыру және зерттеу орталығы (FAMER) және Әл-Фараби ат. ҚазҰУ бірлесе ұйымдастырған «ТҮРКІ ФРАЗЕОЛОГИЯСЫ: ЗЕРТТЕЛУІ, ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ МЕТОДОЛОГИЯСЫ ЖƏНЕ БОЛАШАҒЫ» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы сәуірдің 24-28 аралығында ерекше өнімді өтті.

ҚазҰУ ғалымдарын, делегаттарын ерекше ілтипатпен, ресми протоколдың жоғары стандартымен қабылдаған тарихы терең көне Стамбул шаһарының қақ төрінде, әйгілі Стамбул университетінің ректорлық ғимаратында Конференцияның ашылу салтанатын Стамбул университетінің FAMER директоры, ғылым докторы, профессор Абдулла Кызылжык (Abdullah Kızılcık) қарсы алу сөзімен өрнектеп, екі елдің халықаралық академиялық белсенділік аясындағы қарым-қатынастарымыздың одан да әрі жемісті болуына кәміл сенімін білдірді.

Стамбул университетінің ректоры Махмут Ак мырза құттықтау нотасын тапсыру үшін алғашқы болып сөз бастап, Түркия мәдениет департаментінің басшысы Стамбул университеті Филология факультетінің деканы ғалымның түркі дүниесіне қосқан үлесі туралы ыстық лебіздерін білдіріп, мерейтойға сый-сияпат жасады.

ҚазҰУ Түркітану және тіл теориясы кафедрасының ұлағатты ұстаздарымыз – ф.ғ.к., доцент Акимишева Жанар Абдисадыққызы және ф.ғ.к., аға оқытушы Бектемірова Сәуле Бекмухамедқызы конференцияның күн тәртібіне қойылған түркітану, түркі тіл білімі аясындағы ғылыми ізденістердің қазіргі көкейкесті бағыт-бағдарларын және түркі тілдеріне ортақ фразеологилық қордың зерттелуі мен құрастырылуының ғылыми-теориялық негіздерін баяндап берді, Әл-Фараби ҚазҰУ ректоры Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы, ҚазҰУ басшылығы мен факультеттердің оқытушы-педагогикалық құрамы атынан Стамбул университетінің басшылағы мен ғалымдарына арнап құттықтау лебіздерін жолдады. Филология факультеті деканы Жолдасбекова Баян Өмірбековна ҚазҰУ ректорының марапат хатын табыстап, отандық бірқатар түркітанушы мамандар мен ғалымның шәкірттері құттықтау сөз арнады. Сонымен қатар, Тараз мемлекеттік Ұлттық университеті, Атырау мемлекеттік Ұлттық университеті, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, Шымкент университетінің өкілдері арнайы құттықтау ноталарын табыстады.

Конференцияның кезекті бөлігі Стамбул университеті, Фараби ҒЗО қабырғасында конференцияға қатысқан Қазақстан және шетел ғалымдарының жаңашылдықтарға толы ізденістерінен сыр ашатын ғылыми баяндамалар оқуларына ұласып, әділқазылар тарапынан қызу талқы мен қолдау таптырған осы ізденістердің әлемдік және отандық лингвистика саласында едәуір жетістіктерге жеткенін аңғартатын айғақты куәсі болды. Бұл, әрине, – конференцияға қатысушы ғалымдардың бойындағы зеректік, ұшқыр ой, дарындылығы мен дайындықтарымен қатар, ҚазҰУ ректоры және ҚазҰУ басшылығының, филология факультетінің жетекшілері мен озық мамандарының, «Түркітану және тіл теориясы» кафедрасының профессорлық-оқытушы құрамының және ардақты ұстаздарының ерекше қамқоры мен қолдауы арқасында өсіп-өнген ортақ жемісіміз.

Авакова Раушангүл Амирдинқызы 500-ден аса ғылыми еңбектердің авторы: 5 – монография, 4 – оқулық; 7 – оқу құралы , 3 – оқу–әдістемелік нұсқау, 2 – сөздік, 30 – аса жалпы тіл білімі, түркітану мамандықтары пәні бойынша фундаменталды типтік бағдарламалардың авторы. Ғалымның жетекшілігімен 13 ғылым кандидаттары 10.02.02 – қазақ тілі; 10.02.19 – тіл теориясы; 10.02.20 – салыстырмалы-тарихи, типологиялық және салғастырмалы тіл білімі мамандықтары бойынша, 2 – PhD докторы дайындалды. Авакова Раушангүл Амирдинқызы мемлекеттік іргелі 5 ғылыми-зерттеу жобалардың жетекшісі болды.

ҚазҰУ жетекшілігі, филология факультеті, «Түркітану және тіл теориясы» кафедрасының барша мүшелері білім ордамыздың мақтанышы, білім қайраткері, тілтану саласының майталман арысы, ардақты ғалым-аруымызды Раушангүл Амирдинқызы 60-жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз! Жасыңызға жас қосылып, шырайлы жүзіңізде шуақты күлкі орнап, Тәңіріміздің шексіз мейіріміне һәм қуанышқа толы баянды әрі ұзақ ғұмырды, зор денсаулықты, есепсіз тың жаңа ғылыми жетістіктердің иесі болуыңызға әрдайым тілектеспіз! Осылайша рухымызды тебірентіп, көтермелеп, ғылымның асу-асу белестерін мүдірместен алқымдап жеңуге әрдайым шақыратын, бәріміз де бой түзейтін, халықитың шапағатына, ел құрметіне бөленген үлгілі ұлы тұлға, Ел тұтқа мәртебесінде көп жасаңыз!

Стамбул, 24-28 сәуір 2023 ж.

Түркітану және тіл теориясы кафедрасы оқытушысы

Ешметова Балжан,

1 курс магистранты Бекмұхамедов Рақымжан

Ары қарай оқу >>

Ғылымдағы жастар

10.04.2023

Ғылым әлеміне берер тағылымы мол «Фараби Әлемі» атты халықаралық ғылыми конференциясының кезекті іс шарасы өтті. 2023 жылғы 6-8 сәуір аралығында студенттер мен жас ғалымдардың «Фараби әлемі» атты халықаралық ғылыми конференциясы өтті. Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы мен шетел студенттері, магистранттар, докторанттар, жас ғалымдар шақырылып, сегіз секция бойынша ғылымның әртүрлі саласындағы теориялық, эксперименттік, қолданбалы бағыттағы баяндамалар тыңдалды. Конференцияның қорытындылары бойынша Әл-Фараби ат. ҚазҰУ-нің 48 қатысушысы I, II және III-дәрежелі диплом иеленді. Конференцияға университетіміздің филология факультетінен жас ғалымдар атсалысып, жүлделі орындарды еншілеп алды. Конференцияның қорытынды салтанатында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы қатысушыларды құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Конференция материалдарының жинағы жарыққа шығарылуы жоспарланған.

Әлемнің үздік университеттерінің қатарында жоғары рейтинг көрсеткіштеріне ие болып отырған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті конференция аясында ғылыми-зерттеу және оқу-ағарту іс-шараларын ұйымдастыра отырып, студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми ізденістері мен оқу-танымдық іс-әрекетін ынталандырып, көтермелеуге, шығармашылық қабілеттерін дамытуға зор септігін тигізеді.

2013 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Фараби әлемі» конференциясы алуан-қилы ғылыми міндеттерді алғы шепке қойып, дөңгелек үстелдерді, ғылыми пікір-таластарды, шеберлік мастер-класстарды, көрнекі ғалымдармен кездесу іспетті іс-шараларды ұйымдастыра отырып, өскелең жас буын ғалымдардың ғылыми ізденімпаздығын талпындырады, және ғылымның әр саласына оң серпіліс беріп, осы арқылы еліміздің жарқын болашағы үшін рухани және экономикалық өркендеуіне қажетті алғышарттарды тудыруда.

Түркітану және тіл теориясы кафедрасы оқытушысы

Ешметова Балжан,

1 курс магистранты Бекмұхамедов Рақымжан

Ары қарай оқу >>

Республикалық олимпиада

01.04.2023

28-30 наурыз аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстанның барлық  жоғарғы оқу орындары қатысқан  X Республикалық студенттік пәндік олимпиадасы өтті. Еліміздің әр өңірінен жиналған жастар республикалық студенттік олимпиада бақ сынады. Бір ерекшелігі, қатысушылар түрлі мамандықтар иесі болып табылады. Жалпы бұл олимпиаданың маңызы – Қазақстандағы ең  үздік студенттердің танымдық қабілеттерін дамыта отырып, өз бетінше білім алуға мүмкіндік береді. Оқу мен оқытудағы жаңа мүмкіндіктерді тиімді ұштастырады.

Түркі халқының қазіргі таңдағы ең өзекті проблемаларын алға қойып отырған, оның дамытуына өзіндік үлесін қосып жүрген ғылыми, жаңа мамандығымыздың бірі «Түркітану» мамандығы бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 2023 жылдың 19 сәуір күні оффлайн форматта Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары студенттер арасында Республикалық олимпиада өтті.

Негізінен, түркітану – түркі тілінде сөйлейтін халықтардың тілін, этнографиясын, тарихын, ауыз әдебиетін, мәдениетін зерттейтін, түркі халықтарының байланысы мен жан-жақты саласында дамуына өзіндік ерекше үлесін қосатын, жаңа, өзіндік маңызы бар ғылым саласының бірі.

Республикалық олимпидаға Қазақстандағы ең үздік деген жоғарғы оқу орнының студенттері қатысты. Бұл үрдіс дәстүрлі түрде қара шаңырағымызда өтуде.

Бұл шараның негізінде, жан-жақтан қатысушы тәлімгерлердің түркітануға көзқарасы әртүрлі екендігін байқап қана қоймай, біреуі тіліне қызықса, біреуі тарихына, біреуі мәдениетіне, біреуі әдебиетіне т.б екендігін, соынмен қатар, студенттердің түркітанудағы ізденетін саласы әрқилы екендігін байқауға болды. Ең бастысы, бұл олимпиададан біз басқа университеттердің студенттері бір-бірімен білім алмасып, олардың ғылымға деген қөзқарастарын білу болды.

Олимпиада екі кезеңнен тұрды, бірінші «Ғылыми жоба» бойынша студент өзі қызыққан тақырып бойынша жобасын қорғады, екіншісі – теориялық сұрақ неігізіндегі студенттердің жалпы білімі мен ғылыми көзқарасын анықтауға бағытталды. Студенттер түркі халықтарындағы салт-дәстүрі мен әшекей-бұйымдары, киім-кешектері бойынша, көне түркі жазба мұраларының зерттелуі, елдің өзіндік ерекшелігін сипаттайтын тілдік байланыстарды жан-жақты зерттеуге, жаңалықтарымен бөлісуге тырысты. Соның ішіндегі ерекше атап өтуге болатыны – студенттердің қазіргі таңдағы көпшіліктің қолдана алатын заманауи мобильдік қосымша негізінде тарихы тереңнен бастау алатын түркі халықтарының маңыздылығы мен ерекшелігін көрсететін ақпараттарды халыққа ұсынудың жолын көрсету болды.

Стартап мобильдік қосымша арқылы көптеген мәліметті жылдам әрі қолжетімді етіп ала алу, тек елімізде емес, барша түркі халықтарының пайдалана алуы түркі халықтары үшін өте маңызды.

Республикалық олимпиада соңында жеңімпаздарға мадақтамаларын сыйлап, нәтижесі бойынша сыйлықтарын ұсынып іс-шараны сәтті тамамдадық.

 

Филология факультеті

Түркітану және тіл теориясының

оқытушысы, Ешметова Б.Б.

Түркітану мамандығының 4 курс студенті  

Фати-Мухаммед Жұлдыз

Ары қарай оқу >>

"Қытай еліне саяхат" іс-шарасы

17.02.2023

17 ақпан күні Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Филология Факультеті Түркология және түркі тілдері кафедрасында факультеттің аға-оқытушысы Сабира Матай және Екі шет тілі мамандығы студенттерінің ұйымдастыруымен
"中国之旅" “Қытай еліне саяхат” 学习中文的目的 атты іс-шара өткізілді.
Іс-шараның басты мақсаты- Қытай елінің мәдениетімен, салт-дәстүрімен студенттерді таныстыру. Қытай тілін үйренуге деген қызығушылықтарын арттыру. Мамандықтарына сүйіспеншілікпен қарау болатын.
Ең алдымен, Қытай еліне саяхат атты іс-шараны бастамас бұрын сөз кезегі, осы іс-шараның ұйымдастырылуына үлкен үлес қосқан, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы Матай Сабира апайға сөз кезегі берілді.
Қытай елінің мәдениеті мен дәстүрі, орналасқан жері, тарихы көрсетілді. Екі шет тілі студенттері Қытай елінің мәдениетінен хабар беретін би биледі. Қытайдың жыл санауы туралы көрермендерге ақпарат берілді. Студенттер Қытай халқының мың жылдық тарихы бар әндерін айтып, барша көрерменнің қошеметіне бөленді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – тәуелсіз еліміздің жоғарғы оқу орындарының арасында шоқтығы биік, қашанда дара тұратын білім ордасы. Екі шет тілі кафедрасында Қытай тілінен басқа түрік, неміс, француз тілдері оқытылады. Қолдауға келген француз тілінде оқитын студенттердің өнерін тамашаланды.
Осымен “Қытай еліне саяхат” атты іс-шара өз мәресіне жетті.

 

Ары қарай оқу >>

"Қазіргі "Ұлы Тұран" шеңберіндегі түркі тілдес халықтардың ынтымақтастығы" тақырыбындағы семинары

16.02.2023

Түркі бірлігінің түп негізі

2023 жылдың 16 ақпан күні сағат 11:00-де Филология факультеті Түркітану және тіл теориясы кафедрасы Ыстамбұл университетінің Түркітану  ғылыми-зерттеулер институтымен бірігіп «Қазіргі «Ұлы Тұран» шеңберіндегі түркі тілдес халықтардың ынтымақтастығы» атты халықаралық ғылыми семинар өткізеді. Түркітану және тіл теориясы кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.д., профессор Авакова Раушангул Амирдинқызының кіріспе сөзінен кейін сөз алған халықаралық семинардың бас баяндамашы ретінде Түркия Республикасы Ыстамбұл университеті Түркітану  ғылыми-зерттеулер институтының профессоры, доктор мырза сөйледі. Өмір Құл мырза «Оспан батыр және шығыс түркістандағы ұлттық күрес (1941-1951)» атты кітаптың авторы, Тұран идеясының негізгі бағыттары мен тарихы, түркі бірлестігі туралы ғылыми зерттеулер жүргізіп жүрген ғалымдарымыздың бірі әрі бірегейі болып табылады.Бас баяндамашы жиынға қатысушы тәлімгерлер, оқытушы-профессор құрамы және қонақтардың сұрақ-жауап бөлімінде бірнеше сауалдарына жауап беру арқылы көптеген маңызды мәліметтерді айту арқылы, тақырыпты тереңнен қамти алды. Жиын соңында сөз алған қонақтардың ішінде М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтынан ф.ғ.докторы, профессор Хамраев Алимжан мырза, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінен ф.ғ.к., доцент Арзиев Руслан мырза кафедра басшылығы мен арнайы келген бас баяндамашыға алғысын білдіріп, түркі халықтарының бірлесе ғылыми бағыттағы жобаларын жасауға әрдайым дайын екендігін, түркітану ғылымының өрісін кеңейтуге ат салысатындығын білдірді. Мұндай жиын барша түркі бірлестігі мен жұртшылығы үшін өте маңызды екендігін ерекше атап өтті. 

Түркітану және тіл теориясы кафедрасының оқытушысы ЕШМЕТОВА Б.Б.

Ары қарай оқу >>

«Қазақстанның кешесі мен бүгіні» атты кураторлық сағат

06.02.2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Филология факультетінде 6 ақпан күні Түркология және тіл теориясы кафедрасының PhD Бүркітбаева Шынарай Дүбірқызының жетекшілігімен Түркіменстан мемлекетінен оқуға келген 1 курс студенттерімен «Қазақстанның кешесі мен бүгіні» атты ашық кураторлық сабақ өтті. Ашық сағатқа Түркология және тіл теориясы кафедрасының оқытушылары Бүркітбаева Шынарай және кафедра меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ешметова Балжан қатысты. Кураторлық сағаттың мақсаты шетелдік студенттерді қазақ елінің мәдениетінен хабардар ету болды. Қатысушыларға «Қазақ» атауының пайда болу тарихынан бастап тарих сахнасындағы қазақ халқының орны, халқымыздың ежелгі және бүгінгі мәдениеті жайында ақпараттар берілді. Жалпы түркі халықтарының рухани мәдениетінің қалыптасу барысы, бөлінісі жайында сұрақтар қойылып, пікірталастар жүргізілді. Студенттер де түбі бір түркі халқы болғандықтан Наурыз сынды ортақ салт-дәстүрлеріміз, ата-бабадан келе жатқан сүттен жасалатын тағамдарымызды талқыладық. Өнер білім дамыған Қазақстанның көрнекті жерлерін, Алматыдағы музейлер мен шетелдік студенттерге рухани әрі ғылыми азық болар театрлар, кітапханалар жайында ақпараттар бердік. Кураторлық сабақты Түркі филологиясы кафедрасының 1 курс магистранттары Әльмахан Ақсұңқар, Кутлымуратова Азиза және Ибрагим Айна тәжірибелік сабақ ретінде жүргізді. Қорыта келе, Түркіменстан мемлекетінен білім іздеп келген студенттерге барынша еліміздің мәдениетін, қазіргі даму жолын, бірлікте түркі халықтарына филолог ретінде қоса алатын үлестерімізді тілге тиек ете отырып, еліміз, тіліміз жайында сан-алуан ақпарат бердік. Әрине, пікір алмаса келе халықтарымыздың қаншалық жақын, бауырмал, көзі ашық екендігіне тағы бір мәрте көзіміз жетті.

Ибрагим Айна

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Түркология және тіл теориясы кафедрасы

Түркі филологиясы 1 курс магистранты

Ары қарай оқу >>

Марапат

03.02.2023

 03.02.2023 жылы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мырза ғылымның дамуына елеулі үлес қосып, ел ертеңі үшін ерінбей еңбек етіп жүрген үздік ғалымдарды марапаттады. Еңбегі еленіп, алғысқа бөленгендердің қатарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түркітану және тіл теориясы кафедрасының  меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Авакова Раушангүл Амирдиновна да бар.   Ұзақ жылдар бойы Қазақстан ғылымы үшін аянбай тер тегіп жүрген Раушан Амирдиновна үздік ғылыми қызметкерлерге арналған мемлекеттік стипендияға әбден лайықты. Раушан Амирдиновна Авакова белгілі тюрколог ғалым. Еліміздегі түркітанулық зерттеулердің ілгерілеуі жолында бірқатар ғылыми жобаларды жүзеге асырып, ғылыми мәселелердің шешімін табу мақсатындағы халықаралық конференциялар мен симпозиумдарда түркі дүниесі ғалымдарының  басын біріктіріп жүрген білікті маман.
Раушан апай ғылымдағы ғұмырында ұрпақ тәрбиесін қатар алып жүрген ұлағатты ұстаз. Профессор Р.А. Авакова қолынан жетектеп ғылымға әкелген шәкірттері бүгінгі таңда отандық тіл білімін дамытуға айтулы үлес қосып келеді.
Ұлағатты ұстаз, дарынды ғалым Авакова Раушан Амирдиновнаға алдағы еңбек жолында алар асулары аласармай, абыройы асқақтай беруін тілейміз!

 

Ары қарай оқу >>

«Түрік бітіг» танымдық дәрісі

29.01.2023

 2023 жылдың 19-қаңтарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Түркітану және тіл теориясы» кафедрасының ұйымдастыруымен рунолог Ерлан Еспенбетовтың «Түрік бітіг» танымдық дәрісі өтті. Дәріске факультет магистранттары, докторанттары мен профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Көне түркі руна жазуының тарихы мен әліпбиі, өзіндік ерекшелігі және түркі халықтарына ортақ құндылығы, ең бастысы, бүгінгі таңдағы өзектілігі сөз болды. Дәріс барысында көне түркі дәуіріндегі ескі әліпбидің консонанттық жүйеге құрылуына ерекше назар аударылды. Бүгінде түбі бір түркі елдеріне ортақ руна жазуын зерттеуге деген ғылыми қызығушылық жоғары. Отандық түркітану саласымен қатар, түркі елдеріндегі кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары соның дәлелі. Осы бағытта Ерлан Еспенбетовтың өзіндік қызықты ой-тұжырымдары тыңдарман қауымға ой салды. Түркі руникалық жазуларын күнделікті өмірде қолданысқа енгізу жолдары мен әдіс-тәсілдері талқыланып (мысалы, жарнама мәтіндерінің тақырыптары ретінде), дәріске қатысушылардың сұрақтарына жауап берілді. Мұндай дәрістердің жас ғалымдар мен оқытушылар үшін берері мол.

Ары қарай оқу >>

“Түркі және Алтайтану институтының” салтанатты түрде ашылуы

23.12.2022

Бүгін әл-Фараби КазНУ тарихында айтулы күн! Бүгін университеттің жанынан “ТҮРКІ және АЛТАЙТАНУ институтының” салтанатты түрде ашылуы болды. Ғылым - қоғам дамуындағы үлкен қозғаушы күш. Осы тұрғыдан түркі дүниесінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асырып, еліміздің ғылыми әлеуетін айқындауда институттың берері мол. Осы институттың ашылуына бірден-бір себепші тұлғалар ректорымыз Жансейіт Қансейітұлына, Түркітану және тіл теориясы кафедрасының меңгерушісі Раушан Амирдинқызы Аваковаға және осы ісшараның басы-қасында жүрген барлық азамат(шалар)тарға ғылымдағы жетістіктеріңізге сәттілік тілеп, бүгінгі қуанышты күндеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз!

Ары қарай оқу >>