Мәдиева Гүлмира Баянжанқызы


Мәдиева Гүлмира Баянжанқызы

1987-1990 жылдар аралығында С.М. Киров атындағы ҚазМУ (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) аспирантурасының күндізгі бөлімінде білім алды. «10.02.02 – қазақ тілі» мамандығы бойынша Шығыс Қазақстан гидронимиясы тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады (1990). Әл-Фараби ат. ҚазҰУ-дың докторантура жүйесінде біліктілікті арттырудан өтті (2002-2005). 2005 жылдың 19 желтоқсанында Гүлмира Баянжанқызы «10.02.19 – тіл теориясы» мамандығы бойынша Қазіргі Қазақстанның ономастикалық кеңістігі: құрылымы, семантикасы, прецеденттілігі, лемматизациясы тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғады. Ғылыми жетекшісі және кеңесшісі – филология ғылымдарының докторы, профессор А.С. Аманжолов

Аспирантураны бітірген соң ҚР ҰҒА А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында ғылыми, кейін аға ғылыми қызметкер лауазымында қызмет етті (1991-1995). 1996 жылдан бері жалпы тіл білімі кафедрасында аға оқытушы, 1997 ж. бері – доцент, 2007 ж. бері – профессор, 2009 ж. бері – жалпы тіл білімі және шетел филологиясы кафедрасының меңгерушісі лауазымында қызмет етіп келеді. Г.Б. Мәдиеваның ғылыми қызығушылығының шеңбері ономастика теориясы, жалпы тіл білімі, лексикография мәселелерін қамтиды. Г.Б. Мәдиеваның жетекшілігімен 1 филология ғылымдарының докторы, 8 филология ғылымдарының кандидаты, 2 PhD докторы даярланды. Г.Б. Мәдиева 4 монография, 3 оқу құралы, 6 оқулық, 8 әдістемелік нұсқаулық, 2 сөздік-анықтамалықты қосқанда 200-ге жуық ғылыми еңбек жариялаған.

Г.Б. Мәдиева бірнеше гранттар иегері болып табылады, атап айтқанда, Сорос-Қазақстан қоры (1998), ИНТАС, «Русский мир» қоры (2008, Мәскеу), Түркия мемлекеті Сыртқы сауда комитеті (2007), «Мемлекеттік тіл және Қазақстан халықтары тілдерінің дамуы» бюджеттік бағдарламасы аясындағы Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат Министрлігі Тілдер комитеті (2007), Эрасмус Мундус (2013). 2008 жылы «ЖОО Үздік оқытушысы – 2008» атағын иеленді.

1998 жылдан бастап Қазақстандық орыс тілі мен әдебиеті оқытушылары қоғамының мүшесі (КАЗПРЯЛ), 2003 жылдан бері КАЗПРЯЛ Кеңесінің мүшесі, КАЗПРЯЛ редакциялық коллегиясы бюллетенінің жауапты редакторы. 2000 жылдан бастап Ф.Ф. Фортунатов атындағы Мәскеу лингвистикалық қоғамының мүшесі, 2000 жылдың тамыз айынан 2001 жылға дейін Д 14 А.01.22 докторлық диссертацияларды қорғау бойынша диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы, 2008 жылдан бері осы кеңестің, Алматы қаласы Әкімдігі ономастикалық кеңесінің мүшесі, Республикалық «Орыс тілі мен әдебиеті. Мектеп, колледж және ЖОО-да оқыту» ғылыми-әдістемелік журналы редакциялық алқасының мүшесі.