Шығармашылық байқау!

23.06.2021

Көрулер: 2555

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ «ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ МЕН ДАМУ БАСЫМДЫҚТАРЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА БАҚ ӨКІЛДЕРІ АРАСЫНДА ӨТЕТІН

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЙҚАУДЫҢ

ЕРЕЖЕСІ

 

1. Жалпы ережелер

1.1. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылым және білім беру саласындағы жетістіктері мен даму басымдықтары туралы журналистер арасында шығармашылық Байқау (бұдан әрі – Байқау) өткізудің осы Ережесі ғылыми-білім беру қызметі, жас ғалымдар мен студенттердің, оқытушылар мен ғалымдардың инновациялық жобалары, ЖОО-ның жетістіктері мен жоспарлары туралы ақпараттарды насихаттау және тарату мақсатында әзірленді.

1.2. Байқау басшылығы: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев.

1) Байқаудың құрылтайшысы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (бұдан әрі – ҚазҰУ) болып табылады.

2) Байқау ұйымдастырушысы – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

1.3. Осы Ереже Байқауды өткізу тәртібін және жобаларды іріктеу шарттарын айқындайды.

 

2. Байқаудың мақсаты мен міндеттері

2.1. Байқаудың мақсаты – журналистік шығармашылықтың үздік үлгілерін анықтау, көпшілікке тарату және қорыту; ҚазҰУ-дың ғылыми-білім беру қызметіне, оқытушы-профессорлар еңбегіне, университеттің жас ғалымдары мен студенттерінің жетістіктеріне журналистер мен жұртшылықтың назарын аудару, қызығушылығын арттыру. Сондай-ақ ҚазҰУ-дың білім және ғылым саласындағы қызметі туралы материалдар жариялайтын журналистерді ынталандыру арқылы отандық журналистиканың дамуына ықпал ету.

2.2. Байқаудың міндеттері:

– ақпараттық кеңістікте ҚазҰУ-дың ғылыми және инновациялық жобалары, білім беру қызметі, студенттері мен оқытушы-профессорлық құрамы жетістіктері туралы үздік материалдарды ілгерілету;

– ЖОО-ның ғылыми-білім беру қызметіне журналистік қоғамдастықтың назарын аудару; ҚазҰУ оқытушылары мен ғалымдарының үздік идеялары мен тәжірибелерін насихаттайтын журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарына қолдау көрсету;

– ҚазҰУ-дың білім және ғылым мәселелеріне арналған БАҚ материалдарының сапасын арттыру;

–     білім беру саласы туралы жазатын қазақстандық БАҚ өкілдерінің рөлі мен жауапкершілігін арттыру.

 

3. Байқауға қатысушылар 

3.1. Байқауға қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері, сарапшылар және жеке авторлар қатыса алады.

3.2. Әр қатысушы тек қана бір өтінім бере алады.

 

4. Байқау басшылығы 

4.1. Байқауды ұйымдастырушы Байқауға жалпы басшылық жасайды (бұдан әрі  – Ұйымдастырушы).

4.2. Ұйымдастырушы:

– осы Ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;

–     қазылар алқасының құрамын және өтінімдерді бағалау жүйесі мен белгілерін бекітеді;

–     Байқаудың өткізілу тәртібін анықтайды және Байқау жеңімпаздарын марапаттауды қамтамасыз етеді;

–     Байқау қорытындыларын бекітеді;

www.kaznu.kz сайтында байқаудың жариялануы туралы ақпарат орналастырады, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Байқаудың қорытындылары туралы ақпарат береді.

4.3. Байқау жеңімпаздарын анықтау мақсатында Ұйымдастырушы қатысушылардан қосымша ақпарат алуға құқылы.

4.4. Байқау жеңімпазын Қазылар алқасы анықтайды.

 

5. Байқауды өткізу тәртібі мен мерзімі 

5.1. Байқауға мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылған,  2021 жылғы 10 ақпаннан 1 қарашаға дейін БАҚ-та жарияланған материалдар қабылданады.

5.2. Бас жүлде – 1 орын (3), 2 орын (3),3 орын (3) жеңімпаздары анықталып, қаржылай және бағалы сыйлықтармен марапатталады.Сондай-ақ ынталандыру жүлдесі тағайындалады.

5.3. Байқауға қатысу үшін:

– Байқауға қатысушылар өз жұмыстарын 2021 жылдың 1 қарашасына дейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Имидждік саясат және қоғаммен байланыс департаментіне тікелей жолдай алады; 

Байқауға қатысушылар өтінімдері мен материалдарын (электрондық түрде) 2021 жылғы 1 қарашаға дейін farabipress@gmail.com электрондық мекенжайына жолдауы тиіс.

5.4.Байқау қорытындысы мен үздік жұмыстарды марапаттау 2021 жылдың қараша айында өтеді.

5.5. Байқауды ұйымдастырушыға өтінімдерді қабылдау уақыты аяқталғаннан соң келіп түскен немесе байқау талабына сәйкес келмейтін өтінімдер байқауға жіберілмейді.

5.7. Байқауға жіберілген материалдарға пікір жазылмайды және қайтарылмайды.

 

6. Байқаудың іріктеу шарттары:

– материалдың Байқау тақырыбына, мақсаттары мен міндеттеріне сәйкестігі;

– автордың шығармашылық көзқарасы, материалдың ерекшеліктері;

– материалдың жаңашылдығы мен өзектілігі, объективтілігі мен дұрыстығы;

– автор көтерген мәселелердің қоғамдық маңыздылығы.

 

7. Байқау өтінімдерін ресімдеу талаптары 

7.1 Байқауға қатысуға өтінім беру қатысушының осы Ережемен белгіленген байқауға қатысу талаптары мен шарттарына келісімін білдіреді.

7.2            Байқауға қатысуға:

– қатысушы өтінімді осы Ереженің 1 қосымшасына сәйкес нысанда толтыруы тиіс;

–     өтінімнің Байқау талаптарына сәйкес келуін растайтын қосымша құжаттар болуы тиіс;

–     бір өтініммен берілген материалдардың саны кемінде 3 жұмыс болуы тиіс.

7.3. Байқауға қатысуға өтінімді байқау ұйымдастырушысына уақыты мен жіберушінің деректерін көрсетіп электронды түрде, сонымен қатар, жабық конвертпен жіберуге болады. Ақпараттық сипаттағы қысқа материалдар байқауға қабылданбайды.

7.4. Байқауға қатысуға түскен өтінімді Ұйымдастырушы өтінімнің келген күні мен уақытын көрсетіп, Байқауға қатысуға тіркейді.

7.5. Байқауға қатысуға түскен өтінім Осы Ережемен қарастырылған талаптар бұзылған жағдайда қабылданбайды және тіркелмейді.

 

Байланыс телефоны: + 7 (727) 377 3148/49

E-mail: farabipress@gmail.com