«Жұмабек Кенжалин – Журналист. Ғалым. Ұстаз. Қайраткер»

05.11.2019

Көрулер: 179

ҚазҰУ мен журналистика факультетінің құрылғанына 85 жыл толуына орай   «Жұмабек Кенжалин – Журналист. Ғалым. Ұстаз. Қайраткер» атты алқасөз өтеді. Бағдарламада «Түлектеріміз – біздің мақтанышымыз» атты студенттердің оқу-демалыс алаңы таныстырылып, Жұмабек Кенжалин атындағы «Баспасөз және жаңа медиа» оқу-шығармашылық зертханасының ашылу салтанаты болады.  Алқасөз жұмысына Жұмабек Кенжалинмен әр жылдары қызметтес болған қоғам және мемлекет қайраткерлері, белгілі журналистер, БАҚ басшылары, ғалымдар, студенттер, магистранттар және PhD докторанттар қатысады.

Кенжалин Жұмабек Омарұлы 1954 жылы 30 желтоқсанда Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Жданов атындағы колхозда туған. 1971 жылы Арқалық ауданындағы Қайыңды орта мектебін бітірген соң, шаруашылықта жұмысшы, электрмен дәнекерлеуші, кейін орта мектептің мұғалімі болып қызмет атқарды.

1973 жылдан – 1975 жылға дейін Қарулы Күштер қатарында қызмет етті. 1981 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін ойдағыдай бітірді. Ол бірқатар Дүниежүзілік және Бүкілодақтық жастар мен студенттердің форумдарына қатысты. Университетті үздік оқып, Лениндік стипендиат атанды. Студент жастардың жетекшілерінің бірі болды. 1978 жылы халық депутаттары Алматы қалалық Кеңесінің депутаттығына сайланды. 1981 жылы «Егемен Қазақстан» («Социалистік Қазақстан») газетінде әуелі тілші, кейін бөлім меңгерушісі, 1986 – 1988 жылдары «Зерде» («Білім және еңбек») журналында жауапты хатшы, бас редактордың міндетін атқарушы, 1994 жылдан «Халық Кеңесі» газетінің бас редакторы болды. 1996 жылдан «Ақиқат» журналының бас редакторы, 1997 – 1999 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметін атқарды.

1999 жылдың маусым айынан 2006 жылдың тамыз айына дейін «Қазақ газеттері» ЖАҚ-ның президенті, бас директоры, 2006 жылдың тамыз бен желтоқсан аралығында «Ана тілі» ұлттық апталығының, 2006 жылдың қараша мен 2009 жылдың ақпан айына дейін «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы қызметтерінде болды. 2009 жылдың ақпан мен 2017 жылдың шілде айы аралығында «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы болып қызмет етті. Ол 2004 жылы «Бұқаралық ақпарат құралдарының қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы рөлі» деген тақырыпта саяси ғылымдарының кандидаты атағын алу үшін диссертация қорғады.

Ж.О.Кенжалин Қазақстан Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминологиялық комиссия мүшесі, XVII шақырылған халық депутаттары Алматы қалалық Кеңесінің депутаты болып сайланды. Ол «Желкілдеп өскен құрақтай» (1988 ж.), «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз» (1998 ж.), «Желкілдеп өскен құрақтай» (2005 ж.), «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері» (2010 ж.), «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа» (2011 ж., 2012 жылы қайта толықтырылып басылып шықты), «Қалам қанаты» (2014 ж.), «Елжандылық мұраты және баспасөз беделі» (2016 ж.) деп аталатын кітаптардың авторы. Ж.О.Кенжалин – Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты (2006 ж.), Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты (1983 ж.), Қазақстан Журналистер Академиясының толық мүшесі-академигі (2001 ж.), Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері атақтарына ие болып (2004 ж.), «Құрмет» орденімен (2009 ж.), Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» медалімен марапатталды (2011 ж.). Ол Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі болды. 2018 жылы Жұмабек Омарұлының құрметіне және оны еске алу мақсатында «Серке сөздің сардары» кітабы шықты.

Өтетін орны және уақыты: 9 қараша, Алматы қ., әл-Фараби даңғылы 71, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультеті, №222 Жұмабек Кенжалин атындағы «Баспасөз және жаңа медиа» оқу-шығармашылық зертханасы, басталуы сағ. 11:00.

Байланыс: Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, с.ғ.д., профессор Сұлтанбаева Гүлмира Серікбайқызы, +727377-3333, ішкі 1492; +77011527488, +77073777049 E-mail: Gulmira.Sultanbayeva@kaznu.kz