Тайван телеарнасы шығыстану факультетінде арнайы репортаж түсірді

07.02.2014

Көрулер: 3883

Тайван журналистері жалпы шығыстану факультетінің құрылу тарихымен танысып, факультеттегі кафедраларды, оқу аудиторияларын, оқу залдарын, лингофон және видеокабинеттерді аралап, факультет басшылығымен, оқытушылармен, студенттермен жолығып, тілдесті.

Факультет жанында құрылып жатқан «Шығыс музейі» Тайвандық қонақтардың үлкен қызығушылығын туғызды. Олар қысқа ғана уақыттың ішінде осынша көп және құнды жәдігерлер жиналған музейді де таспаға тартты. Осы істің басы-қасында жүрген қытайтану кафедрасының доценті Дәулетова Фатима «Шығыс музейінің» құрылуы туралы тыңғылықты әңгімелеп берді.

Соңынан Тайвандық тележурналистер қытайтану кафедрасының доценті Дәулетова Фатиманың қытай тілі сабағына қатысты. 1 курс магистранттары қатысқан сабақ өте тартымды өтті. Formasa television телеарнасының репортеры Хуаң Чиң И қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілінде еркін сөйлейтін студенттерден сұхбат алды. Төрт тілді меңгерген, төрт тілде еркін сөйлейтін магистранттар тіл меңгеруге қатысты, тіл игерудегі ұлттың ерекшелігіне қатысты өз ойларын ортаға салды.

Өз кезегінде қытайтану кафедрасының жетекшісі Батпенова Зәуре Сейдуллақызы университеттегі, факультеттегі қытай тілін оқыту мәселесіне және университетіміздегі соңғы кезде болып жатқан оң өзгерістер жайлы журналистерге сұхбат берді.

Тайвандық журналистер шығыстану факультетінен үлкен әсермен аттанды.