Қазақ-қытай достығына арналған мәдени іс-шара өтті

28.02.2023

Көрулер: 828

     

      2023 жылдың 27-ақпан күні «Шығыс әдебиеті» баспа компаниясы мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті Қытайтану кафедрасының бірлесіп ұйымдастыруымен Заманауи қытай жазушысы Ван Мэннің «Әсем көріністі өлке» атты шығармасының қазақ тіліндегі аудармасының тұсаукесері және Қытайтану кафедрасы оқытушылары еңбектерінің көрмесі өтті. Бұл іс-шара «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 10 жылдығы және Қытай мәдениеті күні аясында ұйымдастырылды. Осы іс-шараға қатысу үшін арнайы Қазақстанға ұшып келген «Шанс» халықаралық медиа тобы мен «Шығыс әдебиеті» баспа компаниясының құрылтайшысы, бас директоры Му Пин мырза қатысты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында ұйымдастырылған жиынға Қытай мен Қазақстанның мәдениет өкілдері, ақын-жазушылар, қытайтанушы ғалымдар мен студенттер қатысты. Кітапхананың фойесінде ұйымдастырылған көрмеге «Шығыс әдебиеті» баспасынан шыққан кітаптар мен Қытайтану кафедрасы оқытушыларының соңғы кезде жарық көрген еңбектері қойылды. Одан бөлек сол жерде қытайдың иероглиф жазу, көркемдеп қағаз қырқу өнерінен шеберлік сабақтар ұйымдастырылып, қытайдың дәстүрлі шәй демдеу өнері көрсетілді. Жиынның ресми бөлігінде құттықтап сөз сөйлеп, өздерінің шынайы жүрек жарды лебіздерін білдірген арнайы шақырылған қонақтардың ішінде Алматы қаласындағы ҚХР Бас консулының орынбасары Чжун Хуа ханым, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Д. Мәсімханұлы, Қазақстан Жазушылар одағы аударма секциясының төрағасы, жазушы, аудармашы Заманбек Әбдешұлы мырза, ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының төрағасы Ә. Қойтанов мырза, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары Төрәлі Қыдыр мырза, ҚР Ұлттық кітапханасының өкілі, кітапханашы Қамия Қадай ханым болды.Жиынның атап өтер бір ерекшелігі кітаптың авторы, Қытайдың атақты классик жазушысы Ваң Мын мырзаның қазақ тілінде жасаған бейнебаяндамасы болды. «Жаңа әлем» баспасының директоры Ли Чунькай мырза да бейнебаянмен Қытайдан арнайы сәлем жолдады.  Екі ел арасындағы достық қарым-қатынасқа өлшеусіз үлес қосып жүрген қытайлық қайраткерлердің сөзін, залға жиналған қауым жылы лебізбен қабылдады. Шынайы қарым-қатынасқа құрылған бұл іс-шара өте жоғары деңгейде өтті. Қытай мен Қазақстан халықтарының бір-бірін жақынырақ тануға, мәдени байланыстардың бұдан да ары жандануына, екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың дамуына осындай іс-шаралардың қосар үлесі зор екені сөзсіз.