Қазақстан жапон тілі оқытушылары қауымдастығының жаңа төрағасы тағайындалды

29.11.2022

Көрулер: 846

 Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынастар жыл сайын дамып, нығайып келеді. Соңғы жылдары екі мемлекеттің білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығы күшейіп, екі елдің студенттері, оқытушылары және ғалымдарына арналған түрлі гранттық бағдарламалар, бірлескен ғылыми зерттеулер, академиялық алмасулар және тағылымдамалардан өтуге мүмкіндіктер көбеюде. Білім саласындағы өзара байланыстардың нығаюында Қазақстан жапон тілі оқытушылары қауымдастығының сіңірген еңбегі зор.

         Қазақстан жапон тілі оқытушылары қауымдастығы (KazJLTA) - 1998 жылы құрылған ерікті бірлестік. Бірлестіктің миссиясы Қазақстан Республикасында және Орталық Азия елдерінде жапон тілін оқытуды дамыту және жапон мәдениетінің барынша кеңінен таралуына ықпал ету болып табылады. Бірлестік іс-шараларына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абылайхан атындағы ҚазХҚжӘТУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ сияқты ЖОО-лардың жапон тілінің оқытушылары, сонымен қатар Қазақстан жапон орталығы мен Қазақстандағы Жапония елшілігінің қызметкерлері қатысады. Бірлестіктің негізгі қызметі – жапон тілінде жыл сайынғы республикалық және Орта Азиялық шешендік өнер байқауларын ұйымдастыру, жас және тәжірибелі ұстаздардың тілді меңгеру деңгейін көтеру, түрлі семинарлар арқылы оқытушылардың ұстаздық шеберлігін арттыру. Сондай-ақ, маңызды міндеттердің бірі – Қазақстан мен Жапония арасындағы өзара түсіністікті тереңдету және достық қарым-қатынасты сақтау.

         Айына бір рет бірлестік мүшелерінің жалпы жиналысы өткізіледі. Қауымдастық мүшелерінің қараша айындағы отырысының күн тәртібінде бірнеше маңызды мәселе қаралды. Соның ішінде Қазақстан жапон тілі оқытушылары қауымдастығының жаңа төрағасын тағайындау туралы мәселе талқыланды. Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың қараша айына дейін бірлестік төрағасы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қиыр Шығыс кафедрасының аға оқытушысы Боранқұлова Самал Кеңесовна болды. Отырыс нәтижесінде бірлестіктің жаңа төрағасы болып Қазақ-жапон орталығының жапон тілі курстары бөлімінің меңгерушісі, Канбалаева Чолпон тағайындалды. Осы орайда, жаңа төрағаға жұмысына жан-жақты табыс, болашаққа деген сенім, бақ-береке мен тұрақтылық, сондай-ақ алдағы уақытта алға қойған барлық мақсаттардың жүзеге асуын тілейміз!

         Бірлестікке мүше болып жүрген ұстаздардың көпшілігі бір-бірін ұзақ жылдар бойы жақсы таниды. Олар бірлестік қызметін дамытудың алдағы жоспарларын үнемі талқылап отырады. Жапон тілінің білім беру саласын дамытуға қосқан үлестерін және жапон мәдениетін елімізде насихаттаудағы ұстаздық рөлін сезіне білген жаңа жас түлектердің бірлестікке қосылуы да көңілге қуаныш ұялатады. Көп жылдар ұстаздық еткен оқытушылар әрқашан өз тәжірибесімен бөлісуге және жинақталған білімдерін жапонтанушылардың жаңа буынына беруге дайын. Бірлестік мүшелерінің арасында бір-біріне деген ілтипат, сыйластық, ізгі ниет сияқты достық, сенімді қарым-қатынастар қалыптасты. Әрбір оқытушының оптимистік көзқарасы мен жауапкершілігі жапон тілін үйренушілерге өз армандарына жетуге, екі ел арасындағы достық қарым-қатынастардың дамуына өз үлестерін қосуға, мемлекеттер арасындағы біріктіруші көпір болуға оң әсерін тигізетіні сөзсіз.

         Қазақстанда жапон тілін оқытуды одан әрі дамыту және жапон мәдениетін тарату үшін қауымдастық құрамына кіретін мекемелер арасындағы өзара тығыз байланыс пен ынтымақтастықтың болуы ерекше мәнге ие. Сондай-ақ қауымдастық мүшелерінің ұйымдасқан және жақсы үйлестірілген түрде өз жұмыстарын жалғастыра беруі де маңызды. Осыған орай, қауымдастық мүшелердің жұмысы оңтайландырылып, мамандардың жауапкершілігі мен құрамына қосымша өзгерістер енгізілді. Келесі жылы - Қазақстан жапон тілі оқытушылары қауымдастығының құрылғанына тура 25 жыл толады. Бірлестік мүшелері отандық жапонтану бағытында осы жылдар ішінде біршама жұмыстар атқарды. Ендігі жерде KazJLTA алдына қойып отырған негізгі міндеттері – болашақта жапон тілін оқытуды дамыту эстафетасын лайықты алып жүру, қолда бар нәтижелерді сақтау, әрі арттыру және бірлестік қызметінің негізгі бағыттарын жетілдіру.

Қауымдастығымыздың есігі жаңадан келген ұстаздар үшін әрқашан ашық!!!

Барлық сұрақтар бойынша nihongo.kz@gmail.com электронды мекенжайына хат жолдау арқылы біле аласыз. 

Қиыр Шығыс кафедрасының аға оқытушысы Тазабекова Г.Б.